Давостағы дүниежүзілік экономикалық форумда бейсенбі, қаңтардың 27-і күні «Орталық Азияның бәсеке қабілеттілігінің әлеуеті» деген тақырыпта есеп тыңдалды. Ауторлары – Фади Фарра, Клэр Буржио және Марина Чернова. Азаттық радиосы назарларыңызға осы құжаттың негізгі идеяларын ұсынады.
Құжатта Ауғанстан, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстанның аты аталады. Ауторлар Орта Азияны мейлінше жылдам өсіп келе жатқан Ресей, Үндістан мен Қытай экономикаларының қоршауында, Еуропа мен Азияның тоғысында қарқынды дамып келе жатқан өңір ретінде сипаттайды. Халқының жалпы саны 92 миллионнан асатын және мол табиғи қоры бар бұл өңір шетелдік инвестициялар үшін айтарлықтай қолайлы.
БІЛІМ ДЕҢГЕЙІ
Орталық Азия елдерінің стратегиялық орнын есеп ауторлары оңды жайттардың қатарына қосады. Сараптауға қарағанда, қарастырылып отырған елдер «дәліздік тәсіл» қағидасын ұстанады. Мұндағы көлік дәліздері өңірдегі сауда мен экономикалық әріптестікті дамытуға мүмкіндік береді. Мысал ретінде ауторлар Еуропа - Кавказ - Азия (бұл жоба 1993 жылы бекітілген еді) көлік дәлізі мен Түрікменстан - Өзбекстан - Қазақстан - Қытай газ құбырының құрылысы секілді тағы да басқа халықаралық нысандарды атап өтеді.
Халықаралық есепте аймақ тұрғындарының (Ауғанстаннан басқа) базалық білімі жоғары екенін, оған негізінен тәуелсіздікке дейін қол жеткізгені айтылады. Бұл елдердегі ересек адамдардың 99 пайызы сауатты, ал әлемдік көрсеткіш — 83 пайызды құрайды. Тағы бір жағымды тұсы – әйелдердің сапалы білімі. Бұл тұрғыдан келгенде, өңір халқының сауаттылығы бәсекеге қабілетті жұмыс күшінің негізін құрайды деп көрсетілген есепте.
ӨҢІРДІҢ БАЙЛЫҒЫ
Дүниежүзілік экономикалық форумда жарияланған есепте өңірдің мол табиғи байлығына талдау жасалады. Мәселен, Қазақстанның қолында 65 жылға жететін мұнай, 308 жылға жететін көмір бар. Түрікменстанның газы 223 жылға жетсе, Қырғызстан мен Тәжікстанда су электр қуатының мол қоры бар. Ауғанстан әлі игерілмеген темір, мыс, кобальт, алтын мен литий кендеріне бай. Қазақстан темір мен құрыш, Қырғызстан алтын, Тәжікстан алюминий экспорттайды; Моңғолияда көмірдің, мыс пен алтынның қоры жеткілікті.
Қазақстан 2008 жылы 14,5 миллиард доллар тікелей инвестиция тартты. Бұл 2005 жылғы көрсеткіштен сегіз есе көп.
Есепте "Орталық Азия елдері ауыл шаруашылығына жарамды аса көлемді жерлерді иеленіп отыр, әлемде өндірілетін астықтың жалпы көлемінің төрт пайызы осы елдердің үлесіне тиеді. Түрікменстан, Өзбекстан мен Тәжікстанда мақта шаруашылығы дамыған" деп атап өтеді.
Соңғы кездері бұл өңірдегі елдер өз экономикаларына, әсіресе энергетика мен шикізат секторына аса мол инвестиция тартты. 2000 жылдан 2009 жылға дейінгі аралықтағы инвестиция тоғыз есе өсті. Мәселен, Қазақстан 2008 жылы 14,5 миллиард доллар тікелей инвестиция тартты. Бұл 2005 жылғы көрсеткіштен сегіз есе көп.
Құжатта Орталық Азия бойынша (Ауғанстанды қоспағанда) жан басына (жұмыс істейтін) шаққандағы жалпы ішкі өнім 2000 жылы 859 доллар болса, 2008 жылы 1410 долларға жеткені жазылады.
ӨСУ ҚИЫНДЫҚТАРЫ
Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда баяндалған есептің ауторлары өздері қарастырып отырған елдер өткен ғасырдың 90-жылдары үш ірі сілкіністі бастан өткерді дейді. Олар - ССРО-ның ыдырауы, жоспарлы экономиканың құлауы және гиперинфляция.
Орталық Азия елдері қазіргі уақытта институционалдық және саяси реформаларға, сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызатын шағын және орта бизнесті тиімді қаржыландыруға мұқтаж болып отыр.
Зерттеушілердің пікірінше, қарастырылып отырған елдердің ішінде тек Қазақстанда ғана интеграциялық прогресс бар.
Өңірдегі елдер тәуелсіздік алғаннан кейін оқу-білімге бөлінетін шығыстарды қысқартқаны, сөйтіп оның білім сапасына да елеулі ықпал еткені ерекше атап өтіледі. Ауторлар білім жүйесі жұмыс берушілердің талаптарына сай келмейді, ал кәсіби білімдер нашар қаржыландырылады деп санайды. Бұл елдердегі адам капиталы өз мүмкіндігінен төмен дамып отыр. Осының барлығы жинала келгенде Орталық Азия елдеріндегі өндірістің дамуы мен экономиканың бәсеке қабілетіне тежеу салып отыр деп түйіндейді есеп ауторлары.
Зерттеушілердің пікірінше, қарастырылып отырған елдердің ішінде тек Қазақстанда ғана интеграциялық прогресс бар. Өзге елдерде бизнесті дамыту үшін қаржылық мүмкіндіктер шектеулі.
Есеп ауторлары шағын және орта бизнестің несиеге қол жеткізуі қиын екеніне баса назар аударады. Олар банктердің ірі компаниялармен ғана жұмыс істегенді жөн көретінін, ал олармен салыстырғанда шағын және орта бизнеске берілетін кредиттердің пайыздық үстемесі айтарлықтай жоғары екенін көрсетеді. Соның салдарынан шағын және орта бизнестің даму қарқыны баяу деген байлам жасайды.
Мемлекет пен жеке бизнестің арасындағы диалог, яғни өзара түсіністік, экономиканың дамуындағы елеулі фактор болар еді.
Қарастырылып отырған елдер табиғи қорлар экспортына шамадан тыс тәуелді, сондықтан инвестициялық климатты жақсартуы тиіс деп санайды. Олар мемлекет пен жеке бизнестің арасындағы диалог, яғни өзара түсіністік, экономиканың дамуындағы елеулі фактор болар еді дейді.
«Қандай саясат басым болуы тиіс; қай тәсіл неғұрлым тиімді; мемлекет пен жеке сектордың конструктивті диалогын қалай орнатуға болады және бәсекеге қабілеттілік әсерін өлшегенде қандай көрсеткіштерді пайдалану керек?» Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумның Орталық Азия бойынша есебін жасаған ауторлар осындай сауалдар төңірегінде сөз қозғады.
Ауторлар осы есепте атап өтілген мәселелер бойынша қабылданған нақты шаралар Орталық Азия елдері экономикаларының бәсекеге қабілетін арттырар еді деп үміт білдіреді.