Accessibility links

Керридің Душанбеге сапарында су да сөз болған


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 3 қараша 2015 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 3 қараша 2015 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри «Тәжікстан басшылығымен қауіп-қатерлермен бірлесіп күресу перспективаларын және халықты электр қуатымен қамтуды жақсарту мәселелерін талқыладық» деп хабарлады.

Тәжікстанға бір күндік сапармен барған АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри ел президенті Эмомали Рахмонмен кездесті.

Джон Керри Тәжікстан халқын электр қуатымен қамтамасыз етудегі қиындық пен ірі су электр станцияларын салу жөніндегі мәселеге қатысты Ташкент пен Душанбе арасындағы даудан АҚШ хабардар екенін айтты. Оның айтуынша, бүгін Душанбеде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесуінде халықты электр қуатымен қамтудың балама жолдарын талқылаған.

– Тәжікстан халқын электр қуатымен қамтамасыз ету көздерін іздестірудің түрлі жолдарын талқыладық. Біз Тәжікстан электр қуатымен өз халқын ғана қамтамасыз етіп қоймай, оны Ауғанстанға да экспорттауына мүмкіндік беретін бес жылдық жобаны іске асырмақпыз, – деп мәлімдеді Керри Тәжікстан президентімен кездесу қорытындысына арналған брифингте.

Азаттықтың Тәжік қызметінің Керри сапары жайлы видеосюжеті

Керри Тәжікстанға барды
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:35 0:00

Тәжікстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар саясат, экономика, сауда-саттық, білім беру, мәдениет және гуманитарлық салаларда жан-жақты ынтымақтастық орнату перспективаларын талқылаған. Халықаралық терроризммен күрес мәселелеріне, Ауғанстандағы жағдай мен оның даму перспективаларына да көңіл бөлінген.

Тәжік президенті баспасөз қызметінің дерегінше, Керри Рахмонмен кездесуінде «Тәжікстанға сапарымның мақсаты – бұған дейін Бішкек, Самарқанд және Астанада өткізген кездесулерімнің қорытындыларын талқылау» деп мәлімдеген. Бұл – АҚШ мемлекеттік хатшысы қызметіне екі жарым жыл бұрын тағайындалған Керридің Орталық Азия елдеріне алғашқы сапары.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 3 қараша 2015 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 3 қараша 2015 жыл.

Тәжікстан президенті баспасөз қызметінің дерегінше, Джон Керри: «Өзінің экономикалық проблемаларын шешуге тырысып отырған Тәжікстанның тәуелсіз мемлекет екенін АҚШ мақтан етеді. Тәжікстанмен ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз. Біз АҚШ пен Тәжікстан ынтымақтастығының айрықша мәні бар деп санаймыз, өйткені Орталық Азияның өзге елдерімен салыстырғанда, Ауғанстанмен көршілес Тәжікстанның орны біз үшін ерекше» деген.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Тәжікстан үкіметінің елді коммуникациялық оқшаулаудан шығаруға тырысқан күш-жігерін АҚШ-тың қолдайтынын мәлімдеген.

Сарапшылар Керридің сапары АҚШ пен Ресейдің аймақтағы саяси ықпалын теңестіру мақсатын көздейді деп санайды. Орталық Азия елдеріне сапары аясында Керри Самарқандта аймақтағы бес елдің сыртқы істер министрлерімен «С5+1» форматында кездескен. Бұл елдердің сыртқы саясат ведомство басшылары бұл форматта алғаш рет биыл қыркүйекте Нью-Йоркте сөйлескен.

ТАСС-тың хабарлауынша, Керри ол кездесуде сөйлеген сөзінде Вашингтон Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасын «тиімсіз ойын» деп қарастырмайды деп мәлімдеген.

«Бір елмен достығымыз екінші бір елмен достық орнату мүмкіндігіне кедергі келтірмеуі тиіс екенін ашық айтуға тиіспіз... Кез келген (өзге) мемлекетпен қарым-қатынас орнату немесе орнатпауды әр ел сыртқы қысым мен қорқытып-үркітусіз өзі шешуі тиіс. Бұл – бізді келіссөз жүргізуге бастайтын іргелі принцип» деп мәлімдеген АҚШ мемлекеттік хатшысы.

Сарапшы Аркадий Дубнов.
Сарапшы Аркадий Дубнов.

Сарапшы Аркадий Дубнов «Ауғанстандағы жағдай мен бұл елден аймаққа тұтас төнетін қатер – АҚШ мемлекеттік хатшысы аймақта міндетті түрде талқылайтын мәселелер» деп санайды. Оның пікірінше, Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көп жыл жауапты болған АҚШ енді аймақ елдерін «Ауғанстан шекара шырқын бұзбайды және аймақтағы жағдайды ушықтыруды көздейтін күштерді қолдамайды» деп сендіруге тырысады.

АҚШ мемлекеттік департаменті ресми мәлімдемесінде хабарлауынша, Керри Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімен кездесуінде «Жаңа Жібек жолы» жаңа экономикалық жобасын іске асыруға көмектесуге уәде еткен және суды тиімді пайдалану мен Арал теңізінің тартылу қаупін азайтуға арналған жаңа екі бағдарлама енгізілетінін жариялаған. Көрші елдердің аймақтағы су ресурстарын пайдалануға қатысты талай жылға созылға дауының президент Ислам Каримов ескерткендей, «жаңа аймақтық жанжалға» ұласу қаупі бар.

Осы даулы мәселеде АҚШ делдал рөлін атқарғысы келетінін айтқан сарапшы Дубнов «бұл проблеманы шешу оңайға түспейді» деп санайды. Оның пкірінше, бүкіл проблема ең әуелі аймақ елдері басшыларының бір-бірімен жеке қарым-қатынасына тіреледі, әрі билікте қазіргі басшылар отырған кезде бұл проблеманың шешілуі екіталай. Дубновтың пікірінше, Кремль өз ықпал аймағы санайтын Орталық Азиядағы АҚШ-тың кез келген әрекеті Ресейдің мүддесіне қатер деп қарастырады.

Сарапшылардың пікірінше, Вашингтонның бұл елдерге тәуелділігі 15 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда біраз азайғандықтан, енді АҚШ аймақ елдерімен қарым-қатынасын жаңадан реттеуге тырысып отыр. Бірақ АҚШ-тың аймақтағы ықпалын қолдау қажеттігі әлі өзекті.

Саяси мәселелер жөніндегі сарапшы Парвиз Мулллоджановтың пікірінше, АҚШ Ресейдің мүддесі бар аймақтағы ықпалын теңестіргісі келеді.

АҚШ пен Тәжікстан арасындағы дипломатиялық қатынастар Тәжікстан тәуелсіздік алған 1992 жылы басталған. АҚШ-тың Душанбедегі елшілігінің дерегінше, 24 жылға жуық мерзім ішінде АҚШ Тәжікстанға жалпы сомасы бір миллиард доллардан астам инвестиция құйған.

Керридің Орталық Азия елдеріне сапары бүгін Ашхабадта аяқталып, ол Лондонға ұшады деп жоспарланған.

Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG