Accessibility links

Ресейде «Антимайдан» науқаны басталды


Киевтегі Тәуелсіздік алаңындағы (Майдан) шеру. 8 желтоқсан, 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Киевтегі Тәуелсіздік алаңындағы (Майдан) шеру. 8 желтоқсан, 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, ел аймақтарында еріктілер «Антимайдан» топтарын құрып жатыр. Ақпараттарға қарағанда, олар билікке көмектесіп, оппозицияның халықты арандатуына қарсы тұрмақ.

Ресейде «Майдан» ұйымдастыруды көздегендер сақ болсын! «Халық жасақтары» сізден бұрын іске кірісіп кетті. Ресейдің кейбір аймақтарында еріктілер тобы билікке жәрдемдеспек. Олар Украинада биліктің ауысуына ықпал еткен «Майдан сценариін» Ресейде болдырмауға тырысады.

«Антимайдан» еріктілер тобы 10 адамнан құралады және топты басқаратын бригадирі болады. Еріктілер топтары жаңадан құрылған «Антимайдан кеңесі» жанынан ашылады. Бұл кеңес Ресей әскери және арнайы күштерінің ардагерлері мен белсенділердің, православ азаматтар одағы өкілдерінің басын біріктірген ұйым.

«АНТИ-МАЙДАН» КЕҢЕСІ

Ресейлік «Известия» газетінің жазуынша, еріктілер осы айдан бастап жұмысқа кіріседі. Газет провинция губернаторларына сілтеме жасай отырып, «Олар құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста қызмет етеді» деп жазады.

«Известия» дерегі бойынша, кеңес төрағасы Евгений Шабаев «Антимайдан» топтарының Украинамен шектесетін және орталық аймақтарда жұмыстарын бастай беретінін, болашақта мұндай топтардың Ресейдің барлық аймақтарында құрылатынын айтқан. Шабаев еріктілердің міндетін нақты түсіндірмеген.

«Антимайдан кеңесін» құрушылар өткен айда өз міндетін «конституциялық құрылым мен үкіметті биліктен тайдыруды көздейтін Батыс ықпалына қарсы тұру үшін орыс халқын ақпараттандыру» жолында қызмет етеміз деп түсіндірді.

Ресей азаматтарының Украинаны қолдаған акциясы. Мәскеу, 12 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей азаматтарының Украинаны қолдаған акциясы. Мәскеу, 12 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

​Кеңес үкіметке қарсы белсенділердің қыркүйектің 14-і күні өтетін жалпыұлттық аймақтық және жергілікті сайлаулар кезінде ел ішінде дүрбелең тудырып, көше шерулерін өткізуі мүмкін екенін ескертті. Сондықтан олар үкіметтің мүддесін қорғайтын балама шерулер мен шаралар өткізбек.

Кеңес мүшелері – Ресей барлау қызметінің ардагерлері мен Ресей православ азаматтары одағының жетекшілері, заң шығарушылар, Оңтүстік казактар ұйымы мен «Ночные Волки» («Түнгі қасқырлар») мотоклубының өкілдері.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

«Известияның» жазуынша, кеңестің еріктілер топтарын құру әрекетіне ел азаматтары түрліше қарайды.

Мәскеудегі Еуразия экономикалық қауымдастығы (Институт ЕврАзЭС)
институтының бас директоры Владимир Лепехин «мұндай топтар өз уақытында құрылып жатыр, қажет шаруа» дейді. Оның пікірінше «еріктілер мемлекеттік құқық қорғау мекемелерінің қызметін жеңілдетіп, саяси кеңістікті бақылап, балама акциялар өткізеді».

Ал «Саяси сарапшылар тобының» жетекшісі Константин Калачев:

- Антимайдан топтарын құру – керек емес, артық шаруа. Мұндай әрекеттер қоғамда наразылық тудыруы мүмкін. Халықтың көбі онсыз да «Майдан құбылысын» қолдамайды, бірақ олардың жүйкесіне «Антимайдан топтары» да тиюі мүмкін. Ресейде Украина сценариінің қайталануы екіталай, - дейді.

(Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен Динара Әлімжан аударды)

XS
SM
MD
LG