Accessibility links

Каспий мәртебесін кім қалай қарастырады?


Каспий жағалауындағы шағала. (Көрнекі сурет.)
Каспий жағалауындағы шағала. (Көрнекі сурет.)

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау тағы да кейінге шегерілді. Жағалау елдері сыртқы істер министрлері Астанада өткен келіссөзде түпкілікті келісімге келе алмады.

13 шілдеде Астанада Каспий жағалауы елдері сыртқы істер министрлері (Қазақстан, Түркіменстан, Иран, Әзербайжан, Ресей) кездесіп, теңіздің құқықтық мәртебесі конвенциясын талқылады. Бір күн бұрын олардың орынбасарлары бас қосып, жұмысшы тобы деңгейінде конвенцияға қатысты жағалау елдері позициясын жақындатуға тырысқан.

Жиындағы мәселелер жабық талқыланған.

БИЫЛ БОЛМАЙТЫН САММИТ

Каспий елдері сыртқы істер министрлерінің Астанадағы кездесуінен кейін Қазақстан төрт мәселенің әлі де талқыланатынын айтса, Иран ондай мәселенің саны жетеу екенін хабарлады.

Бұдан бұрын Каспий жағалауы елдері басшыларының саммитін 2016 жылдың соңына дейін өткізу көзделген еді. Алайда бұл саммиттің уақыты кейінге шегерілді. Астанадағы жиында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров саммитті келесі жылы өткізуге болатынын айтты. Оның айтуынша, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция 90 пайызға дайын.

Каспий жағалауы елдері сыртқы істер министрлері кездесуіне қатысушылар (солдан оңға): Эльмар Мамедъяров (Әзербайжан), Мұхаммад Жавад Зариф (Иран), Ерлан Ыдырысов (Қазақстан), Сергей Лавров (Ресей) және Рашид Мередов (Түркіменстан). Астана, 13 шілде 2016 жыл.
Каспий жағалауы елдері сыртқы істер министрлері кездесуіне қатысушылар (солдан оңға): Эльмар Мамедъяров (Әзербайжан), Мұхаммад Жавад Зариф (Иран), Ерлан Ыдырысов (Қазақстан), Сергей Лавров (Ресей) және Рашид Мередов (Түркіменстан). Астана, 13 шілде 2016 жыл.

Жиын соңында Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов өздерінің төрт мәселе бойынша талқылауды әлі жалғастыратынын айтты. Теңіз түбінен коммуникация тарту, навигация, транзит және теңіз түбін бөлу бойынша мәселелер алдағы күзде жұмысшы тобының Тегеранда және Астраханда өтетін кездесулерінде талқыланады. Содан кейін сыртқы істер министрлері тағы да кездесіп, Каспий елдері басшыларының бесінші саммитін өткізу уақытын белгілейді.

Қазақстан министрі айтқан мәселелерді Әзербайжан, Түркіменстан қолдағанымен, оған Иран мен Ресей әу бастан қарсы. Сондықтан жуық арада ортақ келісімге келу оңай болмаса керек.

«ЕРЕКШЕ ЖАҒДАЙДАҒЫ КӨЛ»

Иран баспасөзі Каспийдің құқықтық мәртебесі жайлы хабар таратқан сайын Каспийдің әлемдегі ең үлкен көл екендігін еске алады. Осы жолы да сонысынан танбады. Иран ақпарат құралдарының мәліметіне қарағанда, жағалау елдері жеті мәселе бойынша келісе алмаған. Алайда оның қандай мәселелер екені нақты айтылмайды.

Иран сыртқы істер министрі Мұхаммад Жавад Зариф кейбір мәселеде толықтай түсіністік орнағанын және ирандықтар «оптимизмінің арта түскенін» айтты.

Иран сыртқы істер министрі Мұхаммад Жавад Зариф.
Иран сыртқы істер министрі Мұхаммад Жавад Зариф.

Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Ибрагим Рахимпур жиында ирандық БАҚ-қа берген сұхбатында 1921 және 1940 жылдары Иран мен Совет Одағы арасындағы Каспийге қатысты келісімдер одақтың ыдырауымен күшінен айрылғанын атап өткен.

Бұл келісімдерде Иран мен Совет одағы Каспийді теңдей бөліскен болатын. Иран әдетте Каспийдің жаңа құқықтық мәртебесі белгіленгенге дейін осы құжаттарға сүйенетінін алға тартады.

– Кейде Иран бір жақ, қалған төрт ел бір жақ сияқты әсер қалдырады. Сайып келгенде, бес елдің көздегені әртүрлі. Біз төрт ислам елі және дос ел Ресеймен өте жақсы келіссөз жүргізіп жатырмыз, - деген Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Ибрагим Рахимпур.

Оның айтуынша, теңіз туралы заңдардың барлығы бірдей «ерекше жағдайдағы көл» – Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтауда жеткіліксіз болып тұр.

СОВЕТТЕН КЕЙІНГІ ҰСТАНЫМ

Қазақстан, Әзербайжан және Ресей 1998-2003 жылдар арасында Каспийдің солтүстік бөлігі түбін өзара бөлісіп, тиісті келісімдерге қол қойған. 2014 жылы Қазақстан мен Түркіменстан арасында да осындай келісімге қол қойылып, былтыр күшіне енген.

Алайда бұл әрекет Иранға жақпайтыны анық. Иран 1998 жылға дейін өзінің теңізді бөлу туралы ұстанымы Ресеймен бірдей деп есептеп келген болатын.

Каспий теңізіндегі әзербайжандық мұнай платформасы мен Әзербайжан туы. (Көрнекі сурет.)
Каспий теңізіндегі әзербайжандық мұнай платформасы мен Әзербайжан туы. (Көрнекі сурет.)

Астанада өткен отырыста Әзербайжан сыртқы істер министрі Эльмар Мамедъяров теңіздің солтүстігін бөлгендей келісімдер Каспийдің орталық, оңтүстік бөлігінде де жасалуы керектігін айтты.

Алдағы 8 тамызда Бакуде Иран, Әзербайжан, Ресей президенттері кездеседі деп жоспарланған. Сонда осы мәселе де талқылануы мүмкін.

Иран мен Ресей Түркіменстан қалайтын теңіз түбінен құбыр тарту мәселесіне экологиялық тұрғыда қарсы. Теңіз түбінен тартылатын Транскаспий құбыр желісі арқылы Түркіменстан өзінің газын Ресейді айналып өтіп Еуропаға тіке экспортқа шығара алған болар еді.

Түркіменстан мен Әзербайжан арасында теңізді орта сызық бойынша бөлу келісіміне 1997 жылы қол қойылған. Алайда екі елдің бірнеше мұнай кенішіне иелігіне қатысты дауласуы Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындаудағы кедергінің бірі болып отыр.

Каспийдің солтүстік бөлігінің түбін бөлуде Қазақстан - 29 пайыз, Ресей - 19 пайыз, Әзербайжан 18 пайыздық үлеске ие. Ал Түркіменстанның үлесі - 21 пайыз, Иранның үлесі 13 пайыз деп есептеледі.

Каспий теңізіндегі Ресей әскери кемелері. YouTube сайтындағы видеодан скриншот.
Каспий теңізіндегі Ресей әскери кемелері. YouTube сайтындағы видеодан скриншот.

Каспийдің құқықтық мәртебесіне қатысты 24 жылдық келіссөзде жағалау елдерінің жұмысшы тобы 46 отырыс өткізген. Жағалау елдері басшыларының төрт саммитінде бірнеше құжат қабылданған. Төртінші, әзірге соңғы саммитте Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану, теңіздегі төтенше жағдай және гидрометеорология саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған.

Каспий туралы келісімдер әуелде Ресей мен Иран арасында ғана жасалды. 1813 жылғы Гүлстан, 1828 Түркіменчай келісімдерінде Ресейге көп артықшылық беріліп, ирандықтар әуелде кеме қатынасы құқығынан да қағылған. Алайда 1921 жылы және 1940 жылы жасалған келісімдерде Каспий Совет Одағы мен Иран арасындағы ортақ теңіз ретінде бекітілді.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG