Қазірге дейін не белгілі?
Азаттықтың жазбаша трансляциясына енді ғана қосылсаңыз, Украинадағы соғыстың бесінші күні не болып жатқанын қысқаша шолып шығыңыз:
- Беларусьте Украина мен Ресей делегациясы арасында келіссөз басталды. Келіссөздегі талқы атысты тоқтатып, Ресей әскерін Украинадан шығару болмақ.
- Украина тарапы Ресей Харьков қаласына шабуылдап жатқанын, "ондаған адам қаза тауып, жүздеген адам жараланғанын" хабарлады.
- Украина президенті Владимир Зеленский Еуропа одағынан Украинаны осы одаққа қабылдау процесін бастауды сұрады. Бұған қоса, ол Ресей әскерилерін қаруларын тастап, Украинадан кетуге шақырды.
- Киевте бірнеше рет дабыл қағылды.
- Ресейге салынған санкциялардан соң бір доллардың құны 100 рубльден асып кетті. Қазақстанда бір доллар 495 теңге болды.
- Украина тарабы 5300 ресейлік әскери қаза тапты деп мәлімдеді. Мәскеу әскерилері қатарында қаза болғандар барын мойындағанымен, нақты санын жарияламай отыр.
- БҰҰ есебінше, соғыс басталғалы 495 мың украиналық көрші елдерге босып кеткен.
Харьковта атыс жалғасып жатыр
Украина тарабы Харьковта атыс әлі жалғасып жатқанын айтады. Елдің төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік қызметі Харьковтағы шабуылдан зардап шеккен 31 адам ауруханаға жеткізілгенін мәлімдеді.
Харьков облысы әкімшілігі осы облыстағы Южный қаласының мэрі Александр Брюханов, оның орынбасары, жергілікті полиция бөлімшесінің жетекшісі мен тағы бір инспекторы "мемлекетке сатқындық жасады" деген айыппен ұсталғанын хабарлады.
"Жеріміздің бір сантиметрін де бермейміз. Бұл – жай ғана сөз емес. Әскерилер сатқындық жасаған бұл адамдарды адамгершілік танытып, өлтірген жоқ. Алда ұсталған жерде ататын болады" деді Харьков облысы әкімшілігі басшысы Олег Синегубов.
Халықаралық олимпиада комитеті спорт федерацияларына Ресей мен Беларусь спортшыларын жарыстарға қатыстырмауға шақырды. Егер жарысқа қатысатын болса бұл елдің спортшылары "нейтрал атлет" ретінде тусыз, гимнсіз жеке спортшы ретінде шығуы тиіс.
ХОК спорт федерацияларынан Ресей мен Беларусьте қандай да бір спорт жарысын өткізбеуді сұрады.
Саяси шиеленістерде өзін бейтарап ұстайтын Швейцария Еуропа одағының Ресейге салған санкцияларына қосылып, Ресей ұшақтары үшін әуесін жапты. Осылайша Швейцария 1815 жылдан бері алғаш рет бейтарап статусын бұзды.
ПІКІРЛЕР