Accessibility links

Өзбек сәби тәжік баланың тағдырын құша ма деген қауіп бар


Санкт-Петербург ауруханаларының бірінде көз жұмған тәжік баласы Умарали Назаров. Ресей, 19 қазан 2015 жыл.
Санкт-Петербург ауруханаларының бірінде көз жұмған тәжік баласы Умарали Назаров. Ресей, 19 қазан 2015 жыл.

Ресей көші-қон полициясы 7 айға толмаған өзбек сәбиді анасынан айырған.

Өзбекстанда көп қысымға ұшырағаннан кейін елінен кетіп қалған, қазір Еуропа елдерінің бірінде тұратын өзбекстандық белсенді әрі дәрігер Гүлбахор Тураева Азаттықтың Өзбек қызметіне хабарласып, Әндіжанның 37 жастағы тұрғыны Гүлрух Хусанова мен оның әлі жеті айға да толмаған сәбиінің тағдырына алаңдайтынын айтты.

ӨЗБЕК ШЕНЕУНІКТЕРІНІҢ ЕНЖАРЛЫҒЫ

Өзбекстандық белсенді Тураеваның айтуынша, Әндіжан тумасы Гүлрух Хусанова былтыр қазаннан бері Магадан қаласындағы мигранттарға арналған абақтыда отыр. Белсендінің айтуынша, өзбек келіншек тіркеу мерзімі өтіп кеткені үшін ұсталған.

– Әндіжан облысы Шахрихан қаласының тумасы, 37 жастағы Хусанова Гүлрух Бахтиярқызы былтырғы 7 қазаннан бері Магадан қаласы Южная көшесіндегі УФМС (федералдық көші-қон басқармасы) абақтысында отыр. Оны 12 күндік тіркеу мерзімі өтіп кеткендіктен ұстаған. Гүлрухты Өзбекстанға депортациялауы тиіс. Ол – 15 ақпанда 7 ай ғана толатын сәбидің анасы. Ана мен баланы күшпен айырған, – дейді Гүлбахор Тураева Азаттыққа.

Оның айтуынша, Гүлрух Хусанованың баласы Ресейде дүниеге келген, бірақ келіншектің қолында баланың туу туралы куәлігі жоқ. Тураеваның сөзінше, сондықтан келіншекті қазір Ресейден Өзбекстанға депортациялау мүмкін емес.

Өзбек белсендісі Гүлбахор Тураева.
Өзбек белсендісі Гүлбахор Тураева.

– Магадан қаласындағы федералдық көші-қон басқармасы ұсталған келіншектің жеке басына қатысты деректерді растауы үшін Әндіжан облысы Шахрихан аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне сауал мен некені тіркеу куәлігінің көшірмесін жіберген. Ресей органдарына бұл құжаттар баланың атына туу туралы куәлік толтыру үшін қажет әрі Гүлрух Хусанова осы куәлікпен баланы еліне әкете алар еді. Бұл құжатсыз оны Ресейден шығармайды. Бірақ Өзбекстан жағы Ресейдің көші-қон қызметі сауалына жауап бермей отыр, – дейді Гүлбахор Тураева.

СӘБИДІҢ ЖҮРЕГІНДЕ АҚАУЫ БАР

Өзбек белсендісінің Азаттыққа айтуынша, Ресей көші-қон полициясы Гүлрух Хусанованы Магадан қаласы көшесінде ұстап әкеткен. Тіпті тұрақты орны да болмаған келіншек әр жерді паналап жүрген. Гүлбахор Тураеваның айтуынша, оның баласын ресейлік депутат қамқорлығына алған.

Қазір баланы бір депутат әйел қамқорлығына алып, оны емдетуге көмектесіп жатыр екен.

– Қазір баланы бір депутат әйел қамқорлығына алып, оны емдетуге көмектесіп жатыр екен. Бірақ Гүлбахордың баласы іштен жүрек ақауымен туған. Былтыр тәжік сәбиі Умарали Назаров сияқты жас сәбиді әрі ауыр диагноз қойылған баланы анасынан күшпен айырған. Гүлрухтың туыстары көмек сұрап, маған хат жазды, – дейді Гүлбахор Тураева Азаттыққа.

Ол сәбиді анасынан мүлде айырмау керек еді дейді. Азаттықтың Өзбек қызметі Әндіжан тұрғыны Гүлрух Хусанова мен оның 7 айлық сәбиінің тағдырын бақыламақ.

УМАРАЛИДІҢ ҚАЙҒЫЛЫ ТАҒДЫРЫ

Былтыр 14 қазанда Санкт-Петербург ауруханаларының бірінде тәжік еңбек мигранттарының бес айлық сәбиі белгісіз жағдайда көз жұмған. Ол оқиғадан бірнеше сағат бұрын полиция өкілдері сәбиді анасы Зарина Юнусовадан күшпен айырып алған. Шетінеп кеткен Умаралидың анасында да тіркеу тәртібіне қатысты проблема болған.

Сот-медициналық сараптама тәжік сәби вирустық инфекциядан көз жұмған деген қорытынды шығарған. Бірақ баланың әке-шешесі «баламыздың ешқандай ауруы жоқ» деп мәлімдеген.

Умарали Назаровтың анасы Зарина Юнусова еліне оралған кез. Душанбе, 16 қараша 2015 жыл.
Умарали Назаровтың анасы Зарина Юнусова еліне оралған кез. Душанбе, 16 қараша 2015 жыл.

Умаралидің ата-анасы баласының қазасына полиция қызметкерлерін кінәлайды. Бірақ полиция бақылау камерасындағы видеожазбаны көрсетіп, «балаға өте жақсы күтім жасалды, әке-шешесінің айыптауы негізсіз» деп мәлімдеген. Бірақ ол жазбаның шын-өтірігі әлі күнге дейін расталмаған.

Сәбидің қазасы Ресей мен Тәжікстан ғана емес, әлемнің көп елінде үлкен шуға ұласқан. Көпшілік жұрт Ресей полициясының сәбиді анасынан айыру әрекетін салақтық әрі қылмыс деп атаған.

16 қарашада Умарали Назаровтың анасы Зарина Юнусованы Санкт-Петербург қалалық соты шешіміне сәйкес Ресейден шығарып жіберген. Жас келіншек Тәжікстанға сәбиінің денесі салынған табытпен бірге ұшып келді.

Ресейде шетінеп кеткен бес айлық Умарали Назаровтың мәйіті Душанбе қаласынан 50 километр жердегі Файзабад ауданының Калъаи Дашты ауылында жерленген.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG