Accessibility links

"Халық қаламаған соғыс" кезіндегі Ауғанстан қазақтары


Совет-ауған соғысы барысында қираған совет әскери техникасының қалдығы. Ауғанстан. 2015 жылғы 5 мамырда түсірілген фото
Совет-ауған соғысы барысында қираған совет әскери техникасының қалдығы. Ауғанстан. 2015 жылғы 5 мамырда түсірілген фото

45 жылдай бұрын Ауғанстанға совет әскерінің "шектеулі" контингенті енгізілуі оған қарсы соғыстың тұтануына себеп болды. Арада 10 жылдай уақыт өтіп, Совет одағы әскерін әкеткенімен, Ауғанстанда азамат соғысы басталды. Бұл туралы ауғандықтар не дейді, ауған қазақтары белсендісінің пікірі қандай? "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизоды осы туралы болмақ.

Совет-ауған соғысы кезіндегі Герат қазақтары
please wait

No media source currently available

0:00 0:35:46 0:00

Совет-ауған соғысы (1979-1989) кезінде Азаттық радиосы хабарларында соғыстың зардаптары мен оның саяси салдары жайлы жиі айтылатын.

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорында сол хабарлардың кейбірінің жазбаша нұсқасы сақталған.

Азаттық радиосының Орта Азия және Қазақстан діни басқармасы ұйымдастырған Ташкент конференциясы туралы 1981 жылғы 16 маусымдағы хабарының жазбасы. Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қоры
Азаттық радиосының Орта Азия және Қазақстан діни басқармасы ұйымдастырған Ташкент конференциясы туралы 1981 жылғы 16 маусымдағы хабарының жазбасы. Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қоры

1979 жылы Совет одағы Ауғанстанға әскер енгізгеннен кейін әзірленген Азаттық хабарларының бірі "Ауғанстанда 1978 жылы көкек айында болған төңкеріс ["Сәуір төңкерісі" деген атпен белгілі] және 1979 жылдың желтоқсан айында совет қарулы күштерінің басып кіруі Ауғанстан жұртшылығын күйзеліске ұшыратып, мүмкіншілік тапқандардың шет елдерге қашқандығы – баршаға белгілі факті. Өз елінен қашып, шет елдерде жан сауғалап жүрген ауғанстандық эмигранттарды Ауғанстанмен көршілес және өзге де коммунистік емес елдердің көбінен кездестіруге болады", – деп басталады.

Азаттық радиосы 1981 жылғы маусым айындағы бір хабарында Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 1980 жылы Ташкентте ұйымдастырған "мұсылман елдері жиналысына" санаулы ел болмаса, дүние жүзі ислам елдерінің бойкот жариялағаны айтылған. Оның себебі ретінде "Ауғанстанға жасалған совет басқыншылығы" аталады.

Совет-ауған соғысы кезінде Азаттық радиосының Ауған қызметінің күнделікті тақырыбы да осы соғысқа арналды. "Азат Ауғанстан" радиосы атымен эфирге шыққан радио бағдарламаларында Ауғанстан мәселесіне қатысты тараптардың сұхбаттары жиі берілген. Сол кездегі радиоқойылымдарда да Совет одағының Ауғанстанға басқыншылығы сөз болған.

Басқыншылыққа қарсы күрескендерді жергілікті халық "мұжахед" деп атады. Совет әскері оларды "душман" дейтін.

Совет әскеріне қарулы қарсылық танытқан мұжахедтер Кунар уәлаятындағы тауда, Ауғанстан. 1980 жылы мамырда түсірілген фото
Совет әскеріне қарулы қарсылық танытқан мұжахедтер Кунар уәлаятындағы тауда, Ауғанстан. 1980 жылы мамырда түсірілген фото

СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ СОҒЫСТЫҢ БАСТАУЫ

"Азат Ауғанстан" радиосы 1988 жылы желтоқсан айында совет әскерінің осы елге кіргеніне 9 жыл толғанына бағдарлама арнайды.

"Биыл Совет одағының біздің ислам жеріне басқыншылық жасағанына 10 жылға ұласып барады. 9 жыл бұрын дәл осы күні Кремльдің өктем басшылары біздің қымбатты еліміздегі өздерінің қуыршақтарын қорғау үшін тікелей басқыншылық жасап, әскер енгізу жөнінде шешім қабылдады. Алайда олар небір қырып-жоятын қаруға ие бола тұра өздерінің қуыршақ билігін қорғамақ тұрмақ, күннен күнге жеңіліс тауып, тойтарысқа ұшырады. Дұшпан бишара халге түсті. Ауғанстанның жігері жасымаған мүмін халқы олардың аяғын аспаннан келтіріп, тізе бүктірді. Елдің қазіргі тарихында оныншы жылға ұласқан бұл соғыс жойқын апат әкелді. Осы кезде әлем халқы материализмге негізделген күштің иман мен сенім алдында жер жастанғанын көріп отыр. "Азат Ауғанстан" радиосы осы апаттың кезекті жылдығына орай Ауғанстан халқына көңіл айтып, қасық қанымен басқыншылықты тоқтатқан шәхидтерге дұға арнап, олардың артында қалғандарға сәттілік пен жақсылық тілейді".

"Азат Ауғанстан" радиосының 1988 жылғы 27 желтоқсандағы хабары осылай басталады.

1979 жылы желтоқсанда совет әскері шабуылдап, қиратқан Ауғанстан басшысы Хафизулла Аминнің сарайы. Совет одағы басшылығы Аминді өлтіру міндетін қойған құпия операция "Шторм-333" деп аталған.
1979 жылы желтоқсанда совет әскері шабуылдап, қиратқан Ауғанстан басшысы Хафизулла Аминнің сарайы. Совет одағы басшылығы Аминді өлтіру міндетін қойған құпия операция "Шторм-333" деп аталған.

Ал Ауғанстаннан совет әскерінің шығарылғанына 25 жыл толған кезде, яғни 2014 жылы бұл радио Ауғанстан соғысы туралы елдегі белгілі тұлғалардың бірі Лутфолла Хақпарастан сұхбат алған. Ол Совет одағына меңзеп былай деген:

"Орыстарды Ауғанстан халқы еш ұмытпайды. Өйткені ауған халқы осы соғыс арқылы өздері қаламаған соғысқа араласты. Бұл соғыс жай соғыс емес, саяси соғыс, экономикалық соғыс, тіпті мәдениет саласындағы соғысқа айналды. Ауғанстанға совет әскерінің енуі өте бір қаралы күн болды. Совет қосындары келіп, Ауғанстанды өзі қаламаған соғысқа салды да жіберді. Ауған халқы сол кезде совет қосындарына қарсы жихад-майдан бастады".

Лутфолла Хақпараст елдегі шетелдік күшке сүйенген билік тақтан тайса да, оның салдары соғыстан кейінгі соғыстарға себеп болғанын айтады.

"Жатжұрттықтардың сонша жоспар-жобасы жүзеге аспай, осы елден масқара болып шықса да, ауғандықтар өздері қаламаған тағы бір соғыспен бетпе-бет келді. Жатжұрттықтар өздерінің артынан Ауғанстанда қатерлі ісік – саратан қалыптастырып кетті. Халық арасында қауымдық, партиялық жік-жікке бөліну сол саратанның әсері. Егер ауған халқы жіті қарап, қырағылықпен зер салып, соны жеңсе, сөз жоқ жемісін береді", – дейді ауғанстандық соғыс ардагері Лутфолла Хақпараст.

Ауғанстаннан шығып бара жатқан совет әскері. Герат, 1988 жыл.
Ауғанстаннан шығып бара жатқан совет әскері. Герат, 1988 жыл.

"СОВЕТ ӘСКЕРІ КЕТТІ ДЕГЕНДЕ ЕШКІМ СЕНБЕДІ"

Биыл, 2024 жылғы 15 ақпанда Ауғанстаннан совет әскері шығарылғанына 35 жыл толғанда, соғыс кезінде майдан даласынан және босқындар лагерінен хабар таратқан журналист, Ауғанстанның медиа-саласындағы белгілі тұлға Хамед Элми бір кездегі "Азат Ауғанстан", қазіргі Азади радиосына берген сұхбатында қызыл әскердің ауған жерінен шығарылғанын еске алды.

"Ол кезде Пәкістандағы босқындар лагерінде едім. Ауғанстан топырағынан Совет одағының соңғы әскері кетті дегенде әуелде ешкім сенбеді. Бұл шынында да сонша соғыстан кейін адам сенбестей оқиға еді. Лагерьдегі адамдар тек түс ауа осы хабарға илана бастады. Әлі есімде, сонда әйелдер шығып, айнала үй аралап, халық бір-бірін құттықтап, мәз-мәйрам болды. Дегенмен ертең не болады деген алаңдаушылық пен белгісіздік бар еді. Бұл соғыс бір-біріне мүлде сәйкес келмейтін күштердің теңсіз соғысы болды. Мұжахедтер қандай құралмен соғысты, совет әскері қандай қарумен келді? Тіптен салыстыруға келмейді. Әскери тікұшақтар, бомбалағыш ұшақтарға мұжахедтер өте қарапайым қарумен, көп болса, Калашников автоматымен қарсы тұрды. Төменде оқ атқандарға әуеден соққы берілді", – деді совет-ауған соғысынан хабар таратқан журналист Хамед Элми Азади радиосына берген сұхбатында.

Совет-ауған соғысында бір жарым миллион ауған азаматы құрбан болып, 5 жарым миллионнан астам халық босып кетті деп есептеледі. Сол босыған халықтың арасында Ауғанстан қазақтары да бар еді. Олардың бірі "совет келеді" дегенді естіп, алдын-ала Ауғанстаннан кетуге қам жасаса, енді бірі кейіннен іркес-тіркес кете бастаған.

"ТІЛІНЕН АЙЫРЫЛҒАН ҚАЗАҚТАР СОНДА ҚАЛЫП ҚОЙДЫ"

Ауған қазағынан шыққан бұрынғы кәсіпкер Әбділәкім қазір Қазақстанда, Алматының іргесіндегі Қаскелеңде тұрады. Айтуынша, 1930 жылдары советтік Қазақстандағы кәмпеске мен қуғын кезінде Ауғанстанға ауып барған қазақтардың көбі совет-ауған соғысы кезінде елден шығып кеткен.

– Кеңестер кіргенде, біз 1979 жылы, соғыс алдында тыныштық кезінде шықтық. "Орыс келе жатыр" деген соң шықтық қой. Пәкістан, Иран, Сауд Арабиясы арқылы Түркияға жеттік. Біздің ауған қазағының қай жерде жүрсе де, билікпен, үкіметпен шаруасы болған жоқ. Біздің кезде арамызда оқыған, үкіметтің арасына барған, тіпті мұғалім болған адам жоқ еді. Заманында Ауғанстанға орыстан қашып барған едік. Енді орыс Ауғанстанға келеді дегенде кімді қолдап, кімді арқа тұтарымызды білмей қалдық, – дейді ол.

Әбділәкім ауған қазақтарының арасынан бірлі-жарым адамның мұжахедтер жағында болғанын айтады.

– Бірен-саран адам болмаса, ауған қазақтары соғысқа араласқан жоқ. Қазақтар Пәкістанға, Иранға, Түркияға, Сауд Арабиясына босып кетті. Сол уақытта Ауғанстанда қазақтар көп еді ғой. Тілін, мәдениетін білетін бізді айтпаған күннің өзінде, Ауғанстанда ертеден келіп, орнығып, ана тілінен айырылып қалғандар да бар. Олар 100-150 жыл бұрын барып, сол елге орныққан. Олар Ауғанстанда қалды. Ал кеткен қазақ туысқаншылдықпен бір-бірін сүйреп, демеп, ешкімді далада қалдырмай ауып кете барады, – дейді Әбділәкім Азаттыққа.

БІР АУҒАНСТАНДА – ҮШ КОММУНИСТІК ПАРТИЯ

Ауғанстан қазақтарынан шыққан санаулы көзі ашық азаматтың бірі, Герат өлкесіндегі қазақтарға көмек көрсету кезінде белсенді болған, бүгінде Данияда тұратын Мұхаммед Рафи Аюбиден совет-ауған соғысы қарсаңындағы жағдай туралы сұрадық.

– Мен ол кезде студент едім. Соғыс басталар алдында Ауғанстанда жергілікті коммунистер белсенді болды. Коммунистердің үш партиясы болды. Біреуін "Парчам" (ту, жалау мағынасында) дейтін, біреуін "Халық-демократиялық партиясы" дейтін, ал Қытай коммунистерінің ықпалындағыларды "Маоистік партия" дейтін. Бұлар басқаларынан күшті болды да, бірін бірі айыптап, белсенді мүшелерін түрмеге тастайтын. Бұларға қарсы әрекет еткен "Ихуан ул-муслимин" [Мұжахедтерді қолдайтын "Мұсылман бауырлар" партиясы] партиясы да күшті болды. Кейде біреуді түрмеге тастады десе, ұрандап наразылық білдіріп, көшеге шығып кететін. "Парчам" дейтін – Ауғанстандағы парсы тілдес ұлттардың партиясы еді. Пуштундар өз партиясын "Халық-демократиялық партиясы" атап кетті. Үшіншісі, "маоист" дейтіндер бар еді, олар Қытайдың идеясын алған. Бұлар да күшті болатын. Арасында бір-бірімен идеялық тұрғыда айтысып-тартысқанда, оның аяғы наразылық, қақтығысқа ұласып кететін, – дейді Мұхаммед Рафи Азаттыққа.

КОММУНИСТЕР ҚОЛЫНАН ҚАЗА ТАПҚАН ҚАЗАҚ

Кабул университетінің түлегі Мұхаммед Рафи фармацевт мамандығы бойынша білім алып шыққан ауған қазағының коммунистер қолынан жұмбақ жағдайда мерт болғанын Азаттыққа айтып берді.

– Соғыс қарсаңында ауған қазағының балалары жоғары оқу орнына көптеп түсе бастаған еді. Гераттың өзінде 20 шақты қазақ студенті болды. Бірақ елде коммунистік идеялар тарай бастағанда студенттердің әкелері балам коммунист болып кетеді деп, оларды оқудан шығарып алып жатты. Сол кезде ауған қазағынан студент үш адам қалдық қой. Сонша қазақтың ішінен осы үш бала ғана университет бітірдік. Бір баланы сол кезде коммунистер ұстап, жоқ қылып жіберді. Ол жақындау ағайынымыз еді. Аты Нұрмұхаммед болатын. Молда Сергекбай дейтін кісінің баласы. Нұрмұхаммедпен мектепте 12 жыл бірге оқып, университетке бірге түстік. Ол 6 жыл фармацевт мамандығын оқыды. Кейін Кабул қаласында дәріханада жұмыс істеп жатқан еді. Сонда бір достарымен пәтер жалдап тұратын. Оны сол белсенді достарымен бірге ұстап әкетіпті. Соңынан сұрастырып, іздеу салғанда, өлтірілді деген хабар алдық... – деді Мұхаммед Рафи Азаттыққа.

Сол кезде жас маман болған Мұхаммед Рафи Ауғанстанда жұмыс істеу қиын болғанын айтады. Мұғалім мамандығын меңгеріп шыққан оның мектепте сабақ беруіне сол кездегі бұлғақ, саяси жүйенің ауытқуы кедергі болған.

– Әдебиет факультетінде жағрафия бөлімін бітіріп шыққанмын. Ауғанстанда оны бітірген адам мұғалім болатын. Бітіргеннен кейін өз қалама барып, мұғалім болуға дайындалдым. Бірақ сол кезде үстінде ауғанның киімі болмаса сені мектепке қоймаушы еді. Қолындағы қарумен атып тастауы да ғажап емес. Ал мектепке барсаң үкіметтің киімін ки дейді. Оны кисең көшеде сені "кәпір" деп атып кетуі мүмкін. Кимесең үкіметтегілер костюм-шалбар кимедің деп тағы сөгетін, – дейді ол.

ТАРАКИ БЕРГЕН ЖЕРІ ТЕЛІМІ

Герат қазағы Мұхаммед Рафи совет әскері енгеннен кейін онсыз да шатқаяқтап тұрған елдегі ахуалдың одан әрмен күрделене түскенін айтады.

Мұхаммед Рафи Аюбидің студент шағы. Кабул, Ауғанстан. Мұхаммед Рафидің жеке архивіндегі фото
Мұхаммед Рафи Аюбидің студент шағы. Кабул, Ауғанстан. Мұхаммед Рафидің жеке архивіндегі фото

– Білесіз ғой, Ауғанстанда бірнеше үкімет ауысты. Кейінгі келген коммунистік үкіметті Ауғанстан халқы қаламайтын. Сол себепті көтеріле бастады. Бір жыл өткен жоқ, қайта-қайта ауысқан билікке қарсы шыққан талай ел қырылып қалды. Біз коммунистер билігінің үш жылын көрдік. Алдымен билікте Нұрмұхаммед Тараки отырды [1978-1979], одан кейін Хафизолла Амин [1979] келді. Кейін билікке Бабрак Кармаль [1979-1986 жылдар басқарған] келген соң, бір жылдан соң біз Ауғанстаннан шығып кеттік. Нұрмұхаммед Тараки билікке келгенде Гераттан бастау алған ірі наразылық жиындары болды. Мен сол кезде демалыс алып, Кабулдан Гератқа келген едім. Көтеріліс қатты болды. Сол кезде қазақтар қашуға мәжбүр болды. Қызыл әскер алғаш Кармальдың кезінде келді. Оған дейін аз-аздан жасырын келгені кейін белгілі болды. Өзім ол кезде Кабулда оқып жатыр едім. Гератқа келгенде жергілікті билік совет әскерінің қолдауына сүйеніп, қаланы қоршап алғанын көрдім. Ондай оқиға жиі қайталанатын, – дейді Мұхаммед Рафи Аюби.

Ол қызыл әскер құрамында советтік өзбектерді, қазақтарды, қырғыздарды және түркімендерді жиі кездестіргенін айтады.

– Сондағы әскердің бір әдеті бар еді. Әр ауылды түнде келіп, қоршап алатын. Мақсаты – жас балаларды үкімет әскері сапына тарту. Бір күні біздің де ауылды сөйтіп қоршап алды. Бұрын Ауғанстанда университет бітірген ер азаматтарды әскерге алмау туралы заң болатын. Кармаль келгеннен кейін халық қашып, әскерге шақыратын адам азайған соң университет бітірген ер балаларды да бір жыл әскери борышын өтейтін заң шығарды. Мен сол кезде университет бітіріп, Гератқа келгенімде "әскерге баруың керек" деді. Бір жыл үйде жасырынып жатуға мәжбүр болдым. Кейін тіпті болмаған соң әскерге өзім баратын болып шештім. Мені Кабулға жібермекші болды. Жер бетімен жету қиын еді. "1-2 аптада тікұшақ келеді" деді. Бірнеше адамға бола ол да келмеді. Артынан "өздерің кете беріңдер" деді. Біз: "Оқыған балалармыз, бізді жолда мұжахедтер ұстап алса өлтіреді", – дедік. Содан бізге алты ай ішінде тынышталса, осы уақыт аралығында барсын деп, ал оған дейін Гератта қалуға рұқсат етті. Ал сол алты ай ішінде біз Иранға өтіп үлгердік. Ол кезде қазақтардың жартысы көшіп кетті. Бұл 1980-1981 жылдар еді, – деп еске алады Мұхаммед Рафи.

Ол сонда Герат қазақтарының Тараки бөліп берген жер телімін де игеріп үлгермегенін айтады.

– 1978 жылы Тараки билікке келгенде он шақты қазақ ақсақалы жиналып, Кабулға, Таракидің қабылдауына барған еді. "Біз қазақ деген ел боламыз. Сонау Қазақстаннан келгенімізге 60 жылдай болды. Шаруашылық қыламыз, мал бағамыз. Соған жер бер" деп өтінішін айтқан. Оған дейінгі патшалар тіпті тыңдағысы келмейтін. Ал Тараки болса, ақсақалдардан қай тұстан жер телімін алғысы келетінін сұрапты. Біздің ақсақалдар Герат маңын атаған. Содан үкімет бізге жекеден алған тұстан бірталай жер бөліп берді. Бірақ кейін сол жерде ауғандармен қақтығыс болып, қазақтар оған барудан қалды. Сөйтіп, Иранға көшуге мәжбүр болды, – дейді Мұхаммед Рафи.

"ГЕРАТ БҮЛІГІ" ЖӘНЕ МҰЖАХЕДТЕРМЕН КЕЗДЕСУ

Совет әскері Ауғанстанға енгізілер қарсаңда, 1979 жылғы 15 наурызда Герат бүлігі бұрқ ете қалды. Оның аяғы қарулы қақтығысқа ұласқан. Мыңдаған адамдар қаза тапты, олардың арасында Совет одағының бірнеше азаматы да бар. Осы бүліктен кейін сол кездегі Ауғанстан демократиялық республикасының басшысы Нұрмұхаммед Тараки Совет одағынан әскер енгізуді сұрайды. Алғашында Мәскеу бұл ұсынысты қабылдамағанымен, ақырында қалай аяқталғаны белгілі.

Герат қазақтарының белсендісі Мұхаммед Рафи сол күндерді былай деп еске алады:

– Билікті қабылдамайтынын білдіру үшін халық көшеге шықты. Қолында қару емес, үйдегі балта, қылыш, қанжар, пышағымен шыққандар Гератта үш күн бойы көтерілді. Оларды әскер қырып салды. Сол кезде үйіміздің алдында өлген адамдар жайрап жататын. Біздің бір пайдамыз тиген жері: Таракидің қасында Совет одағынан келген адамдар бар еді. Кейбірі инженер, мұнай саласының мамандары болатын. Солардың арасында советтен келген қазақтар да бар еді. Сол қазақтармен барыс-келісіміз жақсы болды. Көтеріліс басталардан бұрын сол қазақтарға барып, үлкен көтеріліс басталатынын, олардың кеткені дұрыс болатынын ескерттік. Олар сонда аман-есен Қазақстанға кетіп, жеткен соң бізге хат жіберді, – дейді Мұхамед Рафи.

Ауғанстанға басып кірген совет жауынгерлері жергілікті тұрғындарды тексеріп тұр. 1980 жылдардың басында түсірілген фото
Ауғанстанға басып кірген совет жауынгерлері жергілікті тұрғындарды тексеріп тұр. 1980 жылдардың басында түсірілген фото

Мұхаммед Рафи де әлгінде Әбділәкім айтқандай, ауған қазақтары арасынан мұжахедтерге қосылған адамдардың болғанын айтады. Қазақ ақсақалдары да олармен кездессе керек.

– Мұжахедтерді жақтаған бірнеше жас қазақ балалар болды. Көп болған жоқ. Олар негізінен мұжахедтер мен орыстар [совет әскері] арасында аудармашылық қылатын. Олар орыстардың қашан келетінін мұжахедтерге ескерткен жағдайлар да болған. Ал біздің ақсақалдарымыз сол аралықта мұжахедтерге де барып кездескен. "Біз аз елміз. Өз аяғынан өзі тұрған елміз. Кезінде Қазақстаннан келіп едік, үкіметтен де көмек көріп жатқан жоқпыз. Коммунистер де кезінде бізді қырды. Сендермен ұрысқа қатысқымыз келмейді. Өз басымызды алып шықсақ жетеді" деп барған еді, – дейді Мұхаммед Рафи.

ТАҒЫ ДА СОҒЫС. ИРАНДАҒЫ КҮНДЕР

Герат қазақтары босып Иранға барғанда, онда да соғыс болып жатқан. Иран-Ирак соғысы. Мұхаммед Рафи Аюби сонда босқындар құқығын қорғаған. Иранда ең ақыры босқындарға бөлінетін азық-түліктің өзін алалап берген сияқты. Ауғанстаннан ауып келген елге бұл да ауыр тиген. Мұхаммед Рафиден сол кезде белсенді болуының себебін сұрадық.

– Иранда төрт жыл болдық. Кейін, 1985 жылы Данияға келдік. Ол кезде Иран-Ирак соғысы басталып кеткен еді. Сонда Иранда үш миллиондай ауғандық босқын болды. Ауғандықтардың 20 пайыздайы шиит еді. Солар Иранда жүріп, Ирак соғысына көптеп қатысты. Солардың көбі хазарилер еді. Қазақтар барған жоқ. Тек Иранда бұрыннан тұратын өз қазақтары барып, Ирак соғысында қаза тапқандар да болды. Соғыс жағдайындағы елде күнделікті тұтынатын қажетті тауарлар мен азық-түлік бұл кезде қатты азайып кетіп еді. Оның өзін талонмен беретін. Бірақ оған әуелде ауғандар мен босқын қазақтардың қолы жетпеді. Сол кезде 2-3 ақсақалды ертіп, Иран астанасы Тегеранға бардым. Көп жүгіріп жүріп, ақыры біздің қазақтарға талон беретін болды. Ай сайын май, ұн және басқа да азық-түліктерді осы талонмен беретін. Қолымнан келгенше, 2-3 жылдай осылай қызмет қылдым, – деді Мұхаммед Рафи Азаттыққа.

Сонда да болса Ауғанстан қазақтарына ауып барған Иран да аса жайлы болмаған сияқты. Енді қайтпек керек?

– Арамызда білімді адамдар аз еді. Ақсақалдар маған: "Тіл білесің, жол білесің, Иранда бізге қиын болып бара жатыр, басқа жолын табу керек" деді. Біз арыз жазып, Түркияның Ирандағы елшілігіне бардық. Онда квота толып қалуына байланысты Түркияға босқын кіргізе алмайтынын айтқан елшілік Пәкістанға баруға кеңес қылды. Сөйтіп Пәкістанға екі рет бардық. Бірінші барғанда мәжілісте жергілікті өзбектерден шыққан Абдулкарим Мақсұм деген депутат барын білдік. Ол өзбек, қазақтарды Түркияға кіргізумен айналысады екен. Ол кезде Ауғанстаннан Иранға босып барған 12 мың 100 (шамамен 500-600 жанұя) қазақ бар еді. Ол бізге осынша адамды жіберу қиын екенін айтып, жөн сілтеді. Ауған қырғыздарының арасынан шыққан Рахманқұлы ханға жіберді. Памирдің Ауғанстан жағында тұрған оны "қырғыз ханы" атайтын. Араға Рахманқұлы хан түскен соң, 70 үйді ғана Түркияға жіберетін мүмкіндік табылды. Алайда мен айттым: "Олай болмайды. Басқа қазақты тастап кете алмаймын. 70 үй аз. Алсаң, бәрін ал!", – дедім. Содан біз қайттық. Тегеранда тағы біраз жүгірдік. Одан тағы да Пәкістанға, Пешаварға бардық. Сол арада Ауғанстаннан 70 үй адай бауырлар келіп қалды. Әлгіндегі мүмкіндікке орай осы 70 үй адайды Түркияға жіберетін болдық. Олар Ираннан Пәкістанға келді, содан Түркияға көшті. 12 мың 100 қазақ Иранда қала бердік. Өзім 1985 жылы Данияға көштім, – деді Мұхаммед Рафи көш тауқыметін еске алып.

"Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодында ауғандықтардың совет-ауған соғысына деген көзқарасы және ауған қазақтарының соғыс кезінде бастан кешкені туралы айтылды. Совет одағы 1979 жылы Ауғанстанға әскер енгізгеніне биыл жыл аяғында 45 жыл толады. 35 жыл бұрын осы елден совет әскері шығарылғанымен, сол соғыс Ауғанстандағы басқа да соғыстардың бастауы болды. Ауғанстан азамат соғысына ұрынды. Миллиондаған адамның қаза тауып, мүгедек болып, елден босып кетуіне себеп болған сол соғыстың көңілде дерті мен дағы қалды.

Бұл мақалада айтылған жайлардың толығырақ нұсқасын подкастан тыңдай аласыз.

Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG