Тәжікстанға барар жолда кітап оқып отырайын десеңіз, жақсылап ойланыңыз – әсіресе, басқа графикамен жазылған кітап қатаң тексеріледі. Тәжікстанның мәдениет министрлігі жақында арнайы жазбаша рұқсаты болмаса, ешбір кітап елден шығарылмайды және елге кіргізілмейді деп мәлімдеді, солайша құнды қолжазбаларды заңсыз жолмен әкетуге тыйым салмақ.
Азаттықтың тәжік қызметіне мәдениет министрлігінің мәдени мұраларды сақтау жөніндегі департаменті басшысы Шерәлі Ходжаев «министрліктің рұқсатынсыз бірде-бір кітапты алып жүруге болмайтынын» айтты.
«КЕЗ КЕЛГЕН КІТАПҚА АРНАЙЫ РҰҚСАТ КЕРЕК»
«Жолаушы қай жақтан келсе де (немесе аттанып бара жатса), кітап қай тілде және қандай графикамен басылса да, барлығы осы талапқа бағынуға тиіс» деді ол. Министрліктің бұл пікіріне қарамастан, «талап экстремистік діни материалдарды таратуға тосқауыл қояды» деп санайтындар бар. Сондықтан ол «араб және парсы тіліндегі кітаптар ерекше бақылауға алынады» дейді.
Душанбедегі әлеуметтік мәселелер бойынша сарапшы Сайди Юсуфидің айтуынша, тәжік үкіметі экстремистік кітаптарды мемлекетке кіргізбеуге тырысады. «Кеден қызметкерлерінің көбі араб-парсы әрпімен жазылған кітаптарды оқи алмаса да, ондай шығармаларға ерекше шүйлігеді» дейді ол. «Кейде кеденшілер дінге қатысы жоқ «зиянсыз» кітаптарды тәркілеп алады».
Тәжікстанның кеден қызметі жақында шетелге кетіп бара жатқан азаматтан ортағасырлық танымал парсы ақыны Сағди Шираздың «Бустан» кітабын алып алғанын растады. Бұл оқиға наурызда болған. Кеден қызметкерінің айтуынша, «Бустанмен» бірге түс жору және дуалауға арналған кітаптар да тәркіленген. Олардың бәрі араб қаріптерімен жазылған екен.
Мәдениет министрлігі шығарған заңға қарамастан, Душанбе әуежайынан түскен саяхатшылар жүктерінің арасында кітаптар болса да артық тексеріс жасалмағанын айтты. Сканерлеу құрылғысы Душанбе халықаралық әуежайының келу және кету залына орнатылған. Қызметкерлер қол жүк пен тексерілген жүкті қарап шығады. Кейбір жолаушылар кеден қызметкерлерінің қосымша тексеру мақсатында сөмке немесе шабадандарды кездейсоқ таңдайтынын айтты.
ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ
Ходжаевтың сөзіне сенсек, сыртқа кітап алып шығу үшін жазбаша рұқсат алу қиын емес. «Кітаптың атауын, тілін, шыққан жерін, авторлардың аты-жөні мен мемлекетін, баратын жерін көрсетіп өтінім парағын толтыру керек» деді ол.
Тәжікстанға сапарлап келіп, әуежайда немесе басқа да шекара бекеттерінде кітаптары тәркіленген жолаушылар министрлікке осындай өтініш жолдап, кітабын қайтаруды сұрайды. Билік оны қайтаруға болады деп тапса, кітабын алады.
Тәжікстанның дін істері жөніндегі мемлекеттік комитеті мен ішкі істер министрлігі тыйым салынған кітаптардың тізімін шығарды, олардың көбі діни сипаттағы шығармалар, арасында дуалауға арналған басылымдар да бар.
2015 жылы мемлекет бұл тізімді жаңалап, тағы 13 кітапты қосты, олар ислам дінінің «фундаменталдық салафиттік бағытын насихаттайды». Тәжікстанның Жоғарғы соты 2009 жылы салафизмге тыйым салды, оны «мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қауіп төндіреді» деп таныған.
Құран мен ислам дініне қатысты басқа кітаптарды елдегі кітап дүкендерінен емін-еркін алуға болады. Мұсылмандары басым мемлекеттің зайырлы үкіметі дінді қатаң бақылап отыр, мектептерде оқушы қыздардың хиджап киюіне және ер адамдардың сақалын ұзын етіп өсіруіне тыйым салынған.
Үкімет шетелде діни білім алып жатқан студенттеріне елге қайтуды бұйырды, себебі олар отанына оралғанда мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп қорқады.
Тәжікстан 1999 жылы Ислам өркендеу саяси партиясын ресми тіркеп, діни партияға рұқсат еткен постсоветтік бірінші және жалғыз зайырлы мемлекет аталған еді. Бірақ 2015 жылы елдің жоғарғы соты Ислам өркендеу партиясының қызметін тоқтатып, оны «террорлық ұйым» деп жариялады.
Абдулло Ашуровтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.