Associated Press агенттігі Киевте үкімет ғимараттары орналасқан жақтан атыстың дыбысы естілгенін хабарлады
Алматыда Украинаны қолдау акциясы өтті
25 ақпанда Ресейдің Алматыдағы бас консулдығы алдына тағы белсенділер жиналды. Бұл жөнінде Orda және Vlast сайттары хабарлады.
Полиция консулдық қақпасына ілінген Ресей басшысы Владимир Путиннің суреті бар түрлі балағат сөздер жазылған қағазды бірден алып тастаған.
"Ресей, Украинадан қолыңды тарт" деген жазуы бар қызыл түсті плакат ұстаған құқық қорғаушы Андрей Свиридов Orda.kz сайтының тілшісіне:
"Кешеге дейін соғыс болады дегенге сенген жоқпын. Әскер жинап, қорқытып қана қояды деп ойладым. Кешенің арғы күні олар Луганск мен Донецк облысын бақылауға алуы мүмкін шығар дедім. Бірақ бүгінгідей таңғы сағат төртте дәл 1941 жылғы сияқты Киевті бомбалайды деген нәрсе үш ұйықтасам түсіме кірмеген" деді.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері болған. Адамдардың ұсталғаны туралы ақпарат болған жоқ.
25 ақпанда түсте Нұр-Сұлтанда Ресей елшілігі алдында Украинадағы соғысты тоқтатуды талап еткен ЖСДП мүшесі Талғат Омаровты полиция ұстап әкетіп, кейіннен босатқан еді.
Украинаның әр қалаларында жұрт әскери военкоматтарда кезекте тұр, олар елін қорғағысы келеді деп хабарлады УНИАН агенттігі.
Бұған қоса, Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, жүздеген депутат қажет болса Киевті қорғауға дайынбыз деп қолына қару алған.
БҰҰ Украинада кемінде 25 бейбіт азамат қаза болғанын, кемінде 127 адам атыс немесе әуе соққысы кезінде жараланғанын хабарлады. Бұл жөнінде BBC агенттігі жазды. Халықаралық ұйым ақпарат жетіспегендіктен қаза болғандар мен жараланғандар әлдеқайда көп болуы мүмкін деп болжайды.
ПІКІРЛЕР