Accessibility links

АҚШ-қа Мексика арқылы жету машақаты. Ресейден қашқан Азамат пен саяси пана іздеген Қасиеттің хикаясы


Мексика мен АҚШ шекарасында жүрген адамдар.
Мексика мен АҚШ шекарасында жүрген адамдар.

Мексиканың көші-қон қызметі АҚШ-қа өтуге тырысқан Мавритания, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары көбейгенін хабарлады. 12 мамырдан бастап шекарада коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеулер алып тасталды. Азаттық АҚШ пен Мексика шекарасындағы қырғыз азаматтарының бірқатарымен сөйлесті.

"МОБИЛИЗАЦИЯДАН ҚАШҚАН"

Азамат 10 жыл бұрын Ресей азаматтығын алған. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Мексика арқылы АҚШ-қа өтпек болған. 39 жастағы мигрант бұрын бір жыл Ресейде әскери борышын өтеген. Мобилизацияның бірінші толқыны басталғанда, Азамат Ресейден кетуге бел буған.

– 2022 жылы соғыс басталған кезде Ресейде үлкен дағдарыс болды. 2017 жылдан бастап күш құрылымдары әртүрлі қылмыстық істер қозғап, қудалап жүрді. Басымнан не өтпеді! Кейін мобилизация басталды. Адамдарды көшеден ұстап, соғысқа әкетіп жатқанын көрдік. Елден кетуге мәжбүр болдым. Қырғызстанға барайын деп ойладым. Бірақ Ресей азаматы болғандықтан, ол жақта құлағым тыныш болмас еді. Осы жылдың басында Дубайға, ары қарай Мехикоға ұштым. Бір апта болып, АҚШ-пен шекарада орналасқан қалаға жеттім, – дейді Азамат.

Азамат Мексикаға өзімен бірге жүздеген ресейлік ұшқанын айтады. Ресей азаматтарына Мексикаға виза алу оңай. Бірақ Мексикадан АҚШ-қа жету қиын.

– Мексика полициясымен арада жағдай қиын болды. Мені екі рет ұстады. Біріншісінде 200 доллар, екінші рет 400 доллар төледім. Кейін делдал таптық. Әрқайсысымыз 300 доллардан бердік. Делдалдар тағы бір қырғыз азаматы екеуімізді шекараға жеткізіп, тастап кетті. "Ары қарай өздерің өтесіңдер" деді. Аптап күннің астында 20 минут тау-тастың арасымен жүріп, шекарадағы биік қабырғаны көрдік. Бір-бір сөмкемен ғана шыққанбыз, қабырғаға өрмелеп, арғы бетке өттік. Ол жақта полиция ұстады. Ұсталған басқа азаматтармен бірге изоляторға апарды. Жанымызда Үндістан, Түркия, Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтары болды. Шағын камерада бір апта отырдық. Кезекпен ұйықтадық: 10 адам жатса, қалған 10-ы тұрып тұрады. Кейін қолымызға кісен салып, автобуспен мигранттар лагеріне жеткізді. Лагерьдің жағдайы жақсы деп айта алмаймын. Қырғыз азаматымен бірге 20 күн лагерьде тұрдым. Әртүрлі елден келген жүздеген адам сол жерде жатты. Тергеу болды. Саяси баспана сұрадым. Құжаттарымды тексеріп, АҚШ-қа кіргізді, – дейді Азамат.

Мексикадан АҚШ-қа өтуге оқталған адамдар.
Мексикадан АҚШ-қа өтуге оқталған адамдар.

"ӘЙЕЛІМ МЕН БАЛА-ШАҒАМ ШЕКАРАДА ҚАЛДЫ"

Қазір Азамат Чикагода жұмыс істейді. Бірақ сәуірде Азаматтың артынан ұшып келген әйелі мен екі баласы Мексика шекарасында жатыр. Азамат отбасынан хабар ала алмай отырғанын айтады.

– Әйелім мен екі ұлым – Ресей азаматы. 2010 жылы азаматтық алдық. Ол кезде соғыс болатынын білмедік қой. Мәскеуде тұрақты жұмысым болды, бірақ кейінгі оқиғалардан соң АҚШ-қа кетуге мәжбүр болдым. Бірінші өзім барып, жағдайды барлап, кейін отбасымды шақырамын деп ойладым. Қазір әйелім екі баламен шекарада жатыр. Ақшасы бар, бірақ не боларын білмеймін. Бір айдан бері жолда жүр. Шекарадан өткізсе де, АҚШ-қа кіруге қашан рұқсат беретіні белгісіз, – дейді Азамат.

Ресми деректерге қарағанда, кейінгі жылдары Мексика шекарасы арқылы АҚШ-қа заңсыз өтуге тырысатындар көбейген. Азаттық бұған дейін шетелге көшу үшін осындай күрделі жолды таңдаған қырғыздар туралы жазған.

САЯСИ БАСПАНА СҰРАҒАН ҚАСИЕТ

Қасиет күйеуімен бірге сәуірдің басында Мексиканың Рейноса қаласына жеткен. АҚШ-тан саяси босқын мәртебесін беруді сұраған. Қырғызстаннан келген ерлі-зайыпты саяси баспана алу процесі қиын болмайтын шығар деп үміттенеді.

– Қырғызстаннан наурызда кеттік. Шенген визамыз бар еді. Еуропаның бірнеше қаласын араладық. Кейін Мехикоға ұштық. Еш қиындық болған жоқ. АҚШ-пен шекарада орналасқан Тихуана қаласына барып, қонақүйде тұрдық. Қазір АҚШ-тан саяси босқын мәртебесін алғысы келетін адамдар үшін арнайы бағдарлама ашылды. 14 сәуірден бастап құжат тапсыруға кезекке тұрдық. Бағдарлама күнде таңертең 10.00-де ашылады. Өтініш беруші көп болғандықтан, орын тез таусылып қалады. Күйеуім екеуіміз телефонмен, планшетпен, компьютермен орын алуға тырыстық. Біріншісінде жолымыз болмады. Бірақ әйтеуір құжат тапсырып үлгердік. Қазір Мексикада қонақүйде америкалық шекарашылардың шақыртуын күтіп жатырмыз. "Шекарада тергеу болады, содан кейін не АҚШ-қа кіргізеді, не депортациялайды" деп естідік, – дейді Қасиет.

Қасиет ағылшын тілін жақсы біледі. Сондықтан Рейносаға қайықпен не жаяу жеткен бірнеше отандасына көмектескен. Олардың көбі шекарадағы қабырға арқылы өтпек болған. Бірақ біразы шекарадан өте алмай, Мексикаға оралған. Қасиет "Бәрінен де әйелдерге қиын" дейді.

– Бұрын шекарадағы қабырғадан асып өткендерге қатаң шара қолданбайтын. Енді шектеулерді алып тастағаннан кейін депортациялауы мүмкін. Рейносада орыстар да, өзбектер де, қазақтар да бар. Бәрі жаяу немесе көлікпен АҚШ-қа өтуге асығып отыр, – дейді Қасиет.

АҚШ ШЕКАРА КҮЗЕТІН КҮШЕЙТЕДІ

9 мамырда Тихуанадағы иммигранттар ісі жөніндегі қызмет өкілі Энрике Лусеро халықаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында шекарадан заңсыз өтуге тырысқан мыңдаған шетелдік ұсталып жатқанын айтты.

Ол кейінгі айларда Мексикада Мавритания, Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген азаматтар көбейгеніне назар аударды.

Reuters дерегінше, Техас штатында (АҚШ) Мексикамен шекарада тактикалық мақсаттағы шекара күштері (Tactical Border Force) тұр. Бұл шара пандемия кезіндегі шектеулер жойылғаннан кейін қолға алынған. Техас штатының губернаторы Грег Эбботтың айтуынша, шекараның заңсыз мигранттар өтетін тұсына арнайы отряд жіберіледі.

Президент Джо Байденнің пандемия кезіндегі шектеулерді алып тастау туралы шешімін сынаған республикашыл Эбботт Техастың тактикалық шекара күштері Ұлттық гвардияның арнайы дайындықтан өткен бөлімі екенін, қызметкерлер Black Hawk тікұшағымен Мексикамен шекарадағы шиеленіс нүктелеріне ұшуға дайын отырғанын хабарлады. Тактикалық бөлім түнде көруге және адамдарды таратуға қажет құрылғылармен жабдықталған.

12 мамырдан бастап АҚШ шекарадағы COVID-19 пандемиясына байланысты енгізілген шектеулерді алып тастады. АҚШ президенті Джо Байден шектеулер алынғаннан кейін шекарада біраз уақыт берекетсіздік болатынын ескерткен. Ол "Вашингтон иммигранттарға арналған өзгерістерді реттеумен айналысып жатыр" деді.

АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Алехандро Майоркас Мексикамен шекарада мигранттармен қақтығыс болғанын айтты. Шектеулер алынады деген хабардан соң шекарада шиеленіс күшейген.

Майоркас АҚШ шекарасын заңсыз кесіп өтуге тырысқандарға қатаң шара қолданылатынын ескертті. Бейсенбіде Ақ үйде журналистермен кездескен министр "Шекарамыз ашық емес" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, мигранттардың отбасы АҚШ-Мексика шекарасын заңсыз кесіп өтсе, 30 күн ішінде депортацияланады.

Өткен аптада күніне 10 мың адам шекараны заңсыз кесіп өткен. Reuters дерегінше, шекара және кеден қызметінің мекемелері ұсталғандарға лық толы, онда шамамен 28 мың мигрант отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG