Экономикасы құлдыраған Ресейде кезінде алған тұтыну несиелерін дер шағында төлей алмай жатқандар көбейген сайын коллекторлар қорқытып-үркіту мен күш көрсетуге басты. Осыған орай парламенттік сайлау алдында заң шығарушылар қатаң заң қабылдайтындарын мәлімдеді.
Теледидар көрген сайын Сергейдің төбе шашы тік тұрады – телеарналар несиесін уақтылы төлемей қарызға батқан тұрғындардың қорқынышты тағдыры, коллекторлардың зорлық-зомбылығы туралы сұмдық оқиғаларды көп көрсетеді. Ол отбасының тағдырына алаңдайды.
ҮРЕЙ МЕН ҮМІТСІЗДІК
Желтоқсан айында Ресейдің оңтүстік-батысындағы Воронеж қаласының тұрғыны Сергей көптеген ресейлік азаматтар тәрізді несиесін мерзімінде қайтара алмады. Миында дерт бары анықталған соң Сергей жұмыс істей алмай, екі несиесінің мерзімін өткізіп алды. Оның жалпы қарызы 330 АҚШ долларын құрайды.
Шағын сома болса да, өткен айда Сергей мен оның достарын, таныстарын коллекторлар мазалап, күні-түні қоңырау шалып, қарызды қайтаруды талап еткен.
«Бұның соңы жақсылықпен аяқталар деп үміттенемін, бірақ солай боларына күмәнім бар» дейді толық аты-жөнін айтудан қорыққан жігіт.
Көпшілік аузында «қара жасауылдар» не «дағдарыс құзғындары» аталып кеткен қарызды қайтарушы коллекторлар мұнай бағасының арзандауы мен Батыс санкциялары әсерінен экономикасы құлдырап кеткен Ресейде ерекше көзге түсе бастады. Бүкіл әлемде бұл кәсіп иелерін ешкім жақтырмайды, бірақ соңғы уақытта Ресейде болған оқиғалар жан түршіктіреді. Сондықтан «коллекторларды құрту керек» деушілер көбейді, бірақ сот ісінде ақшаның күші жүретін елде жаңа заңнаманың ықпалына сенетіндер аз.
Қаңтардың 27-сі күні Ульяновск қаласында коллектор 4 000 рубль (53 доллар) несие алған пәтер иесінің терезесіне жанғыш заты бар шөлмек лақтырған. Шөлмек төсекте жатқан екі жасар сәбидің қасында жарылып, баланың беті және денесінің 40 пайызы күйген.
Бұдан біраз уақыт бұрын 3 миллион рубль (40 мың доллар) несие алған сібірлік ағаш кесуші жүкті әйелін, екі баласын атып өлтіріп, артынан өзін атқан. Оның бұндай әрекетке баруына зорлықшыл коллекторлар айыпты деседі.
Ал желтоқсан айында Ростов облысының полиция қызметкерлері балабақшаға арнайы иттері мен қызмет техникасын апарып, жарылғыш зат бар-жоғын тексерді, шұғыл түрде балалар мен қызметкерлерді эвакуация жасады. Себебі коллектор балабақшаның бір қызметкеріне «қарызыңды қайтармасаң, балабақшаны жарамын» деп қорқытқан.
Әлем бойынша несиені қайтарушы агенттіктер банкке қарыздар болған борышкердің несиесін төмен мөлшерлемемен сатып алады, содан соң қарыздар адамның соңына түседі. Бірақ Ресейдің қарызды қайтару саласының қызметі соңына қарай ұйымдасқан қылмыстық іске ұласып кетеді.
Көбіне «шағын қаржы ұйымдары» өзіне назар аудартады, оларды өсімқорға балап жатады. Банк ережелеріне немқұрайды қарайтын шағын несие ұйымдары кедей клиенттерге жоғары мөлшерлемемен аз мерзімге ақша береді – көп жағдайда олардың өз коллекторлары болады.
«САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ ПОПУЛИЗМ»
Ульяновскідегі Молотов коктейлін лақтыру оқиғасы халық ішінде үлкен наразылық тудырды. Баланың атасы RosDengi атты ұйымнан дәрі сатып алу үшін 4000 рубль қарыз алған. Кейін ол ақшаның пайызы қосылып, 40 мың рубльге (530 доллар) көбейген. Жанғыш заты бар шөлмекті лақтырған коллектор – бұрынғы полиция офицері, ұрлық жасағаны үшін айыпталып, жұмысынан қуылған адам.
Сергей шағын қаржылық ұйымнан 2015 жылдың маусымында қарыз алды. Аяқ астынан көзі қарауытып, есінен танып қалатын болған соң дәрігерге қаралып, қымбат ем қабылдайды. Наурыз айында 200 және 130 доллар ақшаны қарызға алады, жұмыс істеуге қабілетсіз болғандықтан әйелі мен бір жасар баласы соған күн көреді.
Маусым айында оның миында дерт бар екені анықталып, дәрігерлер «жұмысқа қабілетсіз» деген анықтама береді. Ай сайынғы 8500 рубль (112 доллар) мүгедектік бойынша алатын жәрдемақысы қарызды қайтаруға жетпейді. Сергей несие берушіге жағдайын айтып, мерзімін ұзартуды сұрайды, бірақ өсімі арта береді.
Оның айтуынша, бұрынғы алғанынан үш есе көп қайтаруы керек. Қазір ол үйінде отырып логистика саласында жұмыс істейді, бастығына сырқаты туралы өтірік айтты.
«Мен қорқыту мен үркітуден қорықпаймын. Қатерлі сырқатқа шалдықтым, қорқатын дүнием көп, сондықтан бұндай адамдардан қорқу – ақымақтық» дейді ол.
Тұтынушылар қарызын төлемесе Ресей экономикасы әлсірей береді деуге болмас, бірақ борышкерлер саны күн санап өсіп келеді – сондықтан қыркүйектегі парламент сайлауы алдында депутаттар коллекторлыққа тыйым салу мәселесін көтерді.
Ресейде 2015 жылы тұтынушылар төлемеген қарыз 48 пайызға артып, 1,15 триллион рубльге (яғни 15 миллиард долларға) жеткен.
Несие алу және қайтару жағдайларын бақылайтын Мәскеудегі United Credit бюросының дерегі бойынша, 2015 жылы тұтынушылар төлемеген қарыз 48 пайызға артып, 1,15 триллион рубльге (15 миллиард доллар) жеткен. Бюроның Азаттық радиосына берген ақпаратына қарағанда, 2015 жылы тұтынушы несиесін қайтаруды кешіктірген ресейліктер саны 8,5 миллионнан 11,5 миллионға өскен. Жыл соңында 7,3 миллион адам несиесін 90 күннен астам төлемеген, демек олардың басым көбі мүлдем төлемейді. 142 миллион тұрғыны бар елде 42,5 миллион ресейліктің несиесі және несие картасының қарызы бар.
«Әлбетте, дағдарысқа байланысты несиеге қатысты жағдай нашарлады, бірақ қалыпты көрсеткішті ұстап тұр» дейді Мәскеудегі қаржы консалтингілік фирмасы Macro-Advisory серіктесі Том Эдсхед.
2014 жылы әлем бойынша мұнай бағасының арзандауы және Қырымды аннексиялауы мен Украинаның шығысындағы соғысқа араласқаны үшін Ресейге Батыстың санкция салуы ел экономикасына үлкен соққы болды.
Биылғы парламент сайлауы тұрғындардың көңіл-күйіне үлкен сынақ болмақ. Президент Путиннің рейтингі, сауалнамаға қарағанда, сәл ғана түскен. Бірақ Кремль қолдаушы күштің көңіл-күйіне алаңдайды, енді жазылмаған заңның «мен экономикалық өсімді қамтамасыз етемін, сендер көше шеруіне шықпайсыңдар» деген тармақтары күшін жойғандай.
Соңғы аптада заң шығарушылар коллекторларды тыю туралы көп айтты. Ульяновск қаласындағы Молотов коктейлін лақтырған оқиғадан кейін парламенттің жоғары палатасының спикері Валентина Матвиенко қаңтардың 28-і күні депутаттарға «коллекторлардың қызметіне толықтай тыйым салайық, осы саланы реттейтін жаңа заң шығарайық» деген ұсыныс айтты.
Қаңтардың 19-ы күні Владимир Жириновскийдің ЛДПР партиясы мемлекеттік думаның төменгі палатасына жаңа заң жобасын ұсынды. Онда коллекторлық агенттіктердің банктен қарызды сатып алып, пайда табуына тыйым салу туралы айтылған.
Санкт-Петербургтік заң шығарушылар да думаға ұсыныс жасап, «сот залынан басқа жерде қарызды қайтару талап етілмесін» деді. Петербургтің гейлерге қарсы депутаты Виталий Милонов қаңтардың 16-сы күні балалар арасында «дәстүрлі емес қатынасты насихаттауға тыйым салу» туралы заңға көрсеткен қажыр-қайратын осы жолы да аяп қалмайтынын айтты. Ол коллекторлықты «гомосексуализмнің жаңа түрі» деп танитынын мәлімдеді.
Қарызды өндіру жөніндегі кәсіби агенттіктердің ұлттық ассоциациясы (нарықтағы коллекторлық агенттіктердің 90 пайызын қамтиды) бұл саланы реттеу қажет екенін мойындайды. Ассоциацияның айтуынша, мәселе көбіне шағын ұйымдар, атап айтқанда, «шағын қаржы» ұйымдарына келіп тіреледі. Ассоциация басшысы Борис Воронин «Ресейде қанша коллекторлық агенттік бар екенін ешкім білмейді» дейді.
Бас прокурор Юрий Чайка желтоқсан айында тәртіп бұзғандарды тыюға полицияның құзыры жетпейтінін айтып, 2013 жылдан бері коллекторлық агенттіктерге қарсы 21 мың шағым түскенін, олардың санаулысы ғана жауапқа тартылғанын ескертті. «Интерфакс» агенттігінің жазуынша, ол «коллекторлық агенттіктер әлі күнге дейін федералдық заңмен реттелмейді және лицензиялары жоқ» деген.
40 миллионнан астам қарыз алушының 10 миллионнан астамы – борышкерлер.
Бірақ қарызды өндіру жөніндегі кәсіби агенттіктердің ұлттық ассоциациясы басшысы Воронин депутаттардың ұсынысын «сайлау алды популизм» ретінде қабылдайды. «Шын мәнінде 40 миллионнан астам қарыз алушы – маңызды электорат. Солардың бірін депутаттар қамтығысы келеді. Осы 40 миллионның 10 миллионнан астамы – борышкерлер» дейді ол.
Ал мемлекет телеарналар ресейліктерге қауіпті қарыз берушілер туралы ескертіп жатыр. Мемлекеттік телеарнада аптадағы қылмыс туралы бағдарлама жүргізетін федералдық тергеу комитетінің баспасөз хатшысы Владимир Маркин халыққа қарыз алудың қаупі туралы «Өлім құштырған қарыздар» туралы хабарында баяндады. Онда жұмысынан қуылып, қарызға белшесінен батқан адамның коллектор қолынан қаза тапқаны туралы айтылады.
Маркин бұл оқиғада жапа шегушінің де айыбы барын айтады. «Өзіңе тиесілі емес дүниені уақытша алсаң, аяғында өз дүниеңнен мәңгілікке айрыласың. Сіз ештеңе бергіңіз келмейді... қарызды қайтару үшін қылмыстық әдіске баратын коллекторлар сізге келгіштей береді» дейді Маркин.
1991 жылы Ресей капитализм жолына түскенде тұтынушылар несиесін беру сәнге айналды. Орталық банктің дерегінше, Ресей ғаламдық дағдарыстан ес жинау үшін 2008 жылдың желтоқсанында 101 миллиард рубль, 2012 жылдың желтоқсанында 210 миллиард рубль қарыз алған. Өткен жылы бір айлық көрсеткіш 225 миллиард рубльді көрсетті.
2008-2009 жылғы дағдарысқа дейін мемлекетте несие алу туралы еліктіретін жарнамалар көбейіп кетті. Біреулер ақшаға толы көлікті көрсетіп «қалауыңша ала бер» десе, енді бір жарнама америкалық кино жұлдыз Брюс Уиллистің сөзімен «ақша керек кезде барамын да ала саламын» дейді.
Macro-Advisory серіктесі Том Эдсхед заң жобалары коллекторлыққа өзгеріс енгізеді дегенге сенбейді. «Соттар тиісінше қызмет етпейді, бұл Ресейдегі барлық мәселеге қатысты. Сондықтан істі қылмыскер коллекторлық агенттіктер қолға алады. Олардың бұлай істеуіне түрлі «крышалар» (қылмыстық жаргон) мүмкіндік береді» дейді ол.
«СТОП, КОЛЛЕКТОР!»
Заңмен қорғау әлсіз болғандықтан коллекторлардың құрбандарын қолдау мақсатында «ВКонтакте» тәрізді әлеуметтік желілерде түрлі топтар ашылды. Олардың бірін Петербургтегі компьютерлік бағдарламашы, 31 жастағы Александр Нарышкин ашты. Топ «Стоп, коллектор!» деп аталады. Нарышкиннің өзі де 2013 жылы коллекторлардың қолына түскен, олар тіпті «жезөкше тәрізді қызмет етесің» деп қорқытқан.
Нарышкиннің айтуынша, ол алдаумен 350 мың рубль қарыз алған, кейін бүкіл сома мен пайызына қарыздар болып шыққан. Ол алаяқтардың құрбаны болғанын айтып, төлеуден бас тартқан. Ол құрған топтан мыңдаған адам кеңес сұрайды, Нарышкин оларға телефонмен бопсалаушыларды тыңдамай, сотқа бару керек екенін айтады.
Урал қаласындағы адвокат Михаил Карпенко борышкерлерге тегін кеңес беріп, Нарышкиннің тобына көмектеседі. «Біздің аймақта, атап айтқанда Челябинск облысында тұрғындардың басым көбі қарызға батқан. Адамдар қарызға кірді де, шығатын жол таппай қалды. Менің ойымша, коллекторлар институтын тұтастай жою керек» дейді Карпенко.
Ал Воронеждегі Сергей жағдайдың жақсаратынына иланбайды. «Олигархтарға бір аптада көмекке келетін заң қарапайым адамдарға жылдап жетеді. Бұл жобалардың бәрі жарнама болар» дейді ол.
Том Бэлмфордтың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.