Биыл ақпанда өткен Ауғанстандағы бейбіт бітім туралы "Кабул процессі" жиынында болған Талибан қозғалысы өкілдері наурызда Ташкентте өткен Ауғанстан мәселесі туралы халықаралық конференцияға қатыспады. Алайда сәуірдің 13-і күні Азаттықтың Ауған қызметі Ауғанстанның Пәкістанмен шектесетін Кандагар уәлаятына Талибан басшыларынан ондаған адамның көшіп келетінін хабарлады. Олардың бейбіт бітімге келіскені және биыл өтуі жоспарланған Волеси Джирга – парламент және уәлаят кеңестері сайлауына қатысуы мүмкін екені айтылады. Ал "Кабул процессі" жиынында Ауғанстан президенті Ашраф Ғани егер тәліптер қарулы әрекеттерін тоқтататын болса, қандай да бір қосымша шартсыз оларды саяси партия ретінде мойындайтынын білдірген.
Талибан қозғалысын саяси күш ретінде мойындаудың қисыны қандай? Орталық Азия елдеріне шекаралас Ауғанстандағы жағдай аймаққа қалай әсер етеді? Ауғанстандағы қазіргі жағдай туралы Азаттық осы елде туып-өскен, қазір Түркияда тұратын сарапшы Еседолла Оғуздан сұхбат алды.
Азаттық: - Талибан қозғалысының Ауғанстандағы қазіргі саяси сипаты қандай?
Еседолла Оғуз: - Баршаға белгілі, кезінде Совет одағы Ауғанстан ісіне араласпай тұрған кезде елде қазіргідей проблема болған жоқ. Этникалық топтардың барлығы сол кезде қалыптасқан белгілі бір ырғақпен тату-тәтті өмір сүріп жатқан еді. Совет одағы Ауғанстанға әскер енгізген соң-ақ елдегі гармония өзгеріп сала берді. Моджахедтер мен Совет әскері арасындағы соғысты былай қойғанда, ауғандықтар да өзара қақтығысқа барды. Совет әскері елден шығарылғаннан кейін бірнеше жылдан соң Талибан қозғалысы пайда болды.
Алғашқы кезде, тоқсаныншы жылдары елдің негізгі аумағын бақылауда ұстаған Молла Омар басқаратын бір ғана Талибан қозғалысы болды. Алайда 2001 жылы Ауғанстанға халықаралық әскери контингент енгізілген соң, олар биліктен қуылды. Дегенмен халықарлық күштер елден шыға бастаған 2014 жылдан бастап, тәліптер қайтадан бас көтерді.
Қазір Ауғанстанда бір-бірін мойындай бермейтін өздерін "Талибан" атайтын бірнеше топ пайда болған. Олардың ірі билікпен ымыраға барамыз десе, екіншісі ондайды қабылдамайды. Бірақ олардың барлығының басын біріктіретін бір мәселе – өздерін "Талибан" атайтын топтар Ауғанстан ісіне шетелдіктердің араласуына қарсы. Бұл – Талибан топтары арасындағы ортақ идея.
Азаттық: - Ауғанстан президенті Талибанды саяси партия ретінде мойындауға болатынын айтып жүр. Бұл Кабулдағы орталық үкіметтің саяси тактикасы ма, жоқ әлде олар шынымен Талибанды мойындағысы келіп отыр ма?
Еседолла Оғуз: - Тактика деуге келе қоймас. Кабул шынымен де Талибанның елдегі саяси үдеріске қатысуына мүдделі. Мәселен, мұның алдында "Хезб-е ислами" (Исламдық партия) партиясының жетекшісі Гүлбеддин Хекматияр биліктің кепіл болуымен елге қайтып оралды. Бұл – бір жақсы нышан. Талибан да қаруын тастап елдегі саяси оқиғаларға еркін қатыса бастаса, қақтығыс, шабуылдар азаяр еді.
Оқи отырыңыз: Хекматиярдың Кабулға оралуы
Азаттық: - "Хезб-е ислами" елге қайтып оралғалы қандай белсенділікпен айналысып отыр?
Еседолла Оғуз: - Алдағы күзде Ауғанстанда парламент сайлауы болады. "Хезб-е ислами" сол сайлауға қатысатын сыңайлы. Бір кезде Кабулдағы қанды оқиғаларға қатысты аталған Хекматиярдың өзі қазіргі Кабул билігіне қосылып тәліптерді бейбіт бітім процессіне шақырып жүр. Алайда тәліптердің Хекматиярдың да, ресми биліктің де шақырғанына келісуі екіталай. Олардың талабы – елдегі шетелдіктер шықса болғаны, жергілікті топтар ғана өзара мәмілеге келе алады деп есептейді.
Азаттық: - Талибанды Кабул саяси партия ретінде мойындайтын болса, оның Орталық Азияға әсері қандай болады деп ойлайсыз?
ИМ ықпалға алып кетсе, бұл, сөз жоқ, Орталық Азияға да қатерлі. ИМ әзірге Ауғанстанның солтүстігінде ғана кездеседі. Бірақ олар күш алатын болса, арты жақсылықққа апармайды
Еседолла Оғуз: - Орталық Азияның үш бірдей елі – Түркіменстан, Өзбекстан және Тәжікстан Ауғанстанмен іргелес, шекаралас жатыр. Егер тәліптер саяси күш ретінде мойындалатын болса, олар ауған қоғамына кірігеді де тиісінше төңірегіндегі елдер де зардап шекпейді. Мұны неге айтып отырмын? Ауғанстанда қазір Талибаннан басқа "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобы бар. Талибан мен ИМ-нің идеологиясын салыстыратын болсақ, тәліптер тек Ауғанстан шеңберіндегі мәселені көтереді. ИМ болса өз идеясын басқаларға да таңғысы келеді. Олар белгілі бір территориямен шектелмейді және өз дегендерін әлемге таратқысы бар. Сондықтан Талибан бейбіт бітім процессіне араласып жатса, Орталық Азияға жаман болады деп ойламаймын. Тіпті Талибан тоқсаныншы жылдары Ауғанстанды билеп тұрған кезінде де Орталық Азияға көз алартып, өз идеологиясын байлап таңған емес.
Ал ИМ ықпалға ие болып кететін болса, бұл, сөз жоқ, Орталық Азияға да қатерлі. ИМ әзірге Ауғанстанның солтүстігінде ғана кездеседі. Бірақ олар күш алатын болса, арты жақсылықққа апармайды. Қазір ара-тұра Ауғанстандағы кейбір топтардың ИМ-ге қосылып жатқаны айтылады.
Азаттық: - Талибан мәселесін сөз қылғанда Пәкістанды да айтуға тура келеді. Осы ел мен Ауғанстан бір-бірін "террористерді қолдайды" деп айыптауын доғарар емес. Пәкістанның шекара аумағында атқан оғы Ауғанстан жеріне өтіп кетіп жатады. Пәкістан премьер-министрі Шәхид Хақан Аббаси сәуірдің 7-інде Кабулға келіп кетті. Жалпы, Ауғанстан-Пәкістан арасындағы қатынас қашан, қандай жағдайда өзгереді, Аббаси сапарынан не шықты?
Еседолла Оғуз: - Қазір үлкен өзгеріс болады деп есептемеймін. Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы жоғары деңгейдегі ресми сапарлар үйреншікті жайға айналып кеткен. Алайда екі арада ел күткендегідей сенім орнамай жатыр. Ауғанстанда Талибанға қатысты кейбір мәселеде Пәкістанды айыптап жатады. Мұны соншалықты дұрыс қадам деп айтуға келмейді. Өйткені Пәкістан қазір Талибанды толықтай өз бақылауында ұстап отырған жоқ. Ауғанстан мен Пәкістан шекарасындағы екі ел де бақылау жасай алмай отырған Солтүстік Вазиристан тәліптерге қарайды деп есептеледі. Онда Талибанға қоса ИМ өкілдері де кездеседі. Мұнда бекінгендер бірде Пәкістанға, тағы бірде Ауғанстанға шабуылдап отырады. Сондай кезде Исламабад пен Кабул бір-бірін айыптап жөнеледі.
Тоқсаныншы жылдары Пәкістанның Талибанға көмектескені рас. Бірақ қазір Солтүстік Вазиристандағы тәліптердің өзі бірнеше топқа бөлініп кеткен. Олар бекінген аймаққа екі елдің әскері де жете алмайтындай жағдай қалыптасқан. Ауғанстан мен Пәкістан басшылары бір-бірін кінәлағаны болмаса, осыған қатысты айта қаларлықтай қадам жасай алмай отыр. Ең алдымен екеуі бір-біріне деген сенімді қалыптастыруы керек. Қазіргідей бір-бірін айыптау қандай да бір нәтиже бермейді.
Арадағы ресми сапарлар тек үмітті оятқаны болмаса, сенім қалыптастыра алмай отыр. Өткен жылы да Ауғанстан басшылығы Пәкістанға сапарлап, Пәкістаннан Ауғанстанға делегациялар келіп келіссөздер болған. Соның бәрінде жақсы мәлімдемелер жасалғанымен, іс ілгерілеген емес.
Азаттық: - Былтырдан бастап Пәкістан Ауғанстандағы бейбіт бітімге белсенді түрде қатысуы керек болатын. Алайда бір-бірін айыптаған жерде бейбітшілікке деген белсенділік те байқалмай отырған сияқты. Мұның себебі неде?
Ауғанстан территориясының 60-70 пайызына тәліптер бақылау жасап отыр деп есептеледі. Тәліптер елдегі шетелдік әскер толық шықса ғана бейбіт мәмілеге келетінін айтудан танбай келеді
Еседолла Оғуз: - Тоқсаныншы жылдары Пәкістан Ауғанстанға көп көмектесті. Мәселен, миллиондаған ауған босқыны Пәкістанды паналады. Соған сай Исламабад та Кабулда өзі қалағандай дос болатын билік құрылғанын қалайды. Қазір екі ел арасында шынайы сенім болмаған соң, шекара бойындағы тәліптер күш алып кетіп жатыр. Мысал үшін айтсақ, өткен жылғы кездесулерден кейін ешқандай ілгерілеу болмағанын көріп отырмыз. Пәкістан Ауғанстанмен арадағы жағдайын айтпаған күннің өзінде тағы бір көршісі Үндістанмен де игі қатынас қалыптастыра алмай отыр. Ниет болғанымен, әрекет болмай жатыр.
Азаттық: - Үндістан деп қалдыңыз ғой. Таяуда Түркіменстаннан Ауғанстан, Пәкістан арқылы Үндістанға газ тасиды деген TAPI газ құбыры желісі Ауғанстанға жетті. Жобаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету әлі де күмән туғызады. Осы бағытта Ауғанстан мен Пәкістан әрқандай бір шаралар атқарып жатыр ма?
Оқи отырыңыз: TAPI газ құбыры желісі Ауғанстанға жетті
Еседолла Оғуз: - Ауғанстан газ құбыры бойындағы қауіпсіздік жайлы айтқанымен, құбыр желісі өтетін аймақтың бақылаусыз қалғаны ескерілмейді. Ресми Кабул мен Талибан әрқандай бір мәмілеге қол жеткізгенше, жобаның толықтау жүзеге асуы осы күмәнді қалпында қала бермек. Ауғанстан территориясының 60-70 пайызына тәліптер бақылау жасап отыр деп есептеледі. Тәліптер елдегі шетелдік әскер толық шықса ғана бейбіт мәмілеге келетінін айтудан танбай келеді. Ал бітім мен татулық болмай, құбыр қауіпсіздігі туралы айтуға әлі ерте деп ойлаймын.
Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.