Accessibility links

Зерттеу: Путиннің досы Өзбекстанның газ секторынан қалай пайда көрді?


Владимир Путин, Геннадий Тимченко, коллаж.
Владимир Путин, Геннадий Тимченко, коллаж.

Ресейдің Еуропаға арзан газ тасымалдауды тоқтатып, "бопсалауға" тырысуы сәтсіздікке ұшырады. Есесіне Ресеймен одақтас Өзбекстан қытымыр аязда "тоңды": бұл елде мұнай-газ жобаларының қызығын көрушілер Ресей президентінің айналасындағыларға жақын адамдар болып шықты.

Өзбекстанда көп жылдан бері бірінші рет қыс қатты болып, елдің газ және энергетика жүйесі апатқа ұшырады. Президент Шавкат Мирзияев қаңтарда дағдарысқа жоғары шенді шенеуніктер мен технократтарды кінәлап, біраз адамды қызметінен босатты.

– Суыққа тоңып отырған әр адам, әр отбасы үшін уайымдаймын. Әр басшы осыны сезінуі керек. Биылғы суықта жүйенің жағдайы белгілі болды, – деді Шавкат Мирзияев 16 қаңтарда өткен жиында. Ол осы жиында бірқатар шенеунікті, оның ішінде Ташкент әкімін орнынан алып тастады.

Ерекше суық қыс. Ташкент, қаңтар, 2023 жыл.
Ерекше суық қыс. Ташкент, қаңтар, 2023 жыл.

Азаттықтың Өзбек қызметі жүргізген зерттеу Мирзияев әкімшілігіне мұнай мен газ өндірісін арттыру жобасы біраз мәселеге себеп болуы мүмкін екені үш жыл бұрын айтылғанын анықтады.

Бұған қоса, бұл жобалардың негізгі бенефициарлары – Өзбекстан мен Ресейдің саяси инсайдерлері басқаратын ашықтығы жоқ компаниялар екенін журналистер анықтады. Олардың арасында Владимир Путинге жақын миллиардер де бар.

Азаттық радиосы Өзбек қызметінің қолына 2020 жылы қаңтарда Мирзияев әкімшілігіне арнап дайындалған құпия ведомствоаралық баяндама қорытындысы түсті. Онда президенттің энергетикалық жобасы аясында жасалған келісімшарт елдің энергетикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, газ тапшылығына ұрындыруы мүмкін деп жазылған.

Ташкентте тұратын азаматтардың бірінің үйіне барып, жылу жүйесін тексерген Шавкат Мирзияев.
Ташкентте тұратын азаматтардың бірінің үйіне барып, жылу жүйесін тексерген Шавкат Мирзияев.

16 қаңтарда Ташкентте өткен отырыста Мирзияев Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысына газ дағдарысына байланысты қызметінен босатылған шенеуніктер жұмысын тексеріп, заңды бұзғаны анықталса, қатаң жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Бұл сөздер Мирзияев әкімшілігіне 2020 жылы қаңтарда берілген құпия баяндама қорытындысын еске салады. Бірақ онда ықтимал қылмыскерлер тізімі әлдеқайда ұзын болған.

Баяндама авторлары Мирзияевтан энергетика министрлігі мен "Өзбекмұнайгаз" мемлекеттік компаниясы басшылығын түгел ауыстырып, оларды мемлекетке экономикалық залал келтіріп, президент әкімшілігіндегі шенеуніктермен сөз байласқаны үшін жауапқа тартуды сұраған.

Азаттықтың Өзбек қызметі Мирзияев әкімшілігіне, энергетика министрлігі мен “Өзбекмұнайгаз” мемлекеттік компаниясына хабарласып, зерттеу қорытындысына қатысты пікір білдіруді сұрады. Бірақ мақала жарияланғанға дейін еш жауап келмеді.

ҚҰПИЯ БАЯНДАМА

Бұрынғы президент Ислам Каримов тұсында Өзбекстан Ресейдің энергетикалық компанияларымен, оның ішінде “Газпроммен” газ өндіру мен тасымалдауға қатысты бірнеше келісімшартқа қол қойған. Бірақ елді көп жыл басқарған Каримов Мәскеудің Орталық Азиядағы бастамаларына күмәнмен қарап, Путин құрған Еуразия экономика одағына кіруден бас тартқан.

2016 жылы қыркүйекте Каримов қайтыс болғаннан кейін Путин мен “Газпром” президент қызметін атқарушы Мирзияевпен байланыс орнатуға тырысты.

Көп ұзамай Өзбекстанның жаңа басшысы Ресеймен жұмыс істеуге мүдделі екені белгілі болды.

Ислам Каримов және Ресей басшысы Владимир Путин. Сәуір, 2016 жыл.
Ислам Каримов және Ресей басшысы Владимир Путин. Сәуір, 2016 жыл.

2016 жылы қазанда Мирзияев “Өзбекстанмұнайгаз” және "Газпромның" швейцариялық еншілес компаниясы құрған бірлескен кәсіпорынға Өзбекстанның болашағы бар кен орындарында геологиялық барлау жүргізу және бұрғылау құқығын беретін жарлыққа қол қойды.

2017 жылы наурызда Мирзияев Natural Gas-Stream бірлескен кәсіпорнына бюджеті 3,9 млрд доллар болатын жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Бұл қаржыны "Газпромбанк" бөлген. Бағдарламаның мақсаты – "халық пен мемлекеттің көмірсутегі ресурстарына мұқтаждығын тұрақты түрде қамтамасыз ету".

Бағдарламаға сәйкес, “Өзбекмұнайгаздың” өндірісі жыл сайын 6,3 млрд текше метрге өсіп отыруы керек.

Аталған бағдарлама мен басқа да ірі энергетикалық жобалар қалай жүзеге асып жатқанын қадағалау үшін Мирзияев 2019 жылы қарашада ведомствоаралық жұмыс тобын құрып, жоспардағы және қолға алынған 35 жобаны талдауға берген. Жобалардың жалпы құны 39 миллиард доллардан асады. Мұны жұмыс тобымен таныс әртүрлі ақпарат көздері мен Азаттықтың қолындағы баяндама да растайды.

Жұмыс тобының қорытындысына қарағанда, жобаны жүзеге асыру кезінде тиімсіздік, бағаны көтеру, ашықтықтың болмауы сияқты көп кемшілікке жол берілген.

Топ мүшелері (арасында мемлекеттік энергетикалық компания, геология және минералды ресурстар комитеті, есептік палата сарапшылары бар) жалпы құны 24,5 миллиард доллар болатын 17 жобаның екеуі (құны 3,9 млрд доллар) пайда әкелмейді, алтауы (тоғыз миллиард) тиімсіз, ал қалған үшеуін (5,8 млрд доллар) қайта қарау керек деген қорытындыға келген.

17 жобаның арасында Мирзияев ұсынған, көмірсутегі өндірісін арттыруға арналған төртжылдық бағдарлама да бар.

"Би-Пи" корпорациясының дерегінше, Өзбекстанның дәлелденген газ қоры 800 млрд текше метр болады. Мирзияевтың бағдарламасында газ өндірісін жыл сайын 6,35 млрд текше метрге өсіру қарастырылған. Жұмыс тобының баяндамасында 2018 жылы газ өндірісі жоспарланған көлемнің 33%-ына дейін ғана өскені айтылады. Азаттық радиосының Өзбек қызметі танысқан есеп те газ өндірісінің көлемі жоспарланған қарқында жүрмей жатқанын растайды.

Желтоқсанда қатты суық болып, газ тапшылығы сезілгенде, энергетика министрлігі ресурстардың сарқылуы мен газ өндіру кезіндегі апат салдарынан "Өзбекмұнайгаз" компаниясының өндіріс көлемі жыл сайын қысқарып жатыр деп мәлімдеді.

Бірақ үш жыл бұрын жұмыс тобы жағдайға басқа баға берген. Баяндамада мұнай-газ саласын тұрақты дамытуға кедергі келтіріп отырған, мемлекет мүддесіне қайшы мәселелер мен заңбұзушылықтар анықталғаны жазылған.

Сынның негізгі бөлігі Мирзияев бағдарламасының бас мердігерлері – Eriell Group және Enter Engineering компанияларына бағытталған. Баяндама авторлары оларды өз қызметінің бағасын көтеріп, субмердігерлерге құрал-жабдық беру және оны модернизациядан өткізу бойынша келісімшартта көрсетілген міндеттемелерін орындамады деп айыптайды.

Мирзияев бағдарламасын жүзеге асырудың бірінші кезеңінде Eriell өз қызметінің бағасын 400 млн долларға көтерген. Бірақ бұрғылау және жөндеу жұмыстарын субмердігер "Өзбекмұнайгаз" компаниясы келісімшартта көрсетілген сомадан да арзан бағаға орындаған.

Бұл тұжырым сол жылы Boston Consulting Group (Азаттықтың Өзбек қызметінің қолында құжаттың көшірмесі бар) жасаған құпия бағалау қорытындысына сәйкес келеді. Баяндамада Eriell "Өзбекмұнайгаз" нысандарындағы мердігер монополист деп есептеледі. Eriell делдалдығының арқасында қызмет бағасы екі-төрт есе қымбаттап кеткен. Бұл жұмысты "Өзбекмұнайгаз" өзі орындаса, қызмет құны әлдеқайда арзанға түсер еді.

Әртүрлі қаржы деректеріне қарағанда, Eriell Group пен Enter Engineering өзбек-орыс желісіндегі негізгі операторлар саналады. Бұл желіге Кремльге қатысы бар олигархтар, күш құрылымдары басшыларының балалары және мемлекеттік компаниялар, “Газпромға” жақын, самарқандтық кәсіпкер мүше.

ТАҢДАУЛЫЛАР

Eriell Corporation 1999 жылы құрылған: компанияны Самарқандта туған Бахтиер Фазилов Прагада тіркеген. Басында компания ресейлік бұрғылау құрылғыларын Өзбекстанға сатумен айналысқан. Кейін өзі де келісімшарттар жасап, "Өзбекмұнайгазбен" әріптестігінің арқасында бұрғылау саласында Өзбекстанның мұнай және газ кен орындарындағы монополиске айналды.

Бахтиер Фазилов.
Бахтиер Фазилов.

2008 жылы Eriell Ресей нарығына шығып, "Газпром", Роснефть", Тимченконың "Новатэк" газ компаниясы сияқты алпауыттармен келісімшартқа отырды. Кейін "Газпромбанк" 100 млн долларға Eriell акциялар пакетінің 46 пайызын сатып алды.

2016 жылы Мирзияев билікке келгенде, Eriell компаниясы мен Бахтиер Фазиловтің тасы өрге домалады.

Кейінгі алты жылда Eriell мен Enter Engineering (Фазилов пен "Газпромбанк" иелігіндегі тағы бір компания) жалпы құны 23 млрд долларға тең тоғыз ірі мұнай-газ жобасында бас мердігер болған.

Қаржы есебі деректеріне қарағанда, 2017 және 2018 жылдары аталған компаниялар Өзбекстанның мұнай-газ кен орындарында 1,9 млрд долларға құрылыс пен жөндеу жүргізу туралы келісімшартқа отырған.

– 2016 жылдың қыркүйегінен бастап Бахтиер Фазиловтің рұқсатынсыз бірде-бір текше метр газ сыртқа шығарылған жоқ, – деді кәсіпкердің аты-жөнін көрсетпеуді сұраған серіктестерінің бірі.

Бахтиер Фазилов және Өзбекстанның бұрынғы энергетика министрі Әлішер Сұлтанов.
Бахтиер Фазилов және Өзбекстанның бұрынғы энергетика министрі Әлішер Сұлтанов.

Қаржы құжаттары бойынша, Ұлыбританияның патша иелігі саналатын Джерсиде тіркелген Eriell компаниясының жылдық айналымы миллиард долларға жетеді.

Eriell компаниясының түпкі бенефициарларын табу қиынға соқты. Құжаттарға қарағанда, компанияны Фазилов пен "Газпромбанктің" және Тимченко мен оның күйеубаласының компанияларымен бірдей мекенжайда тіркелген ресейлік AMGA Consulting компаниясы басқарады.

Тимченконың іскерлік серіктестері Eriell-дің үлескер компанияларымен де байланысты.

2019 жылғы желтоқсандағы қаржы есебіне қарағанда, Enter Engineering (Фазилов Кипрдегі компания арқылы осы компанияның шешуші акцияларына иелік етеді) миллиард доллар табыс тапқан. Бұл жерде Өзбекстандағы жобалар туралы айтылып отыр. Оның 670 миллионы – энергетика саласындағы жобалар.

Өзбекстанның энергетика секторындағы ақпарат көздері Фазиловті "Газпромның" Өзбекстандағы маңызды адамы деп таниды.

“Газ саудасы түгелдей соның қолынан өтеді” деді кәсіпкердің серіктестерінің бірі.

Корпоратив құжаттарға сәйкес, Фазилов пен ұлттық қауіпсіздік қызметі бұрынғы басшыларының балалары арасында іскерлік байланыс бар.

Ол – ұлттық қауіпсіздік қызметінің полковнигі Эркин Убайдуллаевтың ұлдары Равшан және Еркін Убайдуллаевтармен, 1991-2018 жылдары ұлттық қауіпсіздік қызметін басқарған Рустам Инаятовтың ұлы Шариф Инаятовпен бірге көп компанияның серіктесі.

Ағалы-інілі Убайдуллаевтар мен Шариф Иноятов бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірмеді.

Фазилов Азаттық радиосының Өзбекстанның энергетика секторындағы іскерлік операциялары мен қаржылық мүддесі туралы сұраған хатын жауапсыз қалдырды. Бірақ Ольстер университетінің өкілі Кристиана Ласслеттаға жіберген жауабында Фазилов бұл сұрақтарда "қате, нақты емес және толықтырылмаған ақпарат қамтылғанын" айтады.

"Өкінішке қарай, іскерлік байланыстардың құпиялығына байланысты сұрақтарыңызға жауап бере алмаймыз. Бірақ сізге ақпарат берген адамдар қателескен" деген Фазилов электрон поштаға жіберген жауабында.

МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІНЕ ҚАЙШЫ

Eriell мен Enter Engineering – Фазиловпен және ресейлік кәсіпкерлермен байланысы бар жалғыз компания емес.

Фазилов – кипрлік Altmax компаниясының негізін қалаушы әрі оның акционері. Мирзияевтың тұсында басталған бірнеше газ жобасында (сутегі өндірісін арттыру бойынша төрт жылдық бағдарламаны қосқанда) үлесі бар.

Altmax "Өзбекмұнайгазбен" (Мирзияев бюджеті 3,9 млрд доллар болатын бағдарламаның операторы етіп бекіткен).

Almax-тың 2017 жылғы қаржы есебі бұл компанияның Мирзияевтың энергетика жобаларында қандай рөл атқаратынын көрсетеді. Бұл құжаттарға сәйкес, сәуірде Altmax пен оның Natural Gas-Stream бойынша серіктестері Өзбекстан үкіметімен келісімшартқа отырып, 35 жыл бойы елде мұнай-газ саласындағы кез келген жобаны жүзеге асыру құқығына ие болған.

Бірақ жұмыс тобының құпия баяндамасына қарағанда, Natural Gas-Stream компаниясының Мирзияев бағдарламасын жүзеге асырудағы қызметін ойдағыдай орындамаған.

Natural Gas-Stream елдің оңтүстік-шығысындағы Мубареке өңіріндегі "Өзбекмұнайгаз" зауытынан ішкі қажеттіліктерге арналған газды арзан бағаға сатып алып, қымбат бағамен экспорттаған. Табысын операциялық шығындар мен "Газпромбанктегі" несиесін төлеуге жұмсаған. Бұл несие бас мердігер Eriell компаниясының қызметтеріне ақы төлеу үшін алынған.

Шавкат Мирзияев пен Бахтиер Фазилов.
Шавкат Мирзияев пен Бахтиер Фазилов.

"Нәтижесінде Natural Gas-Stream қызметінен табыс түспейді, керісінше, "Өзбекмұнайгаздың" мойнына шығын болып отыр" делінген баяндамада.

Фазилов Altmax-тың негізін қалағалы компанияның меншік құрылымы бірнеше рет өзгерген. Қазір компанияның бір бөлігі сингапурлық компанияға, екіншісі кипрлік компанияға тиесілі. Кәсіпкердің сөзінше, бұл компания ресейлік миллиардер, Ресей шахмат федерациясының президенті, Тимченконың бизнес серіктесі Андрей Филатовқа қарайды.

Brighttree Holding LTD иесі ресейлік кәсіпкер Андрей Филатов (ортада), Бахтиер Фазилов (оң жақта) және Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев.
Brighttree Holding LTD иесі ресейлік кәсіпкер Андрей Филатов (ортада), Бахтиер Фазилов (оң жақта) және Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев.

Филатов Азаттық радиосының Өзбек қызметі Altmax және Фазиловпен байланысы туралы сұрақ қойғаннан кейін екі күннен соң Ресейдегі шахмат федерациясының сайтында Фазиловтен сатып алған компанияның 50 пайыз үлесіне ие екенін жазды.

– Кәсіпкер ретінде көп салаға, оның ішінде мұнай-газ секторына қызығамын. Фазилов мырзаның беделі жоғары, ары таза азамат екеніне күмәнім жоқ, бірақ біз бизнес серіктес емеспіз, – деді ол 3 ақпанда жариялаған мәлімдемесінде.

Жұмыс тобының құпия баяндамасы Мирзияевтың Altmax компаниясына берген энергетикалық жобаларында мәселе көп екенін көрсетеді. Мәселен, кипрлік компанияның корпорациялық ашықтығына қатысты күмән бар.

Жұмыс тобының баяндамасында “мұндай меншік құрылымы ашық қаржы қызметін жүргізуге, шетелдік құрылтайшылар үлесін бағалауға мүмкіндік бермейді” делінген. Келісімшарт бойынша, Өзбекстан тарапы табыстың 10 пайызын ғана алады, бұл мемлекет мүддесіне кірмейді.

ТИМЧЕНКОНЫҢ СЕНІМДІ АДАМЫ

2018 жылы 19 қазанда Мирзияев пен Путин Ташкентте дөңгелек үстел басында қос мемлекеттің өкілетті тұлғаларымен бірге отырған.

Мирзияев екі жылдан кейін қос мемлекет арасындағы сауда айналымы 10 млрд долларға жетуі мүмкін деп, Путинге ризашылығын білдірген. Осы кездесуде Өзбекстан басшысы алдағы бес жылда ресейлік компаниялармен 25 млрд долларлвқ ірі келісімшарттарға қол қойылғанын айтып, жетекші бизнес өкілдерінің тізімін шолып шыққан.

Бұл тізімде белгілі Ресейдің "Газпром", "Лукойл", "Росатом", "Газпромбанк" және "ВТБ" сияқты компаниялары бар. Олардың арасында көпшілік біле бермейтін, Өзбекстан президенті қателесіп, “Ворус” деп оқыған компания да болды.

Шын мәнінде компания "Форус" деп аталады. Ол Петербургте тіркелген. Бір жыл бұрын иегері 27 жастағы заңгердің көмекшісі болған.

Путин мен Мирзияев кездесуінен екі күн бұрын "Форус" пен "Өзбекмұнайгаз" еншілес компаниясы Gazli Gas Storage деп аталатын бірлескен кәсіпорын құрған. Кәсіпорын акциясының 60 пайызы "Форусқа", 40 пайызы Өзбекстанның мемлекеттік энергетикалық компаниясына тиесілі.

Екі аптадан кейін Мирзияев үкіметтің ешкім танымайтын ресейлік компаниямен неге серіктес болғанын түсіндірді. Компаниямен серіктестік туралы жарлық жарияланбаған, Бірақ бұл құжат Азаттықта бар. Жобаға сәйкес, "Өзбекмұнайгаз" бен "Форус" Бұхара облысы Газли қаласындағы газ қоймасының көлемін үлкейтеді.

Газ көлемі 3 млрд текше метрден 10 млрд текше метрге дейін артады деп жоспарланған. Компаниялар сондай-ақ Газлидегі кен орнына геологиялық барлау мен бұрғылау жүргізуі керек. Жоба құны – 850 млн доллар. Бұл – жарғы капиталы 155 доллардан аспайтын "Форус" үшін үлкен қаржы.

Газлидегі газ қоймасы Өзбекстанның газ тасымал жүйесінің орталығында – Ресей, Түркіменстан, Қазақстан мен Қытайға баратын газ құбырларының тоғысында орналасқан.

Ведомствоаралық жұмыс тобы президент әкімшілігіне дайындаған құпия баяндамасында Газлидегі газ қоймасының стратегиялық маңызын еске салып, оның кеңеюіне қатысты алаңдаушылық білдіреді.

Газли, Өзбекстан.
Газли, Өзбекстан.

Жұмыс тобының пікірінше, газ қоймасын кеңейтудің экономикалық мәні жоқ. 2019 жылы Boston Consulting Group дайындаған құпия баяндамада бұл жоба тиімсіз екені айтылады. Сарапшылар стратегиялық нысанды шығу төркіні белгісіз компанияның бақылауына беру елдің энергетикалық қауірсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін деп тапқан.

Сонымен Өзбекстанның энергетикалық нысанын қолына алған Ресей компаниясының иесі кім?

Азаттықтың Өзбек қызметі қарап шыққан құжаттар компанияның негізін қалаған, 2021 жылғы желтоқсанға дейін меншік иесі болған тұлғаның Путиннің ескі досы, 2014 жылдан бері АҚШ пен Еуроодақ санкциясына ілінген Геннадий Тимченконың сенімді адамы екенін көрсетеді.

Ресейдің ресми деректеріне сәйкес, "Форус" компаниясының негізін қалаушы Аида Чачхалия Петербургтегі "Иванян и партнеры" компаниясында халықаралық соттарда Тимченко мен Ресей үкіметінің мүддесін қорғайтын заңгердің көмекшісі болып істеген.

33 жастағы Чачхалия Тимченкомен бірге оның шарап жасау саласындағы іскерлік мүддесін қанағаттандыратын компания құрған. Қазір ол – компанияның жалғыз иегері. Оның үстіне, Чачхалия – Тимченконың былтыр АҚШ санкциясына ілінген күйеубаласы Глеб Франктың іскерлік әріптесі.

Өзбекстанның энергетика секторындағы ақпарат көздері, оның ішінде “Өзбекмұнайгаз” сарапшысы, "Форус"пен Газли жобасының түпкі бенефициары Тимченко деді.

Тимченко Газли және "Форус" жобасына қатысы туралы сұрақтарға жауап бермеді.

Азаттықтың Өзбек қызметі "Иванян и партеры" кеңсесіне хабарласып, Чачхалиямен сөйлесті. Ол "Форус" компаниясының негізін қалаушы және жалғыз иегері ретіндегі рөлі туралы сұраққа "Білуімше, қазір құрылтайшы емеспін. Сіздерге көмектесе алмайтын сияқтымын" деді. Өзінің айтуынша, Чачхалия бірнеше жылдан бері компанияға иелік етпейді.

"Форустың" қазіргі иегері "Газпромға" тиесілі компания арқылы қоғамнан жасырылған. Бұл компания ресейлік ірі компаниялардың акционерлер реестрін жүргізеді.

Чачхалия Өзбекстандағы инвестициялық мүддесі туралы сұрақтарға жауап бермеді және журналиске бұл сауалдарды компанияның қазіргі басшыларына қойыңыз деп кеңес берді. Бірақ оларды танымайтынын айтты. "Форустың" шынайы иегері болдыңыз ба?" деген сұрақ қойылғанда, телефон тұтқасын тастай салды.

"Форус" компаниясына жіберілген хат та жауапсыз қалды.

XS
SM
MD
LG