Үкіметтік басылым тілшілерінің бірі Азаттықтың Тәжік қызметіне ертеректе ел президентінің есімімен байланысты мақалаларда журналистер оны «Джаноби оли» немесе «Ұлт көшбасшысы» деп атайтынын, бірақ енді жаңа ережелер күшіне енгенін хабарлады. Әлгі талап міндетті нормаға айналған. Оның айтуынша, «Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы - Ұлт көшбасшысы» деген ұзақ-сонар атаудың орнына бұрын «ұлт көшбасшысы» деп қысқартып жазуға рұқсат беретін.
Журналистің сөзінше, «Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысы туралы» заң қабылданғанға дейін Эмомали Рахмонды «қадірлі джаноби оли» деп таныстыру тиіс болған. Бірақ қазір әлгі атау онша көп қолданылмайды, ресми ақпарат құралдарында бір кездері президенттің есімі алдына жиі тіркелетін «джаноби оли» тіркесі онша көп қолданылмайды, ал «мухтарам» (қадірлі) сөзі әлі күнге дейін жиі кездеседі.
Тәжікстан мемлекеттік радиосы директоры Фаррух Зиеев Азаттыққа Эмомали Рахмонның «Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысы» атағын ресми хабарламаларда көрсету заң талабы болып саналады, сондықтан журналистер оны орындауы тиіс» екенін айтты.
– Бірақ кейде журналистер президентті "мемлекет басшысы" немесе жай ғана "ұлт көшбасшысы" деп атаған жағдайлар да кездеседі. Ал ресми хабарларда атағын толық көрсетуі тиіс. Журналистерден заң талабын орындау ғана талап етіледі, – деді Зиёев.
«Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысы туралы» заң қабылданғаннан кейін елдің қылмыстық кодексінде әлгі атақты қорлағандарды жауапқа тарту қарастырылған. Бірақ тәжікстандық заңгер Шокирджон Хакимовтің айтуынша, ел заңдарында Тәжікстан президентінің атағын толық көрсетпегені немесе қысқартып айтқаны үшін жауапқа тарту қарастырылмаған.
Қазір жаңалықтарда президенттің атақ-дәрежелерін айтуға бір минуттан көп уақыт кетеді.
– Қазір жаңалықтарда президенттің атақ-дәрежелерін айтуға бір минуттан көп уақыт кетеді. Сондықтан жаңалықтың өзі соның «көлеңкесінде қалып қояды». Президенттің атақ-дәрежесін көрсетпегені немесе қысқартқаны үшін жауапқа тарту БАҚ жұмысын реттейтін ешбір заңда шынымен қарастырылмаған. Демократиялық құндылықтар тұрғысынан алғанда, бұл – қисынды әрі дұрыс. Бірақкейде мемлекет басшысына адалдығы мен бейілін көрсеткісі келетін кей тұлғалар сөз сөйлегенде әлгі атақтарды қолданады, – дейді Хакимов.
Эмомали Рахмонмен кездесу кезінде кей тұрғындар оны «подшох» (падишах), «шох» (патша), «султон» (сұлтан) және «сарвар» (көшбасшы, басшы) деп атайды. Мұны жақтайтындар «бұл – жай құрмет белгісі», ал қарсыластары мұны «жеке басқа табыну белгісі және демократиялық нормаларды бұзу» деп санайды.
Орталық Азияда «ұлт көшбасшысы» атағы бар президент жалғыз Рахмон емес. 2010 жылдан бері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «ұлт көшбасшысы» атағы заңмен бекітілген. Қазақстанда Назарбаев мұражайы, Назарбаев атындағы университет және кітапхана бар, президент туралы ондаған фильм түсіріліп, кітаптар жазылған. Депутаттар қала атауында Назарбаевтың еңбектерін көрсету үшін Астананың атауын өзгертуді талай ұсынған.
Өзбекстанның экс президенті Ислам Каримовты қол астындағылар «Отамиз» («әкеміз») деп жиі атайтын. Оның орнына келген Шавкат Мирзияевтің әзірше атағы жоқ. Түркіменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовті «Арқадағ» («қамқоршы») деп атайды.