Accessibility links

Северодвинскідегі жарылысқа кім кінәлі?


Нёнокса ауылының көшесі.
Нёнокса ауылының көшесі.

Ресейдің Архангельск облысындағы Северодвинск қаласында болған апатқа ядролық отынмен жұмыс істейтін дыбыстан жоғары жылдамдықпен ұшатын зымыран жарылысы себеп болған деген болжам айтыла бастады. Бірақ бұл пікірмен келіспейтіндер де бар.

Ресейлік "Росатом" мемлекеттік корпорациясы 8 тамызда Архангельск облысындағы әскери полигонның сынақ алаңында бес қызметкердің қаза тапқанын растады. «Росатомның» мәлімдеуінше, сұйық реактивті двигатель құрылғысын сынақтан өткізу кезінде жарылыс болған. Мекеме апаттың нақты неден болғанын ашып айтпады.

Американың барлау қызметі мен бірқатар тәуелсіз сарапшылар жарылыс дыбыстан жоғары жылдамдықпен ұшатын, энергетикалық қозғалтқышы бар «Буревестник» құрлықаралық зымыранын сынаған кезде болды деп топшылайды. Бірақ бұл тұжырымға сенбейтіндер де бар. Олардың сөзінше, Северодвинск аумағында «Буревестник» жарылғанын растайтын нақты дәлелдер жоқ.

РЕСМИ МӘЛІМДЕМЕ

Тамыздың 10-ы күні «Росатом» ресми мәлімдеме жасап, төтенше жағдай Нёнокса ауылы маңындағы полигонда болғанын хабарлады.

Болжам бойынша, «Росатом» бүкілресейлік физика ғылыми-зерттеу институты мен Ресей федералдық ядролық орталығы тапсырысымен «Буревестникті» сынақтан өткізеді. Ұйым өкілдері тамыздың 12-сі күні институт орналасқан Саровтың (Нижегородская облысындағы жабық қала) мыңдаған тұрғыны әскери полигонда қаза тапқан ғалымдармен қоштасу рәсіміне қатысқанын хабарлады.

Жарылыс туралы ашық ақпарат талап етіп тұрған тұрғын. 13 тамыз 2019 жыл.
Жарылыс туралы ашық ақпарат талап етіп тұрған тұрғын. 13 тамыз 2019 жыл.

​Америкалық ғалымдардың үкіметтік емес қауымдастығының ядролық зерттеу саласы бойынша маманы Анкит Панда Азаттыққа «Архангельск облысында болған оқиға туралы деректердің басым бөлігі жарылыс «Буревестник» зымыранын сынақтан өткізген кезде болғанын көрсетеді» деді. Оның сөзінше, мұндай қорытындымен америкалық барлау қызметі де келіседі.

«СОҒЫС ҚОЗҒАЛТҚЫШЫ»

Көп ақпарат құралы мен зерттеушілер «Ресейдегі жарылысқа құпия құрлықаралық зымыранның қатысы бар» деп санайды. 2018 жылы наурызда Владимир Путин Ресейде құрлықаралық қанатты зымыран барын айтқан.

Оқиға мұнымен аяқталмайды.

Union of Concerned Scientists' Nuclear Safety Project ұйымының міндетін атқарушы Эдвин Лиман тамыздың 16-сы күні Азаттыққа «Буревестник» жарылды деген болжамға күмәнмен қарайтынын айтты. Оның сөзінше, «Буревестник» жарылса, оның құрамындағы тез ыдырайтын заттар ауаға тарап, оларды алыстан байқауға болады.

- Мәселе радиацияның деңгейінде ғана емес, оның түрінде болып отыр. Осыған дейін ядролық реактор болғанын дәлелдейтін радиоактивті йод табылғаны туралы ақпарат жоқ. АҚШ немесе басқа мемлекеттер қандай да бір дерек тауып, айтпай отырған шығар. Біз оны білмейміз. Бірақ осындай көлемдегі ядролық реактор болса, йод бөлінгені анық болар еді, - дейді сарапшы.

Норвегиялық Беллон қорының бөлімшесі саналатын «Беллона-Мурманск» экологиялық ұйымының басшысы Андрей Золотников тамыздың 15-і күні Азаттыққа қолында толық ақпарат болмағандықтан әрі жарияланған деректер бір-біріне қайшы келгендіктен, оқиғаның себебі туралы әлі түбегейлі қорытынды шығармағанын айтты.

Золотниковтың сөзінше, бір анығы әскери нысандағы ядролық құрылғы сынақтан өткен. Сарапшының пікірінше, көлемі шағын ядролық жүйе немесе радиоизотопты термоэлектрлік генератор жарылуы мүмкін.

Ал бұған дейін «Росатом» да «жарылыс радиоизотопты энергия көзінен шыққан» деген мәлімдемесімен таратқан еді.

Мемлекеттік «Известия» газеті тамыздың 15-і күні аты-жөні аталмаған әскери қызметкердің «жарылыс радиоизотопты энергия көзі бар зымыран жүйесінің жаңа акселераторын сынау кезінде болды» деген пікірін жариялады.

Нёнокса ауылы. 2018 жылдың қазаны.
Нёнокса ауылы. 2018 жылдың қазаны.

Мақалада бұл жүйенің қандай мақсатта пайдаланылатыны айтылмайды. Бірақ басылым жүйені құрастыруға бүкілресейлік эксперименталды физика ғылыми-зерттеу институты қатысқанын, құрылғының әскери және аэроғарыш саласында қолдануға жарайтынын жазды.

БАСТЫ СҰРАҚ

Панданың сөзінше, осыған дейін «Буревестник» 14 рет сыналған деген ақпарат бар. «Менің білуімше, бірде-бір сынақ сәтті аяқталмаған» дейді ол.

Вашингтон Ресейдегі жарылысқа ерекше назар аударып, АҚШ-тың барлау қызметі оқиғаны «Буревестник» сынағының салдары деп отыр

Панданың сөзінше, ядролық реактор орнатылған немесе радиоизотопты энергия генераторы негізінде жұмыс істейтін құрылғы құласа немесе басқа оқыс жағдай болса, радиация тарау қаупі туады.

Ол мұндай жарылыстар адам өмірі мен қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіретінін айтты.

Ал Золотков «Не сыналса да, «бұл құрылғының көзі жойылды ма?» және «ол қазір қайда?» деген негізгі сұрақтар қойылуы керек. Одан бөлек, «құрылғы жоғалып кеткен жоқ па, сенімде жерде ме?» деген мәселе де маңызды» дейді.

Оның пікірінше, Ресей жарылыс жайлы шынайы, бұрмаланбаған ақпарат беруі керек.

«Тағы да қайталап айтамын, ядролық сынақ үлкен қалаға мұндай жақын қашықтықта жасалмауы керек» деді Золотков.

Архангельск облысында 350 мыңға жуық адам тұрады. Open Media сайты «Жергілікті әкімдік тамыздың 13-і күні адамдардың салғырттығынан болатын төтенше жағдайлар кезінде радиоактивті, улы биологиялық және химиялық заттардан және газдан қорғайтын масканың 1200 данасына тендер жариялаған» деп хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG