Accessibility links

«Мекке капитализм мен сауда мекеніне айналып барады»


Қағба.
Қағба.

Independent басылымы Мекке қаласының қазіргі әлеуметтік экономикалық ахуалы жайлы мақала басты. Автордың ойынша, «Мекке қоғамы теңдік пен әділеттен алшақтап барады».

The Independent газеті бұл мақаланы ақпанның 5-і күні жариялады.

«БҰЛ ӨЗГЕРІСТЕР - НЕ ҚҰЛДЫРАУДЫҢ, НЕ ӨРКЕНДЕУДІҢ НЫШАНЫ»

Автор мақаласын бала кезіндегі Меккедегі қасиетті Қағбаға сапарын баяндаудан бастаған. Қасиетті қаланың санасына қалай әсер еткенін сағынышпен еске алған: «Меккедегі Байтуль Харамға (Қағба) барғанда бірінші мешіттің мәрмәр мұнаралары көрінетін. Cодан кейін алдымыздан жарқыраған үлкен мешіттің өзі шығатын».

Автордың жазуынша, «Соңғы жылдары умра қажылығының рухани әсері солғын тартқан. Қазір 30 километрден Абраж әл-Бәйт ғимараты көрінеді. Бұрындары мұнартып жататын шөлді қыраттар қазір қонақүйлер мен базарлардың астында қалған. Лондондағы Биг Бен (Big Ben) мен Дубайдағы Бурдж Халифа (Burj Khalifa) ғимаратының үлгісінде салынған Меккедегі «сағат мұнарасы» биіктігі жағынан әлемде екінші орын алады. Бұл ғимараттың іші толған дүкендер мен қымбат қонақбөлмелер. Біреулер мұны модернизация (жаңару, даму - ред.) деп санаса, енді біреулер үлкен апаттың белгісі деп біледі».

«КАПИТАЛИЗМНІҢ ЗӘМЗӘМҒА ЗИЯНЫ»

Independent-тің жазуынша, «Меккедегі шектен шыққан капитализм мен артық байлықтың залалды жақтары бар». Байлар қазір қасиетті зәмзәм құдығының қасында да құрылыс жүргізіп жатыр.
Қағбаны айналып жүрген мұсылмандар. Құрылыс жүргізіп жатқан крандардың да мойындары көрініп тұр. Сауд Арабиясы, Мекке, 14 қазан 2012 жыл
Қағбаны айналып жүрген мұсылмандар. Құрылыс жүргізіп жатқан крандардың да мойындары көрініп тұр. Сауд Арабиясы, Мекке, 14 қазан 2012 жыл

10 жылдан бері Меккеде тұратын египеттік азамат: «Алланың қиямет күні болғанша зәмзәмнің суы сарқылмайды деген уәдесі бар. Бірақ сонда да құрылыс жұмыстары зәмзәм суының ағысына кері әсерін тигізіп жатыр» дейді.

Автордың дерегі бойынша, «Қағбаның айналасын кеңейту үшін қасиетті мешітпен жапсарлас салынған барлық қонақ үйлерді аластатқанмен, сол жердегі Абраж әл-Бәйт ғимаратына рұқсат етілген».

Мақала авторы бұрынғы Меккеде Қағбаның қасында кептерлерге жем беретін арнайы алаңның болғанын да еске алады. Ол «қонақүйге кіріп-шыққан сайын Сауд Арабиясы көп жетістікке жеткенімен, кедейлерге жасалатын әлеуметтік жәрдем түрлерінің жоқ екенін байқайсың» дейді. Басылымның сипаттауынша, Абраж әл-Бәйт ғимаратының алдында қайыр-садақа сұрап тұрған кедейлер көп.

Independent «Ислам қоғамын құрып, адамгершілік принциптерін насихаттап келген Сауд Арабиясы қоғамында әлеуметтік әділетсіздік көбейіп келеді» деп жазады.

Автор «Жаңа ғана бір мешітте қатар тұрып құлшылық қылған адамдардың арасында бірнеше минут өтпей жатып теңдіктің жоғалып кететіні қажылыққа келген жұрт пен жергілікті тұрғындарға қалай әсер етеді?» деген сауал тастайды.

«МЕШІТКЕ КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ»

Автордың жазуынша, «ғимарат қожайындары «Бұл - Меккедегі қасиетті екі мешітке біздің жасаған сыйымыз» деп ақталғысы келеді. Алайда зайырлы адамдар «Қағбаның қасына сағат мұнарасын тұрғызуға капитализм талабы бойынша рұқсат етілді» деп санайды».

Кей адамдар «бұл құрылыс жұмыстары қажылыққа келгендерді барынша көп сыйғызу мақсатында жасалып жатыр» деп ойлайды.

Басылымның жазған дерегіне қарағанда, Қағбаның қасындағы жер Сауд Арабиясы королінің «Saudi Bin Laden Group» деп аталатын ең бай құрылыс компаниясына белгілі бір мерзімге сатылған. «Жердің нақты неше жылға сатылғаны жайлы мәлімет әртүрлі» дейді автор.
Сауд Арабиясының королі Абдулла Ислам конференциясы ұйымының саммитінде сөйлеп отыр. Мекке, 14 тамыз 2012 жыл.
Сауд Арабиясының королі Абдулла Ислам конференциясы ұйымының саммитінде сөйлеп отыр. Мекке, 14 тамыз 2012 жыл.

«Осы маусымның соңына дейін құрылыс компаниялары мешіттің аумағында жұмыс жүргізуге алған рұқсаттары үшін үкіметке жарты ақшасын төлеуі тиіс. Көптеген меккеліктер үкіметтің оларға салық төлетуін Робин Гудтың әрекетіне балайды». Автор бұл ақшадан кедейлерге үлес тиеді дегенге сенбейді. Оның ойынша, «Бұл қаржы мұнайдан байып отырған кәсіпкерлердің қалтасына қайта түседі».

Автор «Сауд Арабиясында қазір әлеуметтік теңсіздік таңсық құбылыс емес. Көптеген азаматтар байлықтың әділетсіз бөлінуіне мән бермейтін де сияқты. Исламның бесігі болған Мекке қаласында кәсіп пен сауда қайнап жатыр. Бірақ бір кездері ислам ілімі тараған көшелерде бұл күндері өте қымбат қонақүйлер тұр. Қазір де Сауд Арабиясы қанша жерден адамгершілікті насихаттап жатса да, бұл елде әлеуметтік әділдік жетіспейді» дейді.
XS
SM
MD
LG