Accessibility links

"Ресей сотындағы жаңа тренд". Кісіге сырттай үкім шығаратын Мәскеудің көздегені не?


Мәскеудің Тверь аудандық сотындағы айыпталушылар отыратын тор. Ресей, 2013 жыл. Бейтарап фотосурет.
Мәскеудің Тверь аудандық сотындағы айыпталушылар отыратын тор. Ресей, 2013 жыл. Бейтарап фотосурет.

1 ақпанда Мәскеудің Басманный соты журналист Александр Невзоровқа "әскери тақырыптағы жалған ақпарат" ісі бойынша сырттай үкім шығарды. Ол Ресей әскері Мариупольді атқылағанын жазып еді.

Сот Невзоровқа сегіз жыл түрме жазасын кесті. Оған жазасын өтеп болғаннан кейін төрт жыл бойы интернет-ресурстар басқаруға тыйым салынды. Бірақ Невзоровқа бостандығынан айырылу қаупі төніп тұрған жоқ: өйткені ол шетелде жүр. Заңгерлер "шетелде жүрудің өзі сырттай үкімнің кері әсерінен қорғай алмайды" дейді.

"Настоящее время" соғысқа қарсы позициядағы адамдарға сырттай үкім шығару тәжірибесі не үшін керегін және мұның сотталғандарға қандай әсері барын талдап көрді.

СЫРТТАЙ ӨТКЕН АЛҒАШҚЫ СОТТАР

Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 207.3-бабы ("қарулы күштердің қолданысы туралы қоғамға көрінеу жалған ақпарат тарату") бойынша алғашқы үкім 2023 жылғы қаңтардың аяғында Мәскеудің Басманный сотында оқылған. Бұрын полицияда қызмет еткен Олег Кашинцев Қызыл алаңға Навальныйды қолдауға шыққан. Ол 2022 жылғы ақпанның басында Ресейден кетіп қалған. Оған да Невзоровпен бірдей жаза берілді (сегіз жыл колония) және төрт жыл бойы әлеуметтік желі жүргізуге тыйым салынды. Сотталушыға төрт жыл бойы құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге болмайды.

Кашинцев полицияда 18 жыл қызмет еткен. 2019 жылы міндеттелген еңбек мерзімін толық өтеп, отставкаға кеткен. Бірақ кейін журналистерге полициядан саяси көзқарасына байланысты кеткенін айтқан. 2023 жылы айыпталушының қатысуынсыз өткен сотқа да дәл осы саяси көзқарасы себеп болған: Кашинцев 2022 жылғы көктемде жариялаған жазбалары үшін “жалған ақпарат таратты” деп айыпталып отыр. Құқық қорғаушы Павел Чиков Telegram-дағы арнасында "Бұл шешім Қылмыстық кодекстің 207.3-бабы бойынша сырттай үкімдер трендін ашты" деп жазды.

Сырттай соттарға айыпталушы қатыспайды. Бірақ адвокат барады. Әдетте айыпталушы өзіне қандай үкім шыққанын адвокаты арқылы біледі. Александр Невзоровтың ісі бойынша бірнеше сот отырысы өткен. Сотқа журналистер де қатысқан. Тергеу нұсқасы бойынша, журналист әлеуметтік желідегі парақшасында Ресей әскерінің Мариупольді қасақана атқылағаны туралы "көрінеу жалған ақпарат" таратқан. Тергеу комитетінің баспасөз хабарламасында "[Невзоровтың] жазбаларында ракетадан зардап шеккен бейбіт тұрғындардың жалған суреттері болған. Бұл суреттерді Украинаның ақпарат құралдары таратқан. Ресейдің қорғаныс министрлігі бұл деректердің жалған екенін ресми мәлімдеген" делінген.

Александр Невзоровқа қарсы іс 2022 жылғы наурыздың соңында қозғалған. Сәуірде ол "шетел агенттерінің" тізіміне ілінген. Мамырда іздеу жарияланып, сырттай тұтқындалған. Невзоров Ресейден кетіп қалған, 2022 жылғы маусымда ол Украинаның азаматтығын алғаны белгілі болды. Невзоровтың адвокаттары журналистің ашық дереккөздерден алынған ақпаратты пайдаланғанын алға тартып, соттан оны ақтауды сұрады.

2023 жылы қаңтардың ортасынан бастап Басманный сотында блогер Ника Белоцерковскаяның да ісі сырттай қаралып жатыр. 207.3-бап бойынша кезекті іс 2022 жылғы наурызда қозғалған. Шетелде тұратын блогер "шетел агенті" тізіміне де енген. Тергеудің дерегінше, айыпталушы наурыз-сәуір айларында әлеуметтік желідегі парақшасына Ресей әскері Мариупольдегі перзентхананы бомбалағаны және Бучада бейбіт тұрғындарды өлтіргені туралы "жалған ақпарат" жариялаған. Белоцерковскаяға іздеу жарияланып, сот оның Ресейдегі мүлкін бұғаттады.

СЫРТТАЙ ҮКІМНІҢ САЛДАРЫ

Заңгер Павел Чиков Telegram-дағы арнасында "бұрын сырттай соттар қазіргідей көп өтпейтін" деп жазды. Істі сырттай қарау көбіне процесті жеделдету немесе сот отырыстарының санын азайту үшін жасалады. Бірақ 2022 жылғы наурызда Қылмыстық кодексте "жалған ақпарат туралы" бап пайда болғаннан кейін Ресей билігі соғысқа қарсы болып, шетелге көшіп кеткен азаматтарын сотқа тарту үшін сырттай үкім шығару тәжірибесіне жүгінді.

Қаңтарда Ресейдің бас прокуроры Игорь Краснов 2022 жылы "әскери тақырыптағы жалған ақпарат" бойынша 187 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

– 187 істің 23-і ғана Ресей Федерациясынан тыс жерде жасалған, – деді Чиков.

Ай соңындағы дерек бойынша, Ресейден кеткен, "әскери тақырыпта жалған ақпарат таратты" деп айыпталған 30 адамның ісі сырттай қаралып жатыр. Олардың қатарында "Медиазона" басшысы Петр Верзилов та бар: оған Twitter мен Instagram-дағы парақшаларында Буча туралы жазғаны үшін 207.3-бап бойынша айып тағылған. Верзилов қазір шетелде тұрады.

"ОВД-Инфо" заңгері Мария Чащилова кейінгі кездері сырттай сот процестері жиілегенін растайды.

– 2021 жылғы сот статистикасының дерегінше, 289 іс сырттай қаралған. Бұл қылмыстық істердің жалпы санымен салыстырғанда өте аз. Әзірге Қылмыстық кодекстің 207.3-бабы бойынша сырттай үкім шығару тәжірибесі жиі қолданылып жатқаны туралы айтуға ерте. Бірақ Павел Чиковке қосыламын: бұл жаңа "сот тренді" екені рас, – дейді заңгер.

Әдетте мұндай істер бойынша айыпталушыларды сотқа дейін ұстап әкетеді. Бұлтартпау шарасы да сырттай таңдалады.

– Бұл адамға іздеу жариялау үшін жасалады. Процедураның бір ерекшелігі – айыпталушы болмаса (яғни айыпталушы сотқа немесе Ресей Федерациясына келмесе), кассациялық тәртіппен үкім жойылады. Бірақ үкімнің күшін жою үшін қорғаушы немесе сотталушының өзі өтініш беруі керек. Өтініш бермесе, Ресей шекарасына өткен бойда, жазасын өтеуге жібереді (бас бостандығынан айыру болмауы да мүмкін), – дейді Мария Чащилова.

Халықаралық іздеу жариялау және мүлікті бұғаттау – сырттай сотталған адамдарға төнетін жалғыз қауіп емес. Ресейде бұғаттайтын мүлкі болмаса (газеттерде жазылған ақпарат бойынша, Ника Белоцерковская мүлкін басқа адамның атына жартылай аударып үлгерген), мемлекет ол азаматтардың туыстарына қысым көрсетуі мүмкін (мысалы, жақындарының үйіне тінту жүргізеді) немесе Ресейдің "сөзін жерге тастамайтын" елде жүрсе, экстрадиция талап етуі мүмкін.

– Экстрадиция қаупі қашанда өзекті, өйткені басқа елде жүрген азаматты өз мемлекетіне беру механизмі бар. Бұл механизм іс қай деңгейде жүріп жатқанына қарамастан орындала береді: іздеудегі азаматты қылмыстық қудалау үшін немесе үкімді орындауға (Ресей Федерациясы қылмыстық-іс жүргізу кодексінің 460-бабы, 1 бөлігі) сұратуы мүмкін. Соғыс басталғаннан кейін көп мемлекет Ресеймен жұмыс істеуден бас тартты. Оның үстіне, экстрадиция Интерпол арқылы жүреді. Интерпол Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 207.3-бабы бойынша сотталғандарды Ресейге қайтарудан бас тартып отыр, – дейді Мария Чащилова.

Заңгердің айтуынша, шекара асу адамның қауіпсіздігіне кепілдік бермейді. Мұндай іс бойынша сотталғандар тұратын елін шамасынша мұқият таңдап, құқықтық мәртебесі көп мәселе туғызуы мүмкін екенін ескергені жөн.

– Әрине, әр жағдайды бөлек қарау керек. Ресейден жырақта жүріп, үшінші елдерге виза алу қажет болса, қиындықтар туындауы мүмкін. Мысалы, Литвадағы Ресей елшілігінен шетелге шығатын төлқұжат алу мәселе болғанын білеміз. Бұл тәжірибе қаншалық жиі кездесетінін айта алмаймыз. Бірақ осындай "тұзаққа" түскен адамдар саяси баспана сұрауына болады, – дейді Чащилова.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG