Тәжікстан Сирияның күрдтер бақылауына алған аудандарындағы босқындар лагерінен жүздеген азаматын, оның ішінде "Ислам мемлекеті" лаңкестік тобында болып, қаза тапқан немесе тұтқынға түскен содырлардың әйелдері мен балаларын елге қайтаруға дайындалып жатыр.
Дипломаттардың Азаттыққа хабарлауынша, босқындар лагерінде қалып қойған 800 адамнан тұратын алғашқы топ "бірнеше апта ішінде" елге оралмақ.
Тәжікстанның Кувейттегі елшісі Зубайдулло Зубайдзода 8 және 9 желтоқсан күндері Сирияның солтүстік-шығысындағы Әл-Хаул және Әл-Рож лагерьлеріне барып, жүздеген әйелмен және олардың балаларымен кездескен.
"Біз ерікті репатриация бағдарламасының аясында үйіне оралғысы келетін 200 тәжік азаматының аты-жөнін тіркедік" деді 9 желтоқсан күні Азаттыққа Сириядан пікір берген Зубайдзода.
Зубайдзоданың дерегінше, лагерьдегі кей тәжік әйелі онымен және айналасындағы адамдармен кездесуден бас тартып, Тәжікстанға қайтқылары келмейтінін айтқан.
Кейінгі бірнеше күн ішінде Зубайдзода лагерьді бақылауда ұстап отырған күрд жасақтарының басшыларымен кездесіп, тәжік азаматтарын елге қайтаруға рұқсат алған.
Зубайдзода сондай-ақ Тәжікстанның репатриация жөніндегі жоспарын талқылау үшін Сирияның үкіметтік шенеуніктерімен, Халықаралық Қызыл крест және Қызыл жарты ай федерациясының өкілдерімен кездескен.
Ол лагерьдегі әйелдер мен балалардың бірінші тобы жаңа жылға дейін немесе қаңтардың басында келеді деп үміттенетінін жеткізді.
Тәжікстан үкіметі Сирия мен Ирактың босқындар лагерінде немесе түрмеде отырған әйелдер мен балалардың бәрін елге қайтаруға ниет білдіріп отырғанын мәлімдеді.
Тәжікстан билігі "Ислам мемлекеті" содырларының отбасы мүшелері шетелде қалса, ұзақмерзімді қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдайды.
2014 жылдан бері Орталық Азиядағы салыстырмалы түрде мұсылман мемлекеті саналатын Тәжікстанның 2 мыңға жуық азаматы Сирия мен Ирактағы "Ислам мемлекеті" лаңкестік тобының қатарына қосылған.
Тәжікстан билігі 2019 жылы басталған бағдарлама аясында ондаған баланы елге әкелген. Олардың аналары экстремистік топ қызметіне қатысқаны үшін Иракта түрмеге жабылған. 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты шекаралар жабылып, халықаралық қозғалыс қиындаған кезде бұл бағдарлама да уақытша тоқтады.
БӘРІ БІРДЕЙ ЕЛГЕ ҚАЙТҚЫСЫ КЕЛМЕЙДІ
Әл-Хаул лагеріндегі 27 жастағы тәжік әйел Зубайдзоданың "кей азамат Сирияда қалғысы келеді" деген сөзін растады.
"Олар Тәжікстанға қайтқысы келмейді. Онымен қоймай, басқа тәжік әйелдеріне де қысым жасап, бізге "дипломаттармен кездеспеңдер, аты-жөндеріңді репатриация тізіміне қоспаңдар" деп отыр" дейді өзін Мадина деп таныстырған әйел. Ол 9 желтоқсан күні лагерьден WhatsApp арқылы берген пікірінде аталған әйелдердің "Тәжікстанға қайтсақ, тұтқынға түсеміз" деп қауіптенетінін жеткізді.
Мадинаның айтуынша, Әл-Хаул лагеріндегі тәжік әйелдер "туған еліне оралғысы келетіндер" мен "Тәжікстан билігіне сенбейтіндер" болып екі топқа бөлінген.
Тәжікстан билігі өзіне сенбей отырған екінші топты райынан қайтаруға тырысып көре ме, жоқ па, ол жағы белгісіз.
Қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, бұл – алаңдауға тұрарлық жағдай. Өйткені "Әл-Хаул лагерінің көп бөлігінде күйеуі "Ислам мемлекеті" құрамында болып, қайтыс болған, әлі де экстремистік топ қайта оралады деп үміттенетін, радикал әйелдер басымдыққа ие" деген хабарлар бар. Мұндай ақпараттарға сәйкес, "Ислам мемлекетінің" жақтастары босқындар лагерін "келесі халифаттың бесігі" деп атайтын көрінеді.
Мадина "Ислам мемлекетін" жақтайтын әйелдердің қоқан-лоққысынан қорықпайтынын, екі баласымен бірге туған еліне оралып, жаңа өмір бастайтынын, 2015 жылы Сирияға келгелі көрген бар сұмдығын ұмытқысы келетінін айтты.
Мадинаның айтуынша, 2015 жылы бірінші күйеуі болған тәжік азаматы өзін алдап, баласымен бірге Ресей мен Түркия арқылы Иракқа апарған. Көп ұзамай күйеуі Мосул қаласы үшін соғыста қаза тапқан. Мадина "Ислам мемлекетінің" басқа содыры – ұйғыр азаматына тұрмысқа шығып, Мосулда екінші баласын дүниеге әкелген.
2017 жылы Мосул қаласын Ирак әскері басып алғаннан кейін, Мадина отбасымен бірге Сирияның шығысындағы Дейр-әз-Зорға көшкен. Ол жақта күйеуі күрд жасақтарының қолына тұтқынға түскен. Осылай Мадина Әл-Хаул лагеріне жеткенге дейін екі баласымен жалғыз қалған.
"ЛАГЕРЬДЕГІ ЖАҒДАЙ АУЫР"
Мадинаның хикаясы Сирия мен Иракқа күйеуінің айтуымен келген лагерьдегі басқа тәжік әйелдердің тағдырына ұқсайды.
Әл-Хаул лагеріндегі бір тәжік әйел Азаттыққа күйеуі қайтыс болған әйелдердің кейбірі алты рет тұрмысқа шығуға мәжбүр болғанын айтты.
Қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін жасырын қалдыруды сұраған тәжік әйел 9 желтоқсан күні Әл-Хаул лагерінде бес баласының әрқайсысын "Ислам мемлекетінің" ұлты бөлек әртүрлі содырларынан туған әйелдер де барын хабарлады.
Ресми Душанбе әкесінің ұлты қандай болса да, тәжік әйелдерінен туған, Сирия мен Иракта дүниеге келген балаларды Тәжікстан азаматы деп қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.
Тәжікстан билігінің дерегінше, Сирияның босқындар лагерінде 800-ге жуық тәжік азаматы бар, олардың көбі – балалар. Сириядағы жағдайдың тұрақсыздығына, құжаттардың аздығы мен лагерьдегі кей адамдардың шын аты-жөні мен ұлтын көрсетуден бас тартуына байланысты тәжік азаматтарының нақты санын анықтау қиын.
Олардың көбі Әл-Хаул лагерін паналап отыр. Мұнда "Ислам мемлекеті" содырларының отбасы мүшелері мен соғыстың салдарынан көшуге мәжбүр болған Сирияның бейбіт тұрғындарын қосқанда, 60 мыңға жуық адам тұрады.
Тәжік дипломаттары мен Әл-Хаулда тұратын әйелдер адам саны көп лагерьдегі жағдайдың ауыр екенін, тамақ пен дәрі-дәрмек жетпейтінін, электр жарығы жоғын айтады. Зубайдзода өзі куә болған жағдайды "Лагерьдің іші өте суық. Шатырдың тесіктерінен су ағып тұр" деп сипаттады.
Тәжік дипломаттары елге қайтуға келіскен 20 әйел мен 7 баланы тіркеген Әл-Рож лагеріндегі жағдай әлдеқайда жақсы екенін айтады. "Бізде тәулігіне 24 сағат бойы электр жарығы болады. Шатырдың ішінде электр қуатымен істейтін жылытқыштар пайдаланамыз" деді өзін Тәжікстанның солтүстігінен келген 31 жастағы ана деп таныстырған Әл-Рож лагерінің тұрғыны.
"Тәжікстанның ресми тұлғаларымен сөйлестік. Олар бізді елге қайтаруға уәде берді" деді ол.
Кішкентай екі баласымен бірге Әл-Рож лагерінде тұратын әйел күйеуі соғыста қаза тауып, отбасы бірнеше күн бойы ашыққаннан кейін Дейр-әз-Зордағы күрд жасақтарының қолына берілген.
Тәжік отбасыларының көбі босқындар лагеріне 2019 жылдың наурызында экстремистік ұйымның соңғы тірегі саналған Багуз қаласы күрд жасақтарының қолына өткеннен кейін барған.
"КЕЛЕСІ ХАЛИФАТТЫҢ БЕСІГІ"
Тәжікстан, Қазақстан және Өзбекстан Сирия мен Ирактағы азаматтарын елге қайтарып, оларды оңалту шарасынан өткізу саясатын қолға алды.
Ал Еуропа мемлекеттерінің көбі, керісінше, "Ислам мемлекетінің" құрамында болған азаматтарынан бас тартып, оларды Еуропаға қайтару қауіпті деген байламға келген.
Терроризм саласындағы сарапшылардың кейбірі мұндай саясаттың кері салдары болуы мүмкін деп ескертеді. "Бұл азаматтарды босқындар лагерінде қалдыру оларды радикал ойлардан арылтып, туған еліне деген ашу-ызасын азайтпайды" дейді Ұлыбританиядағы Royal United Services институтының аға ғылыми қызметкері Рафаэлло Пантуччи.
"Лагерьлерде жас балалардың көптігі жағдайды одан әрі қиындатып отыр. Олардың тұлғалық қалыптасу кезеңі өте ауыр жағдайда өтіп жатыр. Бұл олардың болашағына кері әсер етуі мүмкін" дейді Пантуччи.
ОҢАЛТУ КЕЗІНДЕГІ ҚИЫНДЫҚТАР
Ирактан Тәжікстанға жеткізілген ондаған бала Душанбеге жақын жердегі бірнеше жабық мекемеде мұқият дайындалған оңалту шарасынан өтіп жатыр.
Олардың кейбірі әкелері Иракта өлтірілгеннен кейін жетім қалған. Қалған балалардың аналары экстремистік топ қызметіне қатысқаны үшін Иракта түрмеге жабылған.
Мұндай әйелдердің бірқатары өлім жазасына кесілген. Тағы біраз әйел сот процесін күтіп отыр. Душанбе бұл әйелдерге жазасын Тәжікстанда өтеуге рұқсат алу үшін Ирак билігімен келісімге келуді көздеп отыр.
Елге оралған азаматтардың туыстарына арасында балалармен кездесіп тұруға рұқсат берілген. Бірақ пандемия басталғалы мұндай сирек кездесулер де тоқтаған.
Тәжікстан билігінің оңалту процесімен жақсы таныс өкілі Азаттыққа анонимді түрде мұғалімдер, психологтар мен басқа мамандар балаларға Тәжікстандағы жаңа өмірге үйренуге көмектесіп жатқанын хабарлады.
Ол Сириядағы соғыс аймағында өмір сүріп, қатты психологиялық жарақат алған, ата-анасы мен бауырларының өліміне куә болған балаларды оңалту процесі қиынға соғып жатқанын айтты.
Шенеуніктің айтуынша, ересек балалардың жағдайы әлдеқайда қиын, өйткені олар көп оқиғаны есте сақтап қалған. Олардың кейбірі "Ислам мемлекетінің" балаларды әскери дайындықтан өткізуге арналған "мектептеріне" барған. Онда балаларды экстремистік идеологиямен таныстырып, қару қолдануды үйреткен.
"Бір бала кітап оқуға қарағанда, Калашников автоматын шашып, қайта жинауды әлдеқайда оңай көретінін айтты" дейді шенеунік.
Билік өкілі кішкентай балалардың көбінің Тәжікстандағы туыстарымен байланысы жоғын айтады.
"Олар сәби кезінде ата-анасымен бірге Иракқа кеткен, сондықтан туыстарын ұмытып қалған. Ал Сирия мен Иракта туған балалар Тәжікстанда ешкімді танымайды" дейді ол.
Бұл балалардың басқа оқушылармен бірге әдеттегі мектептерге қашан баратыны белгісіз. Ресми тұлғалар олардың әбден дайын болғанша, жабық мекемелерде қалатынын айтып отыр.
Олардың туыстарымен қауышу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірген шенеунік "балаларды қамқорлығына алу туралы өтінішті тек атасы немесе әжесі ғана бере алады, ағасы, әпкесі мен басқа туыстарына құқықтық тұрғыдан қиын болады" деп түсіндірді.
Тәжікстан үкіметі бұған дейін "Ислам мемлекеті" лаңкестік тобының қатарына қосылу үшін Сирия мен Иракқа кеткен азаматтарына кешірім де жариялаған.
2015 жылы үкімет соғысқа қатыспаған тәжік азаматтары елге оралып, істеген ісіне өкініш білдірсе, оларды кешіретінін мәлімдеді. Осы саясаттың арқасында ондаған тәжік азаматы елге қайтып, қысқа тергеуден кейін қалыпты тіршілігіне қайта оралды.
Соғыс қимылдарына қатысқан содырлар мен азаматтарды Сирияға кетуге үгіттеумен айналысқандар елге оралған соң, сотқа тартылып, түрмеге жабылды.
Елге оралған азаматтардың көбі Тәжікстан үкіметінің терроризмге қарсы күрес науқанына қатысып, жастар мен олардың ата-аналарына экстремистік топқа қосылудың қаупін түсіндіреді.
"Мұндай позиция Тәжікстанның бұрынғы тәжірибесімен байланысты. 1990-жылдары азаматтық соғыс кезінде бірқатар тәжік отбасы Ауғанстан территориясында қалып қойған. Бірнеше жылдан кейін бұл отбасылар Ауғанстан мен Пәкістан аумағындағы әртүрлі экстремистік топтарға мүше болды. Біз "Ислам мемлекетінің" құрамында болған отбасылармен дәл осы жағдай қайталанғанын қаламаймыз. Ешкімді панасыз қалдырғымыз келмейді" деді Зубайдзода.
ПІКІРЛЕР