Accessibility links

ИМ Дағыстандағы жарылысты «жасағанын» мәлімдеді


Жемикентте жарылған көліктің қалдығы. Дағыстан, 15 ақпан 2016 жыл.
Жемикентте жарылған көліктің қалдығы. Дағыстан, 15 ақпан 2016 жыл.

Дағыстанның оңтүстігіндегі Дербент қаласынан 20 километр жерде орналасқан Жемикент маңында ақпанның 15-і жасалған жарылысты ИМ содырлары мойнына алды. Оқиғадан екі полицей қаза тапқан еді.

Жемикент жанындағы полицияның күзет пунктіне жасалған шабуылдан қаза тапқандардан бөлек, 12 адам жараланған, олардың алтауы - полиция қызметкерлері. Қарауыл пунктіне жарылғыш зат толтырылған көлік келіп соғылған. Оқиға орнынан жанкешті мәйітінің қалдықтары табылды. «Ислам мемлекеті» (ИМ – Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым – ред.) содырлары жарылысты мойындарына алды.

КАВКАЗ ӘМІРЛІГІ

Бұл - жыл басынан бері болып отырған үшінші қақтығыс. Қаңтар айында қарулы топ полицияға шабуылдады, ал ақпанның 14-і күні Хучни ауылында полиция содырлар ұрлап әкеткен жергілікті мұғалімді құтқаруға тырысып, атыс болды.

«Кавказский узел» ақпараттық сайты дерегіне қарағанда, Дағыстанның қауіпсіздік күштері ақпанның 15-і күнгі жарылысты «Кавказ әмірлігі» (КӘ) аталатын содырлардың «оңтүстік» тобы жасады деп болжаған. Бұл топты 2007 жылы шешен содырларының қуғындағы басшысы Доку Умаров құрған болатын.

Жарылыстан кейін. Жемикент маңы, 15 ақпан 2016 жыл.
Жарылыстан кейін. Жемикент маңы, 15 ақпан 2016 жыл.

Бірақ 2013 жылы Умаров қаза тапқан соң бұл топ жойылып кетуге шақ қалды, көптеген жауынгерлері қашып кетті, солардың ішінде ИМ-ге қосылған жетекші екі командир бар. Умаровтан кейін басшы болып сайланған ұлты авар Магомед Сулейманов (Әбу Усман Гимринский деген атпен де белгілі) 2015 жылдың тамызында оққа ұшты.

Сулейманов жаңа қызметін бірнеше ай ғана атқарды, қазір оның орнына кімнің сайланғаны белгісіз. Умаровтың бауыры Ахмад (Әбу Хамза ака) 2015 жылдың қазан айында интернетке видео жариялады. Онда өздерін шешен содырлары атаған, бетперде киген төрт адам Ахмадты басшы деп танып, оған адал қызмет етуге ант береді.

Ал Дағыстанның ішкі істер министрі, генерал-полковник Абдурашид Магомедов өткен жылдың қараша айында «900-ге жуық дағыстандық елден кетіп, ИМ сапына қосылды» деп мәлімдеген еді. Бірақ кейбір журналистер «ИМ-ге қосылуға аттанғандар саны 5 мыңға жетіп қалды» деп жазады.

ИМ-ГЕ ҚОСЫЛҒАН ДАҒЫСТАНДЫҚТАР

ИМ былтыр Дағыстанда болған екі жарылысты (екеуі де республиканың оңтүстігінде болды) «өз содырлары жасағанын» мәлімдеді. Біріншісі -тамыздың соңындағы Магарамкенттегі қауіпсіздік қызметі өкілі мен полиция тобына шабуыл.

Төрт айдан соң, желтоқсанның 30-ы күні, Дербенттің Нарын-Қала бекінісінде содырлар бір топ қауіпсіздік қызметкерін атқылады. Әскери қызметкерлердің біреуі сол жерде оққа ұшты, 11 адам жараланды.

Жемикент маңында жарылған көліктің қалдығы. 15 ақпан 2016 жыл.
Жемикент маңында жарылған көліктің қалдығы. 15 ақпан 2016 жыл.

Полиция қызметкерлері Азаттыққа жақында Дағыстанның батысындағы Шешенстан және Грузиямен шектесетін Цумада ауданында «қарулы адамдар тобы ИМ-ге қосылды» деп мәлімдеді. Бұл содырлардың басшысы Магомед Абдулхаликов өткен айда федералдық қауіпсіздік қызмет жауынгерлерімен атысып қаза тапқан еді.

Солтүстік Кавказда полиция мен содырлар атысынан опат болған адамдар саны кейінгі бес жылда азайып келе жатса да, Дағыстан қарулы қақтығыс жиі болатын (57) және құрбандар саны көп (123 адам қаза тауып, 27 адам жараланған – ред.) республика болып қалып отыр. Оның ішінде екі оқиға террорлық әрекет ретінде тіркелді.

Бұл шабуылдардың қаншасын ИМ-ге ант берген содырлар жасағанын анықтау қиын. Себебі, Кавказда КӘ мен ИМ жасақтары бірдей әдісті қолданады, ал Дағыстан полициясы мен қауіпсіздік қызметі шабуылды ИМ мойнына алғанымен, бұл ақпаратты растауға құлықсыз.

Лиз Фуллердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG