Қазақстанда мектеп жасындағы қыздарға адам папиломмасы вирусына (АПВ) қарсы екпе салу жөнінде ақпараттық науқан жүріп жатыр. Бұл – онкогенді, яғни, қатерлі ісік туғызатын вирус. Бұл вирустан көбіне жатыр мойны және сыртқы жыныс мүшелерінің қатерлі ісігі пайда болады. Вакциналау қыркүйекте басталады. Азаттық тілшісі ата-аналармен өткен кездесуге қатысып, онколог дәрігермен сөйлесіп, денсаулық сақтау министрлігінен пікір алды, екпе тақырыбын жан-жақты талдап көрді.
"ВАКЦИНА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?"
Оралдың тыныштау ауданында орналасқан орта мектептің акт залы. Жұмыс күні аяқталған. Бесінші сынып оқушыларының ата-анасы жиналып отыр. Ондаған кісі арасында әйел көп, бірнеше әке де келіпті. Олар мектепке қыздарға адам папиломмасы вирусына қарсы екпе салу жоспары жайлы білуге келген.
Ата-аналармен кездесуге жақын маңдағы емхананың иммунолог дәрігері келді. Жиынға мектептегі медбике де қатысты. Олар вирус жайлы ақпарат беріп, вакциналаудың маңызын түсіндірді.
Ата-аналардың көбі екпеге сенбейтінін айтты. “Әлі кіп-кішкентай ғой”, “Не болса, соны саласыңдар, сосын ауру болады”, “Қатерлі ісікті осы вакцина туғызады” деп шулады.
Иммунолог дәрігер ата-аналардың бар сұрағына жауап бере алмады. Маман кездесуде болуы керек дәрігерлер түгел келмегенін айтты. Онколог немесе балалар гинекологы болса, вирус пен вакцинаның баланың ағзасына қалай әсер ететінін толық түсіндіріп берер еді.
10 жастағы Софияның анасы Анар Муслимова (өзінің сұрауы бойынша аты-жөні өзгертілді) қызына вакцина салдырмауға бекінген.
– Танысым Санкт-Петербургтегі дәрігермен вакцина туралы сөйлесіпті. Ол “балаларға вакцина салуға болмайды, кейін қыздар бала көтере алмай қалуы мүмкін” деген. Ағзасы толық қалыптаспаған, әлі менструациясы келмеген 11 жастағы қызға қалай екпе салатындарын түсінбеймін. Баламды зертханалық сынаққа беріп жатқандаймын, – дейді Анар Муслимова.
Ата-аналардың дәрігерлер жауабына көңілі толған жоқ. Көп сұрақ жауапсыз қалды.
– Вакцина қалай әсер етеді? Қазіргі балалардың иммунитеті төмен. Экология нашар, көбі коронавируспен ауырды. [Коронавирус] вакцинасынан кейін бәрі әлсіреп қалды. Сондықтан, келіспеймін. Балам кейін тексеруден өтеді, бірақ вакцина салғызбаймыз, – деді Анар Муслимова.
Мұндай жиындар – оқушы қыздарға жаппай АПВ вакцинасын салудың қарсаңында жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру науқанының бір бөлігі. Вакцина 11 жастағы қыздарға салынады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, вакцинация екі кезеңде жүреді, араға жарты жыл салып, екінші екпе салынады.
Бұл – елде АПВ вакцинасын жаппай салуға екінші талпыныс. Біріншісі 2013-2015 жылдары болған. Ол кезде Алматы, Астана, Атырау, Павлодар облыстарында пилоттық режимде 12-14 жастағы қыздарға салған. Павлодар облысында екі қыз вакцинадан кейін есінен танып қалған. Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы зерттеу жүргізіп, мұндай реакция препаратқа емес, екпені қалай салғанына байланысты туған деген қорытындыға келді. Бірақ қыздар есінен танып қалды деген хабардан кейін ата-аналардың көбі екпеден бас тарта бастады. Вакциналау науқаны сәтсіз аяқталды. Бір қыздар жоспарлы үш вакцинаның біреуін ғана алды, екінші топ екеуін, кейбірі үшеуін де салғызды.
ЕКІНШІ ТАЛПЫНЫС
Араға он жыл салып, Қазақстан үкіметі АПВ екпесін салуды қайта қолға алды. Денсаулық сақтау министрлігі бұл жолы вакциналау алдында үлкен ақпараттық науқан жүргіземіз, ата-аналарға екпенің маңызын түсіндіреміз деген.
"Қазір адам папиломмасы вирусына қарсы вакциналауға дайындық мәселесі мұқият қаралып жатыр. Халық арасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ, СДС (АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары – ред.) сияқты халықаралық ұйым сарапшылары, онколог, гинеколог және басқа да мамандардың қатысуымен белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", – делінген денсаулық сақтау министрлігінің ресми жауабында.
Үкімет вакциналаудың бірінші науқаны сәтсіз аяқталуына ата-аналар мен балаларға түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі себеп болды деп есептейді.
Қазақстандықтар АПВ туралы аз білетінін жергілікті дәрігерлер де мойындайды. Онколог-маммолог дәрігер, Батыс Қазақстан облыстық онкологиялық диспансері директорының сапаны бақылау бойынша орынбасары Зибагүл Бағжан ата-аналардың балаларына вакцина салғызудан бас тартуына сенімді деректердің жетіспеуі әсер етеді дейді.
Адам папиломмасы вирусы тез тарайды, көбіне жыныстық жолмен беріледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 95 пайыз жағдайда вирус әйелдерде қатерлі ісік туғызады. Әсіресе, жатыр мойны, вульва, қынап пен анал тесігінің обыры жиі кездеседі. Адам папиломмасы вирусы туғызатын аурулардан қорғанудың жалғыз жолы – вакциналау. Дәрігерлер екпені жыныстық қатынасқа түспей тұрып салдыруға кеңес береді.
– [11 жас] – тамаша жас. Өйткені бұл кезде ағза қалыптаса бастайды, бірақ жыныстық өмір басталмайды. Адам папиломмасы вирусы ағзаға түспеген, өйткені контакт жоқ. Осы кезде қыздарға вакцина салсақ, ағзада иммунитет қалыптасады. Екпе вирустан пайда болатын қатерсіз ісіктер мен жыныстық жолмен берілетін инфекциялардан да қорғайды. Бұл қыздардың болашағын құтқарады, – дейді маман.
АПВ вакцинасын жоспарлы түрде салынатын екпелер тізіміне қосқан елдер жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр.
– Әлем елдері 2006 жылдан бері адам папиломмасы вирусына қарсы 500 миллион доза екпе салып, оны ұлттық вакцинация күнтізбесіне енгізді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында вакцинаға ауыр реакция тіркелмеген. АҚШ-та адам папиломмасы вирусына қарсы екпе салған 11 жылда вирустың таралуы 81 пайызға азайған, – дейді Зибагүл Бағжан.
Дәрігер Қазақстанда адам папиломмасы вирусына қарсы жүргізілген бірінші вакцинация науқаны өз нәтижесін берді дейді.
– Екпе салғызған 17 мың қыздың арасынан 1129 адамды таңдап алған. Дәл солай вакцина салдырмаған әйелдерді жинап, екі топқа ғылыми зерттеу жүргізген. Вакцинасы бар қыздар тобында (көбі тұрмысқа шығып, бала туып үлгерді) венерологиялық немесе қатерлі ісік алды аурулар табылмады. Екпе салғызбаған әйелдерде жатыр мойны дисплазиясы сияқты аурулар анықталды, – дейді маман.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағдарламасына сәйкес, 2030 жылға қарай 9-14 жас аралығындағы қыздардың 90 пайызына вакцина салу керек. “Бұл болашақта екпе алған қыздар мен олардың балаларын адам папиломмасы вирусы мен қатерлі ісіктен сақтайды" дейді Зибагүл Бағжан. Ол кей елдерде вакцинаны ұлдарға да салатынын, бірақ әйелдерде онкологиялық ауру қаупі жоғары болғандықтан, қыздарға басымдық берілетінін айтады.
ЕРІКТІ ТҮРДЕ ЖӘНЕ ЖАЗБАША КЕЛІСІМ АРҚЫЛЫ
Денсаулық сақтау министрлігі қыздарға ата-анасына ақпарат беріп, балалардың денсаулығын тексергеннен кейін ғана вакцина салынатынын хабарлады. Одан бөлек, вакцинаны ерікті түрде емханада салғызуға болады. Екпе тегін жүргізіледі.
"Адам папиломмасы вирусына қарсы вакцина қауіпсіз әрі тиімді. Екпені иммунитеті әлсіз адамдарға да салуға болады. Профилактикалық екпеден кейін ағзада уақытша жеңіл реакциялар болуы мүмкін. Адам папиломмасы вирусына қарсы вакцина ағзаның репродуктивті қызметіне әсер етпейді", – деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрлігі.
Қазақстан адам папиломмасы вирусының қатерлі ісік туғызатын ең агрессивті төрт түрінен (6, 11, 16, 18 типтер) қорғайтын америкалық вакцинаны сатып алуды жоспарлап отыр. Препарат сатып алуға бюджеттен 9,7 милиард теңге (қазіргі бағам бойынша 20,2 миллион доллар) бөлінеді. Оған екпенің 351 мың дозасын сатып алады.
"Әлемдік деңгейде адам папиломмасы вирусына қарсы вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденген. Бұл екпе 15 жылдан бері әлемнің 135 елінде қолданылады. Оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстан бар. Адам папиломмасы вирусына қарсы жасөспірім қыздар арасында вакцинация жүргізу тиімділігін көрсетті. Австралияда вакцинацияның арқасында адам папиломмасы вирусының әйелдер арасында таралуы 90 пайызға қысқарған", – дейді денсаулық сақтау министрлігі.
Қазақстанда жатыр мойны облысы әйелдер арасында таралған онкологияялық аурулар қатарында екінші орында тұр. Бірінші орында – сүт безінің қатерлі ісігі. Кейінгі бес жылда елде жатыр мойны обырынан 3 мыңға жуық әйел қайтыс болған.
Адам папиломмасы вирусына қарсы вакцинация оқу жылы басталғаннан кейін қыркүйекте жүреді деп жоспарланған. Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, екпені жас қыздарға ерікті түрде, ата-анасының немесе заңды қамқоршысының жазбаша келісімі болғанда ғана салады.
ПІКІРЛЕР