Accessibility links

Ресейден кет, қараңды батыр!


Ресей мен Норвегия шекарасындағы сириялық босқындар. 2015 жылдың күзі.
Ресей мен Норвегия шекарасындағы сириялық босқындар. 2015 жылдың күзі.

Мемлекеттік көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасында Ресей ішкі істер министрлігі 2018 жылдан бастап шетелдік мигранттарды Сібір мен Қиыр Шығысқа жіберуді жоспарлайды деп жазылған. Ал әзірше, яғни кейінгі айлардың практикасына қарағанда, Ресей билігі халықаралық босқындар мәртебесі туралы конвенция талаптарын бұзып, оларды елден шығарып жібергенді жөн көреді.

Босқындар мен мигранттарға көмек көрсетумен айналысатын қоғамдық ұйым – "Азаматтық жәрдем" комитеті адвокаттарының сөзінше, кейінгі алты айда Сирия, Ауғанстан, Украина, Қытай және өзге елдерден келген босқындарды елінен қашуға шынымен себептер болғанын дәлелдеуге мұршасын келтірмей Ресейден шығарып жатыр. Оның схемасы мынадай – тиісті құжаттарын өткізу үшін көші-қон қызметіне барған адамдардың төлқұжаттарын жинап алып, кезек күте тұруды өтінеді. Бірақ қабылдауға сол күйі шақырмайды, ал олардың төлқұжаттарын елден шығаруды сот арқылы ресімдейтін полиция қызметкерлеріне бере салады әрі кейде елден шығару туралы шешімге әкімшілік айыппұлды қатар қосып қояды.

Ауғанстаннан келген босқын отбасының ішінен Азаттықтың Орыс қызметі тілшісіне есімін айтуға 20 жастағы Башормал ғана келісті. Ол әке-шешесінің тағдыры жайлы әңгімені жұдырығын түйіп отырып тыңдады. Башормал осы жасына дейін соғысты да, пендешілік жауласуды да, Ресей түрмесін де көріп үлгерген. Бұл әулетте бес адам бар – әке-шешесі және олардың үш ұлы. Башормалдың анасы туған елінен кетуіне түрткі болған бірнеше себепті айтып берді.

Ақыры тұрып жатқан үйімізді өткізіп, Кабулдан көшуге және әлгі ақшаға өзге қалалардан баспана жалға алып тұруға тура келді.

- Алғаш тұрмысқа 14 жасымда шықтым. Төрт жылдан кейін күйеуім соғыста қаза тапты. Үш баламен жалғыз қалдым. Қайын жұртым маған көмектескен жоқ, жесір ретінде беретін субсидияға жан бақтық. Тоғыз жылдан кейін бір ер адамды жолықтырып, оны сүйдім, екеуміз үйлендік. Мұны марқұм күйеуімнің туыстары естіп, балаларымды күшпен тартып алды. Бірақ олардың қиянаты мұнымен біткен жоқ. Олар «отбасымыздың абыройына кір келтірдің» деп маған қоқан-лоқы жасады. Шариғат заңы бойынша жесір әйел екінші рет күйеуге тие алмайды. Ақыры тұрып жатқан үйімізді өткізіп, Кабулдан көшуге және әлгі ақшаға өзге қалалардан баспана жалға алып тұруға тура келді, - дейді ол.

Бірақ кей жерлерде соғыс басталып, енді бір жерлерде бұрынғы марқұм күйеуінің алыс ағайындары қоқан-лоқымен мазаларын алып, олар Ауғанстанның өзге аудандарында да тыныш өмір сүре алмаған. Отбасы 18 жылдың ішінде жеті рет орын ауыстырған. Әлгі әулеттің қоқан-лоқысы құр доңайбат емес екенін олар үлкен ұлы соққыға жығылған кезде түсінген – оның мұрнын сындырып, басынан бірнеше рет қатты ұрып, көлікке сүйреп кіргізуге әрекеттенген. Башормалдың шешесі:

– Оны азық-түлік сатып әкелуге жіберген едім. Үйге үсті-басы қан болып келді. Енді Ауғанстанда қала алмайтынымызды түсіндік. Олар онсыз да үш баламды тартып алған. Ал мына балаларымды өлтіре салуы мүмкін. Бұған қоса, ол жақтағы соғыс әлі біткен жоқ. Кабулдың ортасында үнемі жарылыстар болады. Бүкіл елде шайқас жүріп жатыр. Сондықтан Еуропаға қашқымыз келді, бірақ ол жаққа виза алу қиын. Күйеуім Ресейге виза жасап беруге уәде еткен бір делдал тапты, - деп еске алады.

Ресей мен Норвегия шекарасы ашық болған кезде босқындар үшін Еуропаға жетудің ең оңай жолы сол еді. Бұл отбасы мүшелерінің «Ауғанстанда Ресейге визаны әркім ала алады, ол үшін кез келген ресейлік азаматтан шақырту қағаз ғана керек» деген сөзін ауған тәржімашы да растайды. Жол шығынына қажет ақшаң бар екенін де растауды талап етпейді. Егер шақыру жоқ болса, өзге айла-шарғыны пайдалануға, яғни пара беруге болады.

Ресей мен Норвегия шекарасы. 2015 жылдың күзі.
Ресей мен Норвегия шекарасы. 2015 жылдың күзі.

– Ресейде қалу ойымызда да болмаған еді. Бірақ ол кезге қарай Финляндия шекарасын жауып тастағанын білмей қалдық (шындығында, босқындар үшін шекарасын Финляндия емес, Норвегия ашқан болатын. - Азаттық). Бізді ұстап алып, шекарадан заңсыз өткеніміз үшін бір жыл екі айға түрмеге қамады (Ресей қылмыстық кодексінің 322-бабы – Азаттықтың Орыс қызметі). Кіші екі ұлымызды Мурманскідегі балалар үйіне жіберді. Ал үшеумізді Астарханьдағы тергеу абақтысына қамап қойды. Ол жаққа жеткенше бір ай өтті, өйткені жол-жөнекей поездан поезға ауысып, кей қалаларда бірнеше күн аялдап, ол жақтың түрмесінде отырдық. Егер ұлдарымды балалар үйіне өткізуге, ал үлкен ұлыма түрме дәмін татуына тура келетінін білсем, бала-шағамды мұнда ешқашан әкелмес едім, - дейді отағасы.

Отбасын түрмеден босатқаннан кейін олар Ресейде тұруға уақытша баспана сұрап, құжаттарын ресми түрде өткізу үшін Мәскеуге келген. Көмек сұрап, "Азаматтық жәрдем" ұйымына жүгінген және адвокат Филипп Шишовпен бірге көші-қон қызметіне барған. Ол жерде төлқұжаттарын алып қойған және сол күйі қайтармаған.

Филипп Шишов олардың төлқұжаттарын полицияға өткізіп жібергенін анықтаған, енді отбасын участокқа шақырып жатыр. Адвокат бұл іс әдеттегі схема – ұстап әкету, хаттама толтыру, елден шығарып жіберумен аяқталады деп қауіптенеді.

– Біз сотқа шағымдандық. Отбасы түрмеге қайта түскілері келмей, сот отырысына барудан қорықты. Қолымда куәлігім, ордер болғанымен, «сотталушылардан сенімхат керек» деген сылтаумен олардың адвокаты ретінде мені сотқа кіргізбей қойды. Бірақ бұл - ойдан шығарылған талап. Сондықтан сотта мемлекеттік органның ғана позициясы тыңдалды. Енді «қорықпай, төлқұжаттарын алуға келе берсін» дейді. Төлқұжаттарды "Азаматтық жәрдем" ұйымы атына почта арқылы жіберуді өтініп, арыз жаздық. Оған да келіспей қойды, неге екенін білмеймін, әйтеуір оларға отбасы мүшелерінің өздерінің барғаны керек, - дейді Шишов.

Отбасы қазір тұрып жатқан жатаханадан шығуға да қорқады. Олар Ауғанстанға оралу туралы мүлде ойламайды.

– Қайтар жол жоқ. Үйімізді сатып жібердік, ол жақта әлі соғыс жүріп жатыр, әлгі отбасының лаңы тағы бар. Мына жақтан қандай болса да әлдебір заңды мәртебе алғымыз келеді. Балаларымыз сабаққа барса дейміз. Кіші балаларым орысша жап-жақсы сөйлейді, балалар үйінде үйреніп алды. Мен әлдебір жұмыс тауып алар едім. Бірақ қазір бәрібір түрмеде отырғандаймыз, әлдебір қақпанда қалдық, - дейді отағасы.

Филипп Шишов не болатынын байқап көру үшін әуелі отбасының бір мүшесін ертіп, төлқұжат сұрап полицияға барып көрмек. Ресейде тым болмаса уақытша баспана алу үшін бұл отбасының негіздемелері мен дәлелдері жетеді. Бірақ адвокаттың айтуынша, бұл мәселеге қатысты ахуал кейінгі кезде тым нашарлап кеткен.

Филипп Шишов
Филипп Шишов

– Босқындарды ісін қарамастан, ұстау себептерін тексерместен елден шығарып жатыр. Адамды елден қуудың өздігінен (бақылаусыз) кету жолы немесе күштеп шығару жолы бар. Күштеп қуылатын адамдарды шетел азаматтары отырған арнайы бөлмеге қамайды. Шындығында, ол - түрменің бір түрі. Ал ол жақта мемлекет оларды еліне қайтару үшін ақша тапқанша отырады. Кей адамдар екі жылға дейін отырады. Бір қиыны, кей босқындар қайдан көмек сұрап, не істеу керек екенін бірден түсінбейді. Сондықтан көбінің виза мерзімі бітіп қалады. Бірақ конвенцияға сәйкес, олар көші-қон қызметіне тіркелуге неліктен тым кеш барғанын негіздеуге құқылы. Мысалы, мына ауған отбасы тергеу абақтысында отырған, - дейді Шишов.

Күштеп қуылатын адамдарды шетел азаматтары отырған арнайы бөлмеге қамайды. Шындығында, ол - түрменің бір түрі. Ал ол жақта мемлекет оларды еліне қайтару үшін ақша тапқанша отырады. Кей адамдар екі жылға дейін отырады.

2016 жылы Ресейде босқын мәртебесін 586 адам ресми түрде алған. Бұл - 2007 жылдан бергі ең аз көрсеткіш. Сириялықтарға баспана беруден бас тарту шешімінде, мысалы, «елдеріңдегі жағдай дұрысталды, жуырда бітім жасалады» деп жазады. Ресейлік шенеуніктер тіпті адамның елден кетуіне түрткі болған жайттардың байыбына да бармайды. Негізі, олар елдегі жағдайдан бөлек, нақты үміткер тап болған қатерлерді да қарап, әлгі адам саясатпен айналысқан ба, азаматтардың қай санатына жатқан, қандай дінді ұстанған деген мәселелерді анықтауы тиіс. Мұндай жағдайларда «өміріңізге қатер төнгенін растайтын дәлелдеріңіз жеткіліксіз» деген уәж жиі айтылады. Украинадан келген адамдарға айрықша қарым-қатынас болады деп президент Владимир Путиннің өзі айтқанымен, украиналықтарды қабылдаудан бас тарту да жиілеген. Қазір сотта украиналық Никита Федоровқа уақытша баспана беруден бас тарту шешіміне қатысты шағым қаралып жатыр. Ол армияға шақырту қағазын алғаннан кейін елден қашқан. Никита «отандастарыма қарсы соғысқым келмейді» дейді. Бірақ сот Ресейде қалуына жеткілікті негіз жоқ деген қаулы шығарған.

Мигранттар арасында «Бұл істе әлдебір коррупция бар. Баспана да, босқын мәртебесін де алған адамдар бар ғой. Бірақ неліктен бірлі-жарым адамға баспана береді де, дәл сондай жағдайдағы көпшілігіне бермейді?» деген пікір тараған. Саясаткер Кирилл Шулика да Ресей адамдарға алалап көмектеседі деп санайды.

Кирилл Шулика
Кирилл Шулика

– Майданды (Киевтің орталық алаңындағы кезінде "Еуромайдан" аталған шеруді айтады - ред.) қару қолданып, күшпен тарату қылмыстарына қатысы бар болуы мүмкін екеніне қарамастан, мысалы, Януковичке (Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович - Азаттық) баспана берді ғой. Ал шынымен заңсыз қудаланған, мысалы қазір Орта Азияда тұрып жатқан орыстарды елге кіргізбей қоюы мүмкін, - дейді ол.

– Енді ешкімге баспана немесе босқын мәртебесі берілмесін деп нұсқау беріп қойғандай көрінеді. Ертеректе тым болмаса, жағдайға қарайтын, адамдардың арызын қабылдайтын. Құзырлы органдар конвенция талаптарын үнемі бұзады. Босқын екенін көші-қон картасында көрсетпеген деп жазып қояды. Бірақ әлгі картада тіпті ондай графа да жоқ. Жұрт әдетте елге келу мақсатын – туризм, жұмыс деп көрсетеді. Бірақ егер олар турасын жазса, оларды елге кіргізер еді дегенге сенбеймін. Бізде ондай жағдайлар болған жоқ. Сосын сотта «егер жұмыс істеу мақсатымен келсең, демек босқын емессің, ондай мәртебе беруден бас тартамыз» дейді. Жұмысқа орналасудың тәртібі бөлек, ол үшін виза, патент алуың керек. Ал қазір қолыңа елден шығару туралы қаулыны ұстата салады. Айтпақшы, ондай қаулыдан кейін адам Ресейге бес жыл бойы кіре алмайды, - дейді Филипп Шишов.

Егер босқын көші-қон қызметіне елге келген бетте емес, мысалы үш айдан кейін барса, ол дереу баруы тиіс деп жазылған конвенция талабын бұзған болып шығады. Бірақ Еуропа соты егер адам келген елдің тілін білмесе, тиісті ақпараттан хабары болмаса, көші-қон органдарына дереу бара алмайды деп санайтын практика бар. Бірақ қазір адамдарға баспана бермеудің кез келген себебі, кез келген сылтауы пайдаланылады.

«Бұдан бөлек, көші-қон қызметі өзіне өзі қайшы әрекет етеді – олар егер босқын билік органдарына өз еркімен келсе, оны әкімшілік жауапқа тартуға болмайтынын мойындайды, босқындар мәртебесі туралы конвенциядан үзінді келтіреді. Ал ары қарай әлгі құжатта әкімшілік кодексіне сәйкес,Ресейде босқындарды әкімшілік жауапкершіліктен босататын негіздер жоқ деп жазады» дейді Шишов.

– Егер Ресей босқындар санын осындай амалмен азайтуға тырысса, бұл мәселені өзге деңгейде, яғни адамдар елге әлі кірмей тұрып реттеуге болмай ма?

Меніңше, бұл - саясатқа тірелетін мәселе. Сырт көзге жұрттың бәрінеашық, қазіргі заманға сай, ескішіл көзқарастан еркін елміз деп көрінудің амалы.

– Меніңше, бұл - саясатқа тірелетін мәселе. Сырт көзге жұрттың бәрінеашық, қазіргі заманға сай, ескішіл көзқарастан еркін елміз деп көрінудің амалы. Израильде болсаң, сені елге кіргізбейтін Сауд Арабиясы сияқты емес. Бірақ бала-шағасы осында тұрып жатқан, жұбайы да, балалары да Ресей азаматтары саналатын адамдардың өздерін елден шығарып жібереді. Ал бұл - отбасымен бірге өмір сүру құқығын бұзу. Моисей деген гректі елден шығару шешіміне шағымданып жүргенімізге бір жыл болды. Жуырда жоғарғы сотқа апелляция бердік. Қалалық сот «балаларының Ресейде туғаны туралы куәліктің еш мәні жоқ» дейді. Ол бала-шағасымен араласып тұратынын да дәлелдеу керек екен.

– Ал мұндай жағдай елде заңсыз жүрген адамдар санын көбейтуге ұласпай ма? Ондай адамдар туралы ештеңе белгісіз болса, оларды бақылау да қиындайды ғой...

Егер елінде діни негізде қудалауға ұшырамаса, ол өз елінде қуана-қуана өмір сүрер еді, бала-шағасын да алып кетер еді.

– Иә, адам бүкіл құқығынан айырылған болып шығады, ол не жұмыс істей алмайды, не медициналық көмек ала алмайды. Бәріне ақша төлеуі тиіс. Осының кесірінен қылмыстық ахуал да ушығуы мүмкін. Жұртқа бірдеңе етіп тамақ тауып, тұратын жер табу керек қой. Бізде Еуропадағы сияқты босқындар легі жоқ болғанымен, мемлекет олардың қарапайым құқықтарын қамтамасыз етуден бас тартып, осындай күйге өзі жеткізіп отыр. Ресейге келгісі келетіндер аз. Жуырда уақытша баспана сұрап, құжаттарын өткізгісі келген қытайға әкімшілік айыппұл салды. Оның әйелі де, екі баласы да - Ресей азаматтары. Егер елінде діни негізде қудалауға ұшырамаса, ол өз елінде қуана-қуана өмір сүрер еді, бала-шағасын да алып кетер еді. Сириялықтар да қашып жатыр, өйткені қашуға мәжбүр, ал ол жақтың климаты тамаша, Ресейге кетемін деп ешкім ойламады ғой. Ал қазір елде гуманитарлық апат болып жатыр. Мемлекет тым болмаса уақытша баспана сұраған адамдардың өтініштерін қарауы тиіс немесе халықаралық құқықты орындағымыз келмейді деп ашық айтып, Женева конвенциясынан шығуы тиіс, - дейді Филипп Шишов.

Қазір босқындар үшін Ресейге бару онша қиын емес. Ал әкімшілік айыппұлға кесіліп немесе тіпті түрмеге қамалып, елден шығарылу тіпті оңай болып тұр. Ресей сырт көзге ғана ашық ел көрінеді, ал адвокаттар мен мигранттар практикасына қарағанда бұл ел Женева конвенциясы талаптарын қағаз жүзінде ғана орындайды.

Анастасия Тищенконың материалы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG