ҚАШҚЫН ҒАШЫҚТАР
23 ақпанда Душанбе қаласындағы Сино ауданының соты тәжіктің танымал әнші қызы Фарзона Хуршедті екі жылға бас бостандығынан айырғаны туралы туралы үкімі шықты.
Сот әнші қызды осыдан біраз бұрын жақсы көретін жігіті, қамаудағы Фаррух Рузиевтің сот ғимаратынан қашып шығуына көмектескені үшін айыпты деп тапты. Жас жігіт алаяқтық жасағаны үшін сотқа тартылуы тиіс болатын.
Оқиғаны басынан баяндасақ, 16 қаңтар күні әнші қыз Фарзона Хуршед полициядан сүйген жігіті Фаррухпен сот үйінің сыртында оңаша сөйлесуге мұрсат сұраған. Полиция қызметкерлері келісім бергеннен кейін ғашықтар жұбы Тәжікстан астанасына жақын жердегі Варзоб сайына қарай тартып отырған.
Арада біраз уақыт өткенде ғашықтарды күштік құрылым қызметкерлері курорт аймағына жақын жердегі «Чорбог» кеденінде қолға түсіреді. Әуелгіде полиция Фаррух Рузиевті ұстағандарына мәз болып, әншіні қоя берген.
КІНӘНІ МОЙЫНДАУ
Дегенмен кейінірек прокуратураның талап етуімен, әнші қыз да тұтқынға алынып, сот оны екі жылғы бас бостандығынан айырды. Фаррух Рузиев болса алаяқтығы үшін 10 жылға түрме жазасына кесілді.
Ғашықтардың сот ғимаратынан шығуына рұқсат еткен полицияның екі қызметкері де айыпты деп табылып, бірі - екі жылға, екіншісі - бір жарым жылға бас бостандықтарынан айрылды.
Әншінің адвокаты қорғауындағы Фарзона да, өзі де сот шешімімен келіспейтіндіктерін және шағым түсіретіндіктерінен айтты. Адвокат үкімнің қайта қаралатынына сенімді.
Әнші Фарзонаның продюсері Диловар Мизроб Фаррух сот ғимаратынан қашып кеткен қателігін мойындады дейді.
АЛБЫРТ ЖАСТЫҚТЫҢ АЛАУЫ
Дегенмен де әнші қыздың өзі егер қашып кетсе, жігітім бостандықта болады деп ойлағанын жасырмайды.
Тәжіктің эстрада әншісі Фарзона Хуршед 21 жаста. Ол Тәжікстан ғана емес, бүкіл парсытілді әлемге белгілі Сурайе Касымованың қызы. Фарзонаның әпкесі Шабнами Сурайе де тәжіктің танымал әншілерінің бірі.
Анасы мен әпкесі де Фарзонаның соты болып жатқанда сот залында отырды. Журналистерге берген сұқбатында Сурайе Касымова қызының өте жас екенін және оның қылмыс жасау ойы болмағанын айтқан.
Фарзона Хуршидке шығарылған үкім оқылып жатқанда әнші қыздың анасы Сурайе есінен танып қалған. Жас әншінің сотына Тәжікстанның көптеген белгілі мәдениет қайраткерлері де қатысты. Ал ғимараттың сыртында Фарзона Хуршедтің талантына бас иетін жанкүйерлері оған қандай сот үкімі шығарылатындығын күтіп тұрды.