"Мен, Қырғыз ССР-інің азаматы, Таалайбек Молдабекұлы Ылайтегін, Қазақстанда Алматыда 1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасын зерттеу комиссиясы құрылғанын білген соң, демократ ретінде бәрі қалай болғанын және осы оқиғаға қалай қарайтынымды жазғаным абзал деп білдім".
Кезінде Алматыда әскерде болған Таалайбек Ылайтегіннің 1989 жылы Қазақстан Жоғарғы советі жанынан құрылған Желтоқсан оқиғасын тексеру комиссиясына жазған хаты осылай басталады.
ХАСЕН ОРАЛТАЙ ҚОРЫНДАҒЫ ХАТ
Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматыда арнайы бастальон құрамында әскерде болған Таалайбек Ылайтегін (әскердегі ныспысы – Ылаев) жазған бұл хаттың бір көшірмесі Азаттық радиосында ұзақ уақыт қызмет атқарған Хасен Оралтайдың Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға өткізілген жеке қорында сақтаулы. Хаттың нақты қай күні жазылғаны көрсетілмегенімен, соңында хат иесінің адресі жазылған.
Бұған дейін Хасен Оралтайдың жеке қорында сақталған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде түсірілген суреттер мен Азаттықтың Желтоқсан комиссиясының жұмысы туралы сол кездегі хабары жайында айтылған.
Желтоқсан оқиғасынан кейін 37 жыл өткенде Хасен Оралтайдың жеке қорында сақталған арылу хаты туралы Қазақстан қоғамында там-тұмдап қана айтылған.
Азаттық қызметкерінің қолында сақталған хат туралы Азаттық радиосының хабарында айтылған-айтылмағаны белгісіз. Өйткені радионың аудио қоры мен жазбаша материалдар мұрағаты толық сақталмаған. Хасен Оралтай қорында да кейбір деректер ғана бар.
Осы қорда сақталған әлгі хаттың жетегімен Таалайбек Ылайтегіннен сұхбат алудың сәті түсті.
АЛАҢДА ҚОЛЫНА НӘРЕСТЕ ҰСТАП СӨЙЛЕГЕН ӘЙЕЛ КІМ?
Арнайы батальонның бұрынғы жауынгері Таалайбек Ылайтегін 1989 жылы Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің жанынан құрылған комиссияға жазған хатында 1985-1987 жылдар аралығында Алматыдағы 54/49 әскери бөлімінің жедел қызметінде міндетті әскери борышын өтегенін айтады. Бұл бөлім ішкі әскердің арнайы батальонынан жасақталған еді. 1986 жылы осы әскери бөлімнің құрылғанына 20 жыл толған.
Таалайбек хатын былай жалғастырған:
"1986 жылғы 17 желтоқсанда дабыл қағып, бізді алып шықты. Қалқан, противогаз және дубинкаларымызды алып, көлікпен сағат 10 шамасында алаңға (дұрысы Орталық комитеті ғимаратына) келдік. Каска, қалқан, дубинкаларымызды көлікте қалдырып, мінбер жаққа жүгірдік. Мінбердің алдында шамамен 500-600 қаралы шерушілер тобын көрдік. Соның алдына сап түзеп тұра қалдық. Сол кезде Бейбітшілік көшесі жағынан екінші топ келе жатты. Біз олар бірінші топпен қосылмау үшін алдын алуға тырыстық. Алайда онымыздан түк шықпады. Қайтадан орнымызға сап түзеп тұрдық. Осы жағдай түскі үш-төртке дейін жалғасты. Осы кезде шерушілер қатары бірден молая бастады. Жиналғандар бізге агрессия немесе сондай бір ниет көрсете қойған жоқ. Бірақ қолына нәресте ұстаған әйел шығып сөйлегеннен кейін тағы да сөйлеймін дегендерді мінберге жібермедік. Бұл Қазақстан билігінің демократияға жат әрекеті болатын. Сөйтіп тұрғанда жиналғандар ашуланып, мінберде тұрған басшыларды айыптай бастады. Сосын мінберге шығам дегендер бізден қоршауды босатуды сұрады. Жібермеген соң олар бізді айыптай бастады, кейбір тұстан "Фашистер!" деп айқайлаған дауыс естілді. Олар біздің бас киімімізді жұлып алып, әрі-бері лақтырып ойнады. Милиционерлер топ ортасынан белсенділері мен насихатшыларын суырып алғанда, жиналғандар қатты ашуланды да, соңы арпалысқа ұласты. Басында біз сығылысқан халықты біраз ұстап тұрдық. Бірақ бізді мінбердің артына ығыстырып жіберген соң, сол жердегі бордюр бойымен бірнеше қатар болып, сап түзеп тұруға тура келді. Содан кейін ашулы топ қолына түскен қар, аяқ киімнің өкшесі, т.б. заттарды бізге лақтыра бастады. Біз бұйрық бойынша оларды алаңға дейін қуып, соңынан қайтадан бордюр бойына тұра қалдық. Бірақ арандатуға берілгендер бізге тас лақтырды. Жиналғандар арасында арандатуды тоқтатпақ болғандардың әрекетінен ештеңе өнбеді. Ішкі істер министрі жиналғандардың тарқауын сұрап ескерту жасаған соң, біз оның бұйрығы бойынша қалқанмен және дубинкамен жарақтанып алдық. Сөйтіп шеруді күшпен тарата бастадық. Міне, сол кезде жаппай тәртіпсіздік басталды. Біздің әрекетке жауап ретінде жиналғандар бізге тас, гранит және мәрмар кесектерін лақтырды. Сағат кешкі 11 кезінде есімнен танып құлап, ауруханаға түстім. Кейіннен батальондағы серіктерімнің айтуынша, сапер күрегімен жарақтанған шекара училищесінің курсанттарын алаңмен жүргізіп алған. Курсанттар бүлікшілерді тапап өткен..." – дейді Таалайбек Ылайтегін 1989 жылы жазған хатында.
МАРАПАТТАН БАС ТАРТУ МӘЛІМДЕМЕСІ
Таалайбек хатты жазуға 1989 жылы Қырғызстанда өткен жазушылар жиыны себеп болғанын айтады. Қазақстан жазушыларынан Желтоқсан комиссиясы құрылғанын ести сала, ол осы хатын жазып, Желтоқсан оқиғасын тексеру комиссиясының төрағасы Мұхтар Шахановқа жолдаған. Қазақстан Жоғарғы советі жанындағы бұл комиссия бес айдан аса жұмыс істеген кезде оны Мәскеу арқылы жергілікті биліктің өзі жаптыртып тастағаны айтылатын.
– Қазақстаннан келген жазушылардан сол кезде Желтоқсан оқиғасын тексеру комиссиясы құрылып жатқанын естідім. Алайда материалдың жоқтығына байланысты комиссияны жауып тастауы мүмкін екен. Сол кезде комиссияға материал беруге зардап шеккен жастардың да ата-анасы келіспесе керек. Өйткені КГБ-нің күшіндегі кез ғой. Соны естіген күннің ертесіне Толықбек Меңдібаев деген ақын досым арқылы хат жазып, оған грамотаны қосып Алматыға беріп жібердік. Толықбек комиссия төрағасы Мұхтар Шахановқа табыс еткенін айтып келді, – дейді Таалайбек Азаттық радиосына берген сұхбатында.
Бұл жерде "грамота" деп Таалайбек Ылайтегін 1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасын басып-жаншығаннан кейін өзіне "ержүректігі мен жанқиярлық іс-қимылы үшін" марапат ретінде берілген Қазақ ССР Жоғарғы советінің грамотасын айтып отыр. Таалайбек әлгі хатқа қоса комиссияға өткізілген грамотаның шекесіне орысша былай деп жазған:
"Бұл бұйымды қайтарамын, себебі менің хатымда жазылған. Бұл зат менде сақталуға лайықты емес. Мен фашист емеспін, тіптен МӘҢГҮРТ емеспін".
– Әскерден келгелі үйде жатқан осы грамотаны осылай қайтарып берудің сәті түсті. Мен одан бас тарттым, – дейді Таалайбек.
"АЛАҢҒА САПЕР КҮРЕГІМЕН КУРСАНТ ЕНГІЗГЕНДЕРДІ ҚАТАҢ ЖАЗАЛАУ КЕРЕК"
Талаайбек Ылайтегін өзінің әлгінде айтылған хатын былай деп аяқтайды:
"Мен комиссияға қарайлай отырып, осы трагедиялық оқиғаны зерттеп, ақиқатты қалпына келтіретін, халыққа шындықты айтатын әділеттің барына сенгім келеді. Кінәлілер аяусыз жазалануы керек. Әскер енгізгендерді жазалауға шақыра отырып, арты қантөгіске ұласқан осы рұқсат етілмеген митингіні ұйымдастырғандарды, алаңға ішімдік, арматура және басқа да суық қару әкелгендерді ақтайын деп отырғам жоқ.
Мен алаңға әскер енгізуге бұйрық бергендерді жауапқа тартуды жөн деп білемін. Әсіресе, сапер күрегімен курсант енгізгендерді қатаң жазалау керек. Мені "ержүректігі мен жанқиярлық іс-қимылы үшін" Қазақ ССР Жоғарғы советінің грамотасымен марапаттаған. Мен бейкүнә адамдардың қанына бөккен осы лас бұйымды қайтарып беремін" деген Талаайбек осы хатты жазып, марапатты қайтарып бергеннен кейін өзін иығынан жүк түскендей сезінгенін айтады.
– Біршама жеңілдеп қалдым. Себебі жүректе бір жаман сезім бар еді. Адамдар өлді, жүздеген адам түрмеге қамалды деген ой маза бермей жүрген. Қырғызстанда өз ортамызда сөйлескенде де түрмеде бейкүнә адамдардың жатқанын айтатын едік. Сондай кезде комиссияның құрылуы менің осылай хат жазуыма себеп болды. Кейін де осы хатым туралы маған айтқанда, кішкене де болса жәрдемі тиген екен деген жүректе қуаныш пайда болды, – дейді Таалайбек.
"МИЛИЦИЯ ФОРМАСЫНДАҒЫ САРБАЗ АРАНДАТУҒА СЕБЕП БОЛДЫ"
Алматыда әскери борышын өтеген Таалайбек Ылайтегін 1987 жылы күзде Қырғызстанға оралып, елдегі демократиялық қозғалыстың ізашарларының бірі болады. Ол Алматыдан әскери борышын өтеп қайтқан соң, қырғыз жастарының ұйымын құрып, демократиялық қозғалыстың өрістеуіне ат салысады.
Таалайбек Ылайтегін Желтоқсан оқиғасын тексеру комиссиясына жолдаған хатында алаңда жиналғандарға қарсы әскер қолданудың түбірімен қате болғанын, ал сапер күрегімен жарақтанған курсанттардың әрекеті заңға қайшы болғанын айтады. "Милиция формасындағы сарбазды қолына қызыл мата ұстап, бұқаны ойынға шақырған матадорға теңеуге болады. Егер мінбер мен мінбердегі басшыларды өз халқынан қорғаған сарбаздар мен милиционерлер болмағанда, ешқандай тәртіпсіздік те болмас еді" деп жазады Таалайбек Ылайтегін.
Ол хатында кезінде өзінің сүйікті отанды қорғауды мақтаныш еткенін және әскери жарғы талаптарын барынша орындауға тырысқанын, алайда Желтоқсан оқиғасы әскерге деген жиіркеніш сезімін оятқанын айтады.
Таалайбек осы оқиға кезінде алаңға жиналған адамдар да, әскер де моральдық зардап шекті деп есептейді. Бұл жерде ол әскерден оралған соң да дос-жараны өзіне күдікпен қарап, ту сыртынан "фашист" деп айтқанын сезінгенін меңзеп отыр.
"НАЗАРБАЕВ МІНБЕРДЕ ТҰРДЫ"
Осы хат жазылған соң 35 жылдай уақыт өткенде Таалайбек Ылайтегін Азаттық радиосына берген сұхбатында 1986 жылы желтоқсанда Алматыдағы Брежнев атындағы алаңда болған оқиғаны былай деп еске алады:
– Алаңда қыз-келіншек көп болды. 100 адамның 20-30 шақтысы әйелдер еді. Бұл жиынды біреулер ұйымдастырған деп айыптады емес пе, алайда ондай ештеңе болған жоқ. Ел жаппай көтеріліп шыққаны байқалды. Сол жерде мінберде тұрғандардың арасында сол кездегі Қазақстан министрлер советінің жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаев та болды. Мен оны кейін таныдым, – дейді Таалайбек Ылайтегін Азаттыққа.
"ЖАНЫМЫЗБЕН ЖАСТАР ЖАҒЫНДА БОЛДЫҚ"
Таалайбек Ылайтегін әскерге алынғанда Алматыдағы арнайы батальонға өзімен қатарлас Қырғызстаннан алғаш рет 13 адам шақыртылып, солардың да Желтоқсан оқиғасында болғанын айтады. Сөзіне қарағанда, алаңдағы адамдардың қарсы бетінде тұрғанымен, әскерде екіұдай күй кешкендер де болған.
Таалайбек іштей жастарды қолдадық, жанымызбен алаңдағы жастар жағында болдық дейді. Ол тіпті қатарластарының алаңдағы жастарға қосылу ниеті болғанын да жасырмайды.
– Қоршау жасап, қайта сап түзеп тұрғанда өзіміздің бір баламен қатар келіп, "жастарға қосылып кетсек пе екен" деп тілдесіп қалдық. Алайда жағдайды қалай түсіндіруге болатынын білмедім. Бірақ арасында қазағы бар, қырғызы бар, біздің сарбаздар жанымызбен жастар жағында болдық. Бірақ арнайы батальонда жүрген соң бұйрыққа бағынғаннан басқа ештеңе істей алмадық, – дейді Таалайбек Ылайтегін.
"АЛАҢДА ЖЫҒЫЛЫП ЖАТҚАН КӨП АДАМДЫ КӨРДІМ..."
1986 жылғы 17 желтоқсанда Алматыдағы наразылық кезінде кешкі 11 шамасында сол жақ шекесіне мәрмәр кесегі тиіп құлаған Таалайбек естен танып қалады. Ары қарайғысы есінде жоқ. Бірақ соған дейін көргенін былайша сипаттады:
– Түнге қарай алаңдағы тықсыру кезінде жығылып жатқан көп адамды көрдім. Өлі-тірісін білмедім. Күн қатты суық болғаны есімде. Кейін балалардың айтқанынан білгенім: сол жақ шекеме тас тиіпті. Мәрмәр кесегі екен, – деп еске алды Таалайбек Желтоқсаннның ызғарлы кешін.
Сол кезде білгенін істеген компартияға қарсы өз дауыстарын жеткізе білген қазақ жастарының әрекетін Таалайбек Ылайтегін ұлттық жаңғыру жолындағы ірі қадам деп санайды.
– Желтоқсан қазақ халқының қайта жаңғыруындағы ірі қадам болды. Бұл басқа елдерге де әсер етті. Аймақта ғана емес, дүниедегі ірі оқиға болды. Өйткені компартия сол кезде алпауыт диктатура болатын. Ал оған қарсы шығу әркімнің қолынан келе бермейді. Оны қазақ жастары жасады. Бұл – үлкен ерлік, – дейді ол.
Таалайбек Ылайтегіннің жүрегімен жастар жағында болғаны оның қазіргі пікірінен де байқалады. Желтоқсан оқиғасына әлі күнге дейін саяси баға берілмегеніне ол да енжар қарай алмайтын сияқты.
– Толыққанды саяси баға берілген жоқ. Бірақ маған сол комиссияның жұмысы негізінде жүздеген жастың түрмеден шыққанын айтты. Қайрат Рысқұлбековпен бірге қамалған Жамбыл, Әлібек деген балалар болатын. Солар осы лекпен босаған жастардың бірі еді. Олар кейін Бішкекке, маған келіп, танысып, мен оларға барып араласып тұрдық, – дейді Таалайбек Ылайтегін.
Ол кейінірек Желтоқсан қаһарманы, советтік жазалау жүйесінің құрбаны болған Қайрат Рысқұлбековтің анасымен де кездескенін айтады. "Түсінігі кең, жайдары адам екен" дейді Таалайбек ол туралы.
"ҚЫРҒЫЗСТАНДА ДА ҚУҒЫНДАЛҒАНДАР БОЛҒАН"
1989 жылы Таалайбек Ылайтегін 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезіндегі биліктің әрекетін айыптап хат жазып жүргенде, компартия мен КГБ әлі күшінде еді. Таалайбектің Желтоқсан оқиғасын басып-жаншуды әшкерелеп, марапаттан бас тартқан жалғыз жауынгер екенін ескергенде оның адамгершілік, ар алдында беті жарық, еңсесі биік екенін көресің. Ол совет жүйесінің қысымы өзіне бөтен емес екенін айтады. Өйткені ол Қырғызстанды Совет одағынан бөлініп шығуға үндеген қозғалысты құрушылардың бірі болған.
– Сондықтан хат жазылғанға дейін компартия мен КГБ-ның қысымын бастан өткеріп қойған едім. Мені жұмыстан босатып, қуғындап, қамаймыз, өлтіреміз деп талай қорқытқан. Компартиясы, КГБ-сы, УВД-сы, комсомолы – бәрі мені сұраққа ала беріп, мен мұндай мектептен өтіп қойған едім, – дейді Таалайбек Ылайтегін.
Желтоқсан оқиғасында өзіне берілген марапаттан бас тартқан, алаңда тұрған жастармен жанымыз бір болды деген арнайы батальонның бұрынғы жауынгері Таалайбек Ылайтегіннен сұхбат соңында "Қазіргі қырғыз қоғамында Желтоқсан оқиғасы туралы айтыла ма? Айтылса, бұрын қалай айтқан, қазір қалай айтып жүр?" деп сұрадық.
Ол былай деп жауап берді:
– Мен әскерден келгенде білгенім – Желтоқсан оқиғасы кезінде қазақ жастарын қырып жатыр дегенді естіген қырғыз жігіттері де Фрунзеден (қазіргі Бішкек) автобуспен шығыпты. Солардың бірі – манағы айтқан Толықбек Меңдібаев. Олардың автобусын әрі өткізбей қойыпты. Қарақолдан, Ыстықкөлден қырғыз студенттер мен жоғары оқу орындары оқытушылары арасында да сөз болып, кейін қызметінен қуылғандар болған. Жан тарту, жанашырлық, бір туғандық сезімі өте күшті болған. Қазір ондайды көрмеймін, – дейді Таалайбек Азаттыққа.
"Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодында Желтоқсан оқиғасында арнайы әскер құрамында болып, кейін сонысы үшін совет өкіметі тапсырған марапаттан көп алдында арылған қырғызстандық қоғамдық белсенді, мамандығы сәулетші Таалайбек Ылайтегінмен сұхбаттастық. Таалайбектің сол жақ көзінің тұсындағы тыртық – Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы кезінде тиген мәрмар кесегінің ізі. Ал советтік тоталитарлық жүйені дір еткізген Желтоқсан оқиғасының ізі талай көңілде сайрап жатыр. Бірақ бәрі бірдей сол шындықты айта ала ма?
Таалайбек Ылайтегінмен болған сұхбаттың толық нұсқасы "Азаттық радиосына – 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодында берілген.
Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.
ПІКІРЛЕР