Ресейдің бұрынғы бас санитарлық дәрігері Геннадий Онищенко «АҚШ Қара теңіз жағалауындағы масаларға Зика вирусын құпия жолмен жұқтырып, Ресейге қарсы биологиялық соғыс жүргізіп жатыр» деп санайды.
Ақпанның 15-і күні ВВС агенттігінің орыс қызметіне берген сұхбатында Онищенко ресейлік ғалымдардың 2012 жылы вирус тарататын масаларды Абхазиядан анықтағанын мәлімдеді. Абхазия – Қара теңіз жағалауында Ресеймен шектесетін, Грузиядан бөлінген сепаратистік аймақ.
Қазір Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевтің көмекшісі қызметін атқаратын Онищенко «Бұл мені алаңдатады, себебі осы масалар табылған жерден 100 километр жерде, біздің шекараға ең жақын аумақта АҚШ армиясының әскери микробиологиялық зертханасы бар» дейді.
«Пентагон әскери биологиялық базаны грузин балаларын қызылшадан (сырқат түрі – ред.) қорғау үшін салған жоқ» дейді ол. Онищенко айтып тұрған биологиялық зерттеу орталығын постсоветтік Грузияға АҚШ-тың әскери қатерді азайту жөніндегі агенттігі (DTRA) 2011 жылы салған еді, 2013 жылы зертхана Грузияның сырқаттарды бақылау бойынша ұлттық орталығына берілген.
АҚШ елшілігінің дерегі бойынша, нысан «қауіпті жұқпаларды асқындыру қатеріне байланысты АҚШ және ғаламдық денсаулық қауіпсіздігін күшейту» мақсатында салынған. Бірақ ресейлік шенеуніктер мен БАҚ «оның миссиясы басқадай» деп санайды.
Зика вирусы әлемнің барлық аймағында тіркелді, әсіресе Оңтүстік Америкада таралып барады. Вирусты жұқтырған адам көп жағдайда жазылады, бірақ жүкті әйелдер үшін қауіпті, нәресте микроцефалия дертіне шалдығуы мүмкін.
Онищенконың ақпанның 15-і күні жасаған мәлімдемесі жарияланған кезде Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі Зика вирусын жұқтырған алғашқы адамды тіркеді.
Биліктің дерегі бойынша, вирусты жұқтырған әйел Доминикан Республикасына демалысқа барған, Ресейге оралған соң Зика вирусын жұқтырып келгені анықталған. Дереккөздің айтуынша, оның отбасы мен онымен бірге ұшқан жолаушылар вирустан аман.
2013 жылы қызметінен кетіп, Медведевтің көмекшісі болғалы Онищенко көпшілік алдына сирек шығады.
1996 жылдан бері Ресейдің бас санитарлық дәрігері болған және 2004 жылдан бастап «Роспотребнадзор» басшысы қызметін атқарған Онищенко шетелдік бірқатар тауарлардың елде сатылуына тыйым салған еді.
Кремльді сынаушылар оның бұл шешімдерін «Мәскеуге бағынғысы келмейтін көрші елдерге ықпал ету үшін жасалған саяси әрекет» санайды. Мысалы, Онищенко Грузия мен Молдовадан келетін шараптарды сатуға және 2011 жылы Еуропа Одағынан көкөніс пен жеміс-жидектер импорттауға қатаң тыйым салды. Ол енді міне астыртын қастандық теорияларын да жақсы көретінін байқатты.
Том Бэлмфорттың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.