Оңтүстік Осетиядан қанша сарбаздың Ресей жаққа ауысатыны белгісіз. Әйтеуір бір белгісі – аймақтың де-факто президенті мен қорғаныс министрінің талап етуімен Грузиядан болуы мүмкін ықтимал шабуылды тойтару үшін Оңтүстік Осетия күштері әскери тәуелсіздігін жартылай болса да сақтап қалмақ.
Бұл келісім – 2015 жылдың наурызында қол қойған «Ресей Федерациясы мен Оңтүстік Осетия Республикасы арасындағы одақтастық пен интеграция туралы» шарттың аясындағы қосымша құжаттардың бірі. Осы шарт бойынша Оңтүстік Осетия армиясының жекелеген отрядтары «ортақ қорғаныс кеңістігі» аясында Ресей қарулы күштерінің құрамына қосыла алады.
Алайда Оңтүстік Осетияның қорғаныс министрлігі «біздің санымызды азайтады», «қарулы күштерімізді жойып жібереді» деп, бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы шыққан.
2016 жылғы ақпанда парламентте сөйлеген сөзінде Оңтүстік Осетияның де-факто президенті Леонид Тибилов: «2008 жылғы тамыз оқиғасы қайталанбауы үшін [Грузия армиясы Оңтүстік Осетияға басып кірген] Оңтүстік Осетияның аса үлкен болмаса да, таулы, орманды алқаптарда әрі елді мекендерде тиімді түрде әскери операциялар жүргізе алатын шағын, тәртіпті, ұтқыр, жақсы қаруланған, кәсіби тұрғыдан дайындалған әскери құрылымы болуы керек» деп мәлімдеген. Өзінің айтуынша, ол 2012 жылы Оңтүстік Осетияның сол кездегі президенті Эдуард Кокойты мен Ресей президенті Владимир Путин арасындағы әзірленіп жатқан Оңтүстік Осетияның әскери күштерінің санын азайтатын келісімге қол қойғызбай, «ел армиясын сақтап қалған».
Де-факто қорғаныс министрі Ибрагим Гасеев те «елімізге шабуыл жасалған жағдайда агрессияға төтеп бере алатын армиямыз болуы керек, сондықтан қорғаныс министрлігі Оңтүстік Осетия республикасы қарулы күштерінің санын азайтуға дайын емес» деді.
Ара-тұра шыққан жұмбақ келіссөздер туралы хабарларға көз жіберсек, Ресей қосымша адам күштерінің қосылуынан мейлінше пайда тауып қалғысы келген сияқты. Тек келісімнің соңғы нұсқасы Ресейдің қазіргі заңдарына қайшы келмеуі үшін ғана олар біраз ойынан қайтуға мәжбүр болған. «Сенің таңдауың, Осетия» қоғамдық қозғалысының өкілі Алан Джусоевтың айтуынша, құқық саласында бір ұлттық армияның отрядтарын екінші бір ұлттың армияға қосуды көздейтін ешқандай ұғым да жоқ, ондай прецедент те болмаған.
2016 жылғы сәуірде журналистерге сұхбат берген Тибилов Оңтүстік Осетия армиясы жекелеген отрядтарының Ресей қарулы күштерінің қатарына өту процесін Ресей заңдарына сәйкестендіру үшін жеке солдаттардың Ресей армиясына құрамына қабылдануын көздейтін өзгерістер енгізетіндерін айтқан. Бірақ келісімнің соңғы нұсқасында «Ресейдің әскери базаларына келісім-шартпен өтуге келіскен Оңтүстік Осетияның солдаттары алдымен Оңтүстік Осетия армиясы қатарынан шығуы керек» деп анық жазылған. Сондықтан келісімнің «Оңтүстік Осетия армиясының отрядтарын Ресей қарулы күштерінің қатарына қосу» деп аталуының өзі қате әрі халықты шатастырады.
Оңтүстік Осетия қорғаныс министрлігінің атын атамаған бір өкілі Азаттыққа берген сұхбатында «Оңтүстік Осетияның 200-дей жауынгері ғана Ресейде келісім-шартпен қызмет ету талаптарына жауап береді» деген.
Демек, Оңтүстік Осетияның шағын ғана армиясы болады, оның үстіне Ресей президенті Путиннің өзі де Ресей қорғаныс министрлігінде сөйлеген сөзінде келісімге ресми түрде қол қоярдың алдында аздаған түзетулер ғана енгізетінін айтқан. Бас штабтың тағдыры не болатынын белгісіз. civil.ge сайты қаңтар айында Оңтүстік Осетияның де-факто қорғаныс министрі Гасеевтің «біз Оңтүстік Осетия қарулы күштерін сол ауқымда алып қалдық, сол арқылы қорғаныс министрлігі жауынгерлік отрядтарын да сақтап қалады» деген сөзін келтірген. Бірақ ол келісімге қол қойылған соң «ұжымдық және кадрлық құрылымдарға өзгерістер енгізіледі» дегенді де ескерткен.
Грузия бұл келісімді «Ресейдің аймақтағы жағдайды тұрақсыздандыруға тырысқан тағы бір қитұрқы әрекеті» деп атаған. «Кавказский узел» сайты Грузия қорғаныс министрінің орынбасары Давид Дондуаның «бұл келісім шынайы жағдайға еш әсер етпейді» деген пікірін келтірді. Алайда, оның айтуынша, бұл құжат Грузия мен Ресей арасындағы «төрт күндік соғысты» тоқтатқан 2008 жылғы 12 тамыздағы бітім шартының талаптарын бұзады.
Лиз Фуллердің материалы ағылшын тілінен аударылды.