Accessibility links

"Евтушенковтің ұсталуы - гангстерлік оқиға"


Ресейлік кәсіпкер Владимир Евтушенков
Ресейлік кәсіпкер Владимир Евтушенков

Ресейден қоныс аударған бизнесмен Евгений Чичваркин елдің ең дәулетті адамдарының бірінің қамауға алынғанын "саяси істен гөрі активтерді тонауға" ұқсатады.

Осы апта үстінен іс қозғалып, қамауға алынған ресейлік кәсіпкер Владимир Евтушенковтің АФК "Система" холдингі Ресейдегі ең ірі байланыс операторы «МТС» пен «Башнефть» мұнай компаниясын иеленеді. Қыркүйектің 16-ы күні ресейлік бір топ кәсіпкер биліктен оны босатуды сұрады. Азаттық миллиардердің істі болу себептері туралы шетке қашуға мәжбүр болған тағы бір ресейлік кәсіпкер Евгений Чичваркиннен сұрады.

Азаттық: - Ресейлік миллиардер Владимир Евтушенков «қаржы алаяқтығын жасады» деген айыппен қазір үй қамақта отыр. 10 жыл бұрын Михаил Ходорковский сотталғалы бері, бұл – олигархтың заңмен алғаш рет қудалануы. Алайда Евтушенковтің Ходорковскийден айырмасы сол – ол ешқашан саясатқа араласпаған әрі президент Путинге де «адал» адамдардың санатында. Сіздің пікіріңізше, оның тұтқындалуының шын себебі неде?

Евгений Чичваркин: - Олар «Башнефть» компаниясын Евтушенковтен тартып алып, «Роснефть» компаниясымен біріктіргілері келеді немесе оны жеке мемлекеттік мекемеге айналдыратын ойлары бар.

Евгений Чичваркин, Ресейден қашқан кәсіпкер
Евгений Чичваркин, Ресейден қашқан кәсіпкер

Азаттық: - Евтушенковті қаматып отырған кім деп ойлайсыз?

Чичваркин: - Дәл «ЮКОС»-тың жағдайындағыдай, бұның артында Игорь Сечин тұр деп ойлаймын. Әрине, жылы-жұмсаққа Путиннің рұқсатынсыз ауыз салынбайтыны айдан анық. Путиннің әскери науқандары мен олардың кесірінен күшіне енген санкциялардан Ресей қаражатқа зәру болып отыр. Мемлекеттің қазынасына ақша құйылғанын қалайтындар мен одан «азықтанатындар» бар. Бұл – жалғыз адамның ісі емес.

Азаттық: - «Башнефть» соншалықты «майлы құйрық» па?

Чичваркин: - Табиғи байлыққа қатысы бар компанияның бәрі "майлы құйрық”.

Азаттық: - Евтушенковке енді не болады? Мәселенің қандай шешімі бар?

Чичваркин: - Ол «Башнефті» табыстайды да, екі-үш жыл тергеледі. Сосын чекистерге қыруар ақша төлеп, қылмыстық ісін жаптырады. Бұл – ең жарқын сценарий. Әйтпесе оның тіпті телекоммуникациядағы активтеріне дейін жалмап, біртұтас ресейлік телекоммуникациялық корпорация немесе осы сияқты бір мекеме құрады.

"Роснефть" басшысы, Владимир Путиннің серігі Игорь Сечин
"Роснефть" басшысы, Владимир Путиннің серігі Игорь Сечин

Азаттық: - Неліктен дәп Евтушенков? Ресейде басқа да олигархтар бар ғой.

Чичваркин: - Оның КГБ-да «қорғаны» жоқ, ол әрдайым тек Мәскеудегі билікпен байланысты болған. Оның үстіне Евтушенковтің қолында «майлы құйрық» бар. Бұл бар болғаны оның кезегі келді дегенді білдіреді. Бұның саясатқа еш қатысы жоқ, жай ғана гангстерлік оқиға. Қырымды тартып алу оңай еді, олар оны алды. Енді «Башнефтің» тоналатын кезегі келді, олар оны да тартып алғалы отыр.

Азаттық: - Евтушенковтің қамалуын барлығы Ходорковскийдің басынан өткен жағдаймен салыстырып жатыр. Бұлай салыстыру дұрыс па?

Чичваркин: - Иә, әбден дұрыс. Дегенмен Ходорковский билікке мемлекеттік Дума арқылы заңды механизмдермен ықпал еткісі келді. Ал Евтушенковтің ешкіммен шатағы болып көрмеген. Ол – ақша жасайтын адам, көп ақша жасайтын адам. Оның қаншалықты заңды жолмен жасағанын айта алмаймын. Бір анығы – бұдан басқа ештеңеге тұмсығын сұқпаған. Әлдебір саяси амбициялары болды дегенді ешқашан естімегем. Жай ғана жолы болып, байып кеткен адам ғой. Елдегі ақшаның шегі бар, ал Путин айналасының араны ашылып кеткен. Енді Евтушенковтың кезегі келген болып тұр.

Азаттық: - Соңғы он жыл ішінде көптеген кәсіпкер билікпен жараса алмай, елден кетіп қалды. Бұл Ресей экономикасына кері әсерін тигізе ме?

Чичваркин: - «АФК Система» холдингі тіпті қырық бөлініп кетсе де, ол Ресей экономикасына Путиннің әскери кампанияларынан әлдеқайда әлсіз әсер етеді. Ел экономикасына тигізетін қысқа, орта және ұзақ мерзімдегі тікелей әрі жанама шығыны жағынан «Новороссия» үшін соғыспен басқа ештеңені салыстыруға келмейді.

(Любовь Чижова алған сұхбатты аударған – Әзина Мақұлжан).

XS
SM
MD
LG