Accessibility links

Левада: Ресей халқының көбі мигранттарды келтірмеуге бейіл


Полицияның мигранттарға рейді. Мәскеу, 14 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Полицияның мигранттарға рейді. Мәскеу, 14 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Сауалнамаға қатысқан ресейліктердің үштен екісі «билік елге келушілерді тежеуі тиіс» деп санайды. Олардың 2-3 пайызы ғана мигранттарды сыйлайтынын және ұнататынын айтқан.

Ресейдегі «Левада» әлеуметтік зерттеу орталығы сарапшыларының мәлімдеуінше, олар жүргізген сауалнамаға қатысқан ел халқының көбі бұрынғысынша «билік елге мигранттардың келуін шектеуі тиіс» деп санайды. Ол пікірді респонденттердің 66 пайызы құптаған. Бұл 2016 жылғы наурызда осылай деп мәлімдеген 80 пайыздан біраз кем болғанымен, бәрібір жоғары көрсеткіш.

Ресейде белгілі бір аймақтардан келетін кей ұлт өкілдері мен мигранттардың ел территориясында тұруын шектеу идеясын қолдайтындар да көп. Ресейлік әрбір үшінші респондент (жауап берушілердің 34 пайызы) ресейлік Кавказ бойы елдерінен шыққан азаматтардың Ресейде тұруын шектеу керек деп санайды. Ал 29 пайызы бұрын СССР құрамында болған Орта Азия республикаларының азаматтарын (тәжік, қырғыз, өзбек және өзге ұлттарды) Ресейге жолатқылары жоқ.

Респонденттердің 24 пайызы – қытайлардың, 21 пайызы – сығандардың, 19 пайызы – вьетнамдықтардың, 6 пайызы еврейлердің Ресейге кіруіне шектеу қою қажет деп санайды. Сұралғандардың 18 пайызының пікірінше, «ұлты орыс емес адамдардың бәрі осындай шектеуге ілігуі тиіс».

Украиндардың Ресейде тұруын шектегісі келетіндер үлесі де көп өзгермеген: 2015 жылғы тамызда бұл көрсеткіш 14 пайыз болса, қазір – 13 пайыз.

Сауалнамаға қатысқан ресейліктердің жартысынан көбі «Ресей – орыстар үшін» деген идеяны жақтаған. 38 пайызы ол идеяны «іске асыру жөн болар еді, бірақ орынды шамада іске асыру керек» деп санайды, ал 14 пайызы идеяны қолдайтынын айтып, «оны баяғыда іске асыру керек еді» деп мәлімдеген. Респонденттердің 21 пайызы ғана «бұл – фашистік идея» деп мәлімдеген.

Ресейліктердің мигранттарға қатысты көзқарасының өзгеруі.
Ресейліктердің мигранттарға қатысты көзқарасының өзгеруі.

Елде өзге ұлт өкілдерінің тұруына шектеу енгізуді сауалнамаға қатысқан әрбір бесінші адам (20 пайызы) ғана қолдамаған. Респонденттердің 23 пайызы «билік мигранттарға арналған барлық кедергіні жойып, бұл жағдайды ел игілігіне айналдыруы тиіс» деп санайды.

Мамандар ресейліктерден: «Сіз тұратын немесе жұмыс істейтін жерде соңғы жылдары мигранттар көбейді мен әлде азайды ма?» деп те сұраған. (Статистика деректері бойынша, рубль бағамы құлдырағаннан кейін көбі Орталық Азиядан келген жүздеген мың мигрант елдеріне қайтып кеткен). Бұл сұраққа ресейліктердің 43 пайызы – «кейінгі екі жыл ішінде жағдай өзгерген жоқ», 42 пайызы – «мигранттар көбейді» деп жауап берген, тек 7 пайызы ғана «азайды» деп мәлімдеген.

«Левада» орталығы сарапшыларының пікірінше, ресейліктердің 12 пайызы ғана «мигранттар ресей қоғамын байыта түседі» деп санайды. Респонденттердің арасында өзге елден келетіндер «Ресей мәдениетін күйретушілер» (39 пайыз), «ел экономикасын дамытуға пайдасы жоқтар» (51 пайыз), «қылмысты көбейтетіндер» (64 пайыз) және «ресейліктердің жұмыс орнын иеленіп алғандар (62 пайыз) деген пікір орныққан.

Респонденттердің 2-3 пайызы ғана оңтүстік елдерден келген адамдарға құрмет мен кісілік танытатынын мойындаған. Сұралғандардың 15 пайызы миграттарға қитығына тиетінін, 18 пайызы оларды жақтырмайтынын, 5 пайызы олардан қорқатынын мәлімдеген.

Бірақ ресейліктердің 18 пайызы ғана өзі тұратын қала немесе ауданда «ұлтаралық шиеленіс бар сияқты» деп мәлімдеген, ал көпшілігі (79 пайызы) мұндай проблема жоғын айтқан.

XS
SM
MD
LG