Accessibility links

Навальный биліктегі жемқорлықты әшкерелеп жатыр


Оппозиция белсендісі Алексей Навальный. Мәскеу, 14 қазан 2015 жыл.
Оппозиция белсендісі Алексей Навальный. Мәскеу, 14 қазан 2015 жыл.

Ресейдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы кампанияны ұйымдастырушы Алексей Навальный екі мәрте сот залында тергелді (өзі оны «Кремльдің кек алуы» дейді), інісінің түрмеге қамалғанын және өзі сияқты билікке қарсы тұрған жолдасының оққа ұшқанын көрді.

Өзі тергеуге алынып, екі рет сотталған, туған інісі түрмеде жатқан және зерттеуші журналистер мен саяси белсенділерді аяусыз өлтіретін елдің азаматы тыныш жүргенді жөн көрер деп ойларсыз. Алексей Навальныйдың орында басқа біреу болса, мүмкін солай етер еді. Бірақ ол Ресейдегі жемқорларды түгендеп, олардың алаяқтық әрекеттерін қазбалауын қояр емес.

АЛАЯҚТАР МЕН ҰРЫЛАРҒА ҚАРСЫ КҮРЕС

39 жастағы заңгер, блогер және бұрынғы кәсіпкер Ресейдегі кей топтың әрекетіне жаны қас. Ол кремльшіл партияны «Алаяқтар мен ұрылар партиясы» деп атады. 2011 және 2012 жылдары үкіметке қарсы көше шерулерін өткізуге көмектесті.

Ресей президенті Владимир Путин (арғы жақта) мен Ресей теміржолы басшысы Владимир Якунин. Санкт-Петербург, 20 маусым 2013 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (арғы жақта) мен Ресей теміржолы басшысы Владимир Якунин. Санкт-Петербург, 20 маусым 2013 жыл.

Оның «Фонд борьбы с коррупцией» («Жемқорлықпен күрес қоры») ұйымы Ресей президенті Владимир Путиннің қасында жүрген лауазымды тұлғалардың жемқорлық іс-әрекеттерін жариялап, ел ішінде де, шетелде де дүрбелең тудырды. 2015 жылдың өзінде Навальный мен оның тобы бірқатар зерттеулер жүргізді:

– Мәскеу маңындағы Путиннің серігі Владимир Якунинге тиесілі делінген салтанатты үй. Кейін Якунин оншақты жыл басқарған Ресей темір жолы мемлекеттік мекемесі төрағасы қызметінен алынды;

– Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 600 мың АҚШ долларлық сағат тағып жүргені және қалыңдығымен алғашқы айын өткізу үшін құны аптасына 350 мың еуро тұратын Maltese Falcon яхтасын жалға алғаны туралы;

– Қорғаныс министрі Сергей Шойгудің пагода стиліндегі алып үйлері. Оны Навальныйдың командасы 18 миллион долларға бағалады. Жылжымайтын мүлікке қатысты жазбалар Шойгудың қызы 2009 жылы 18 жасында осы үйдің қожайыны атанғанын көрсетеді.

Соңғы атышулы зерттеу жұмысы осы айдың басында жарияланды. Онда Ресей билігіндегі ең ықпалды шенеуніктің бірі – бас прокурор Юрий Чайка нысанаға ілінген.

ЧАЙКАНЫҢ «ҰРЛЫҒЫ»

Навальныйдың зерттеушілері Чайканың ұлдарының бірі Ресейдің өнеркәсіптік нысандарын заңсыз түрде меншіктеп алды, енді одан түскен пайданы Грецияда салтанатты қонақүй салу мен Швейцариядағы виллаға жұмсап отыр дейді.

Ресей бас прокуроры Юрий Чайка. Мәскеу, 3 желтоқсан 2015 жыл.
Ресей бас прокуроры Юрий Чайка. Мәскеу, 3 желтоқсан 2015 жыл.

Чайканың енді бір ұлы «Ресейдегі құрылыс және даму жобалары бойынша тендерді заңсыз ұтып алған». 43 минутқа созылатын орыс тілінде түсірілген фильм желтоқсанның 1-і күні YouTube сайтында жарияланғаннан бері оны 3,5 миллионнан астам адам көріп шыққан.

Чайка бұл фильмге қатысты «біз істемеген лас жұмысты жасады деп кір жақты, арнайы тапсырыспен жасалған» деген сыңайда пікір айтты. Оның сөзінше, фильмді түсіруге америкалық кәсіпкер Уильям Браудер тапсырыс берген, солайша Батыс елдерінің Ресейге санкция салуын көздеген.

Браудер Ресейдегі алаяқтық туралы әшкерелеген Магнитскийді өлтіргендерді іздестіреді. Ол бұл іске қатысы жоқ екенін айтты.

Навальный бірден пікір білдірмеді, бірақ оның негізгі зерттеушілерінің бірі – Георгий Албуров топтың жұмысын тоқтатпайтынын айтты. «Ерте ме, кеш пе, тағы бірдеңе табамыз, себебі Ресейде сыбайлас жемқорлықтың кең тарағаны соншалық, күрегіңізді салып қаза бастасаңыз... Чайка сияқты біреудің үстінен түсесіз» деді ол obzor.press сайтына желтоқсанның 8-і күні берген сұхбатында.

2000 жылы Путин президент болғаннан бастап тәуелсіз, үкіметтік емес зерттеулер жүргізетін баспасөз саны күрт азайды. Солардың ішінде «Новая газета» басылымы әлі күнге дейін елеулі жемқорлықты тексеру жұмыстарын жүргізіп келеді. Навальный басында мазасыз белсенді-акционер болып жүрді де, кейін күмәнді банк операциялары, жылжымайтын мүліктер, ақшаның ізін жасырумен айналысатын жалған компанияларды зерттеп, тексеруге кірісті, солайша Ресейдегі өте танымал кәсіпкерлер мен саясаткерлердің ізіне түсті.

Оның тізімінде Ресей вице-премьері Игорь Шувалов, магнат миллиардер Виктор Вексельберг, тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин бар.

Оның тізімінде Ресей вице-премьері Игорь Шувалов, магнат миллиардер Виктор Вексельберг, тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин бар.

Навальный 2011 жылы парламенттік сайлау кезінде және 2012 жылы Путиннің билікке оралуына қарсы шыққан көше шерулері кезінде ерекше танымал болды. Ол шеруде ондаған мың адамға жетекші болды. 2013 жылғы сайлау кезінде ол Кремль таңдаған шенеунікке қарсы тұрмақ болып Мәскеу мэріне таласты, 27 пайыздан астам дауыс жинап, екінші орында қалды.

Ол бірнеше рет тұтқындалып, екі мәрте сотталды, прокуратура оның інісі Олегті де түрмеге қамады. Навальныйдың жақтастары Олегті «кепіл тұтқын» ретінде ұстап отыр дейді.

«ХАЛЫҚТЫҢ КӨЗІН АШСАМ, ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БОЛАР»

Либерал саяси оппозициялық партияның жетекшісі Борис Немцовтың қазасынан кейін де Навальныйдың алған бетінен қайтпауы көптеген ресейлік бақылаушыларды сескендіреді. Немцовтың Кремльден сәл қашықта, ақпан айында қаза табуы елді шошытты.

«Немцов тірі жүргенде Навальный мен Немцов тәрізді адамдар қол жұмсауға болмайтын санатқа кіреді дейтін едім. Бірақ енді ондай ойдан қайттым. Мен ол әлі неге жүр деген сауалды жек көремін. Бұл менің ырымшылдығымды көрсетеді» дейді Огайо штатындағы Майами университетінің профессоры, «Путиннің клептократиясы: Ресейді кім билейді?» кітабының авторы Карен Давиша.

Давиша Азаттық радиосына Навальный сияқты оппозиционер мен Кремльдің қарым-қатынасы бұрынғыларға қарағанда күрделі екенін айтады. «Режим осындай ықпалды тұлғадан айрылу Батыстағы беделін одан ары нашарлатады деп есептейді» дейді ол.

Бұрынғы Ресей сақтандыру басшысы, Навальный жобаларын қаржыландырып келген, қазір көбіне Лондонда тұратын Роман Борисович Навальныйдың танымалдығы Немцов тәрізді оққа ұшудан сақтап келеді деді. «Режимді ауыстыру деген өте қауіпті сөз, бірақ Навальный адамдарды ешқашанда күш көрсетуге, бүлікке шақырған емес. Ол төңкеріс жасайық, қарулы қақтығыс болсын дегенді аузына алмады» деді ол Азаттыққа берген сұхбатында.

Чайкаға қатысты фильмнің жаңғырығы әлі басылмады. Кремль оны ескерусіз қалдыруға тырысты. Ресейлік телеарналар оны көрсетпеді. Өткен аптада онлайн фильмді марапаттаған фестиваль Мәдениет министрлігінен ескерту алды. Мәдениет министрі Владимир Мединский деректі фильмнің басында көрсетіледі, Навальный оның Чайканың ұлдарына қатысы барын айтады.

«Сіз режимге қарсы болуыңыз мүмкін, түрлі әдіспен сол режимдегі жемқорлықты сынайсыз» дейді Борисович. «Бірақ ол осының бәрі бейбіт шешім табар деп үміттенеді (оған аңғалдық деп қарауға бола ма, жоқ па, білмеймін), ресейліктердің көзін ашсам бәрі өзгерер, олар жемқорлықты қоғамға қатерлі ісік тәрізді тарағанын сезінсе дейді».

Германиядағы жемқорлыққа қарсы Transparency International тобының ресейлік бөлімін басқаратын Елена Панфилова Навальныйдың әжептәуір табысқа жеткенін, Ресейде ақырын болса да, оң өзгерістер бар екенін айтады. «Бұл жемқорлық үшін жемқорлықпен күресу емес, елдің аман қалуы үшін күресу. Егер бәрі қазіргідей қалса, ерте ме, кеш пе, бәрі түпсіз тұңғиыққа батады, сол кезде жемқорлардың өздері де аман қалмайды» деді ол Азаттыққа.

XS
SM
MD
LG