Accessibility links

Кремль сталиндік зұлматты неге еске алғызбайды?


Владимир Овчинников Лениннің ескерткішінің маңында тұр. Боровск, 20 желтоқсан 2016 жыл.
Владимир Овчинников Лениннің ескерткішінің маңында тұр. Боровск, 20 желтоқсан 2016 жыл.

Ресейлік қарт суретші «Совет Одағы құлағалы ширек ғасыр өтсе де, билік сталиндік қуғын құрбандарын еске алуыма рұқсат бермейді» дейді.

78 жастағы суретші Владимир Овчинников советтік қуғын-сүргін құрбандарының құрметіне қабырғаға сурет сала бастағанда мұндай кедергілерге тап болам деп ойламапты.

Мәскеуден 90 километр жердегі Боровск қаласында тұратын суретші қала орталығында дуалға Сталин заманында қуғындалған жергілікті 20 азаматтың бейнесін салуды ұйғарған. Ол бұл жұмысты 10 күнде-ақ бітіріп тастаймын деп жоспарлаған.

Бірақ әр түн сайын әлдекімдер суреттерді бүлдіріп кете береді. Мәселен, 1937 жылы ұсталып, «Совет Одағының жауы» ретінде атылған Федор Сумароковқа Микки Маустың құлағын салып кеткен, ал оның аты-жөні мен өмір сүрген жылдары туралы жазуды сары түспен бояп тастаған. Нобель сыйлығының лауреаты Александр Солженицынның басына бейәдеп сөз жазған.

Владимир Овчинниковтің қуғын-сүргін құрбандарына арнап салған фрескасы.
Владимир Овчинниковтің қуғын-сүргін құрбандарына арнап салған фрескасы.

– Бәрі асқан ыждағатпен жасалған, әрі бұған көп уақыт жұмсаған. Бұл бірдеңе шаша салып, жүгіріп кететін жай бұзақылық емес. Мақсатты түрде, тапсырма бойынша мұқият істелген шаруа сияқты, – дейді Владимир Овчинников.

Ол бұл вандализмнің артында жергілікті басшылық тұруы мүмкін деген күдігін айтты.

Қарт суретші тек сурет салумен шектелмей, саяси террор құрбандарына арнап веб-сайт та ашқан. Суретшінің айтуынша, оның Совет қырғынының құрбандарын еске алу жолындағы белсенді әрекеті биліктегілерге ұнамайды, себебі бұл Кремльдің нацистік Германияны жеңген Совет Одағын мадақтаған идеологиясына қайшы келеді.

– Жергілікті билік дәл федералдық өкіметтің әрекеттерін қайталайды. Олар ләм-мим демейді, кедергі келтіреді, ақыр соңында ештеңе істеуге мүмкіндік бермейді, – дейді суретші.

Владимир Овчинников. 20 желтоқсан 2016 жыл.
Владимир Овчинников. 20 желтоқсан 2016 жыл.

Ал жергілікті билік "Боровск қаласы қуғын-сүргін құрбандарын қала орталығында емес, басқа жерде еске алады" дейді. Олардың айтуынша, суретші ымыраға келуді білмейді әрі қоғамның бір бөлігін, әсіресе қарт коммунистерді сыйламайды.

Владимир Овчинников 1999 жылы зейнетке шыққалы бері Боровскінің әр жерінде 11 мың тұрғыны бар қаланың тарихындағы елеулі оқиғаларды паш ететін фрескалар салып шыққан. Зайыбы ол салған суреттердің астына шағын өлеңдер жазып береді. Ескі үйлері, күмбезді ғимараттары көп, көшелері совет заманындағы атпен қалған, бір кездері ғалым Циолковский тұрған бұл қалаға В.Овчинниковтың суреттері де ерекше көрік беріп тұр.

Бірақ 11 жыл бұрын совет заманындағы саяси қуғын-сүргін тақырыбына суреттер сала бастағанда қарт суретшіге қарсы адамдар көбейді.

Овчинников 2005 жылы саяси қуғын мен Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арнап ескерткіш орнату туралы бастама көтеріп, қала әкімшілігіне ұсыныс айтады. Жоба мақұлданып, енді жұмыс басталады деп жүргенде мэр ауысып, жаңа басшы жобаны тоқтатып тастайды. Бірақ суретші өз бетімен әрекет етіп, Боровскіні нацистердің құрсауынан азат еткен совет солдаттарының құрметіне қойылған ескерткіштің арт жағына ешкімнің рұқсатынсыз сурет салады. Боровскіден шыққан 2043 адамның соғыста опат болғанын ескерткен ол суреттің оң жағына 1920-50 жылдардағы саяси қуғын құрбандарының санын да көрсетеді. Осы аралықта 102 адам өлім жазасына кесіліп, 343-і қамалған, 153-і жер аударылып, 31-і азаматтық құқықтарынан айырылған.

Владимир Овчинников салған сурет.
Владимир Овчинников салған сурет.

Суретші былтыр өз үйінің қасындағы дуалға Боровскіден шығып, большевиктерге қарсы соғысқан 21 шаруаның құрметіне «Боровск қоңыраулары кім үшін соғылады?» деп аталған сурет салды. 1918 жылдың соңында олардың барлығы атылған. Жергілікті халық ол кезеңді «қанды қараша» деп атайды.

Тамыз айында салған суретін бірнеше сағаттан соң әлдекімдер бүлдіріп кеткен. Владимир Овчинников мұның өзінен жақсылық іздейді.

– Оның вандализмге ұшырағаны жаман емес шығар, себебі бұл тақырыпқа халықтың қызығушылығы еселеп артты, – дейді ол.

Шынымен бүлінген суреттер туралы ақпарат тек жергілікті БАҚ-та ғана емес, бүкіл Ресей аумағына жетті. Facebook желісінің бір қолданушысы бұл туралы «Сталинизм қылмыстық идеология деп танылмайынша, оны ақтаудың өзі қылмыс деп есептелмейінше, мұндай жайттарға таң қалудың қажеті жоқ» деп жазды.

Ал Боровск қалалық әкімшілігіндегілердің пікірі басқаша. Азаттықтың Орыс қызметіне аты-жөнін атамауды өтінген әкімшілік қызметкері Овчинниковтың проблемасы – «ойына келген нәрсені жасай беретінінде» деді. Оның айтуынша, «жергілікті билік идеологиялық себептермен қуғын-сүргін тақырыбын қозғауға рұқсат бермей жүр» деген сөздің қисыны жоқ.

– Бұл мәселеге [Совет Одағының мұрасына] қатысты халықтың пікірі бір-біріне қарама-қайшы. Қайшылық тіпті үлкен қалалар мен аудандардан да айқын білінеді, – деді ол.

Мәселен, 2013 жылы Лениннің ескерткішін бас алаңның шетіне қарай көшіргенде қарт коммунистер наразылық білдірген.

Владимир Овчинников салған суреттер.
Владимир Овчинников салған суреттер.

2014 жылғы 21 қыркүйекте Мәскеудегі либерал оппозиционерлер Шығыс Украинадағы сепаратистік соғысқа Ресейдің араласуына наразылық білдіріп, бейбіт шеру ұйымдастырғанда, Владимир Овчинников та оларға үн қосқан. Ол Боровскідегі Ленин ескерткішінің тұғырына Украина туы түстес көгілдір және сары жолақтар іліп тастаған. Бұл әрекеті үшін оны полиция ұстап әкетіп, кейін босатқан.

2015 жылғы 10 желтоқсанда Кремльдің адам құқықтары жөніндегі омбудсмені Элла Памфилова фрескалары мен кітабы үшін Владимир Овчинниковті қоғамдық телеарна сыйлығымен марапаттаған.

Том Бэлмфорттың материалы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG