Accessibility links

"Петербургтегі қалқымалы АЭС жарылса қайтеміз?"


«Академик Ломоносов» аталатын кеме типтес қалқымалы АЭС.
«Академик Ломоносов» аталатын кеме типтес қалқымалы АЭС.

Ресей үкіметі Петербургтің тарихи орталығынан екі километрдей ғана қашықтықта тұрған су бетіндегі атом электр станциясын ядролық отынмен толтыруды жоспарлап отыр. Белсенділердің айтуынша, билік өкілдері бұл шешімді қабылдағанда халықтың пікірімен санаспаған.

Экологтар Ресейдің солтүстік астанасының орталығынан екі-ақ шақырым жерде тұрған атом электр станциясына ядролық отын құю қауіпті деп дабыл қағып жатыр.

Ресми тұлғалар былтырғы желтоқсаннан бері «Академик Ломоносов» аталатын кеме типтес қалқымалы АЭС-ін ядролық отынмен толтырып, 2019 жылға дейін Камчатка түбегіндегі Вилючинск қаласына жөнелтетіндерін айтып келеді. Бұл процесс құпия жағдайда жүріп жатқандықтан, үкімет жұртшылықтың толық ақпарат беру туралы өтініштеріне құлақ аспады, сондықтан кемені отынмен толтыру шарасы қай деңгейде екені белгісіз. Ресейдегі Greenpeace ұйымының энергетика бағдарламасының жетекшісі Рашид Алимов:

Қалқымалы АЭС пен қаладағы Тау-кен институтының ара қашықтығы шамамен 500 метрдей ғана болады. Тарихи орталықта халық тығыз қоныстанған. Мұнда тіпті апат туралы ойлаудың өзі қорқынышты.

- Қалқымалы АЭС пен қаладағы Тау-кен институтының ара қашықтығы шамамен 500 метрдей ғана болады. Тарихи орталықта халық тығыз қоныстанған. Мұнда тіпті апат туралы ойлаудың өзі қорқынышты. Сондықтан біз губернаторға хат жаздық... Бұған қоса, заң бойынша, Балтық зауытында мұндай операция жүргізу үшін қаланың рұқсаты болуы керек, эвакуациялау жоспары жасалуы тиіс. Біз жергілікті басшылардан осы туралы сұрадық, - дейді.

«Академик Ломоносов» кемесінің алғашқы белағашы 2007 жылы қиыр солтүстіктегі Северодвинск қаласы маңындағы «Севмаш» зауытында жасалған, әрі ол әу баста сол зауытты электр энергиясымен қамтамасыз етуі тиіс болған. Алайда, ол әскери-теңіз реакторларының жаңартылған түрлерін орнату үшін 2008 жылы Петербургтегі Балтық кеме жасау зауытына жеткізіледі. Кейін ол 2019 жылы істен шығатын Камчаткадағы Билибино АЭС-інің орнын басады деп ұйғарылады. Кеме құрылысына мемлекеттік «Росатом» атом энергетикалық компаниясы жауапты болған.

Атом энергетикасы саласындағы тәуелсіз сарапшы, 30 жылдан астам ядролық мұзжарғыштарда жұмыс істеген Алексей Щукин Азаттыққа берген сұхбатында кемеге ядролық отын құю операциясының қауіпті екенін айтты. Оның айтуынша, реакторлар 1960 жылдары жасалған сызбалар бойынша дайындалған, «Академик Ломоносов» кемесі өзгеше жасалған, әрі ол сынақтан өтпеген.

Петербург. (Көрнекі сурет)
Петербург. (Көрнекі сурет)

- Сондықтан, тәуекелге барып, реакторларды үлкен қаланың қақ ортасында толтыруға болмайды. Бұл – өте қауіпті. Оны атом кемелерін жөндейтін, оларды отынмен толтыратын базалар орналасқан Мурманск не Архангельск қалаларына алып бару керек, сонда әлдеқайда қауіпсіз болар еді, - дейді Щукин.

Биліктегілер реакторларды неліктен ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне кіретін, 5 миллион тұрғыны бар Петербург қаласының қақ ортасында толтыруды жоспарлап отырғанын түсіндіріп бере алмады.

Фин шығанағы оңтүстік жағалауының Қоғамдық экологиялық кеңесінің төрағасы Олег Бодровтың айтуынша, бұл реакторлар алғаш рет 1970 жылдары Петербургтен 40 километр қашықтықтағы Сосновый Бор қалашығында сынақтан өткен.

Үкімет 1972 жылы бір төтенше жағдай болғанын растады, ол кезде реактордың жабыны шытынаған, алайда ресми мәліметтер бойынша «сыртқа ешқандай радиация тарамаған». 1979 жылы болған тағы бір оқиға кезінде жарылыстан тұтас бір ғимарат құлап, екі жұмысшы қаза тапқан. Екі оқиға да әу баста құпия сақталып, арада жылдар өткен соң ғана жария болған.

Атом энергетикасы бойынша сарапшы Олег Бодров.
Атом энергетикасы бойынша сарапшы Олег Бодров.

- Заң шығарушылардың бұл шаралардың қауіпсіздігін дәлелдейтін ақпаратты талап етпей отырғаны таңғалдырады. Балтық аймағының тұрғыны ретінде халыққа да, басшыларға да түсінікті формада осындай дәлелдің болғанын қалаймын. Әзірге мұндай ақпарат жоқ, - деді Бодров.

Бодров «Росатом» басшылары, жергілікті билік өкілдері, қаланың экологиялық комиссияларының, қалалық заң шығару органының және қоғамның өкілдері қатысқан ашық тыңдау өткізуді ұсынады.

Қалқымалы атом электр станциялары Ресейдің Арктика өңірі сияқты шалғай аймақтардағы елді мекендерді электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етуде тиімді әдіс саналады. Сонымен бірге ол ашық теңіздегі мұнай және газ кеніштерін қуатпен қамтамасыз етеді. АҚШ Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен қалған тасымал кемесін 1960 жылдары жылжымалы АЭС-ке айналдырып, оны 1975 жылға дейін Панама каналын электр қуатымен қамтамасыз етуге пайдаланған.

Экологтар мұндай қалқымалы АЭС-тер тым шалғай аудандарда орналасқандықтан, апат болған жағдайда оларды залалсыздандыру қиын деп, қарсылық білдіріп келеді. Табиғат қорғаушылар мұнымен қоса, Ресей кеме зақымдалған жағдайда оны мұхиттың түбіне батыра салуы мүмкін деп те күмәнданады. Мәскеу бұған дейін Совет кезінде жасалған бірнеше суасты кемесінің реакторларын суға батырып жіберген.

Сол кездегі Ресей президенті Борис Ельциннің бастамасымен құрылған арнайы комиссияның 1993 жылғы есебіне сәйкес Совет Одағы 16 атом реакторын Кара теңізге, екеуін Жапон теңізіне батырып жіберген. Осы құжатта «Мәскеудің халықаралық келісімдерді бірнеше мәрте бұзғаны туралы» айтылады.

"Академик Ломоносов" қалқымалы АЭС-і. Петербург, 30 маусым 2010 жыл.
"Академик Ломоносов" қалқымалы АЭС-і. Петербург, 30 маусым 2010 жыл.

Осыдан 30 жыл бұрын аса радиоактивті қалдықтарды теңізге тастауға әлемде тыйым салынған, бұл тыйым басқа ядролық қалдықтарға да қатысты. Ресейлік комиссияның есебі бойынша, Совет Одағының мұхитқа тастаған ядролық қалдықтары 12 ядролық державаның қалдықтарын қоса есептегендегіден екі есе көп. Алайда, бұл қоқыстың су астындағы тіршілікке қалай әсер етіп жатқаны туралы ешқандай дерек жоқ, себебі радиоактивті қалдықтардың құрамы туралы, олардың жабын астында жатқаны не радиацияның тарап жатқаны туралы мәліметті зерттеген адам жоқ.

Соған қарамастан, бұл технологияға көп мемлекет қызығады, ал Мәскеу «Академик Ломоносов» кемесін көп пайда келтіре алатын жоба деп есептейді. Қытай осындай кеменің 20-сын әзірлейтінін айтты, олардың кейбірі мазасыз да даулы аймақтардың бірі – Оңтүстік Қытай теңізіне қойылуы мүмкін.

- Жақында өткен Арктика форумынан берілген ТАСС агенттігінің ақпаратында «олар бұл АЭС-ті 2019 жылы Чукоткаға апаруға бар күшін салады» делінген. Олар бұл жобаны тек Ресейде жүзеге асырмай, шетелдерге экспорттауды да көздеп отыр. Бірақ шетелдік нарыққа шығар алдында олар бұл технологияны өзімізде сынақтан өткізіп алуы керек. Бұл жобаның Чукотка халқының қамын ойлағаннан емес, оның жұмыс істеп тұрған модель екенін клиенттерге көрсету үшін жасалып жатқаны анық, - дейді Рашид Алимов.

Роберт Коалсонның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG