ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР ҮМІТІ
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов сирек сапарға шығады. Тамыздың 29-ы күні әлемдегі ең жабық елдердің бірінің басшысы Германия канцлері Ангела Меркельмен кездеспек. Екі тарап та сауда қарым-қатынастарын нығайту жолдарын талқыламақ тәрізді.
Бірақ адам құқығын қорғаушылар Меркель осы мүмкіндікті пайдаланып, Орталық Азиядағы газға бай мемлекетпен сауда-саттық жайттарын талқылай бергенше бұл елдегі адам құқықтары ахуалын жақсарту мәселесін айтса дейді.
Меркель мен Бердімұхаммедов соңғы рет 2008 жылы Берлинде кездескен. Ол кезде Бердімұхаммедов Германия мен Австрияға аз уақытқа барып еді. Содан соң екі саясаткер 2010 жылы Астанада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) аясында өткен жиында сөйлесті.
Тамыздың 26-сы күнгі Бердімұхаммедовтің сапары туралы мәлімдеген Германия сыртқы істер министрі күн тәртібіндегі мәселелер туралы айтпады. Бірақ Азаттық радиосына аты-жөнін көрсетпеуді сұраған неміс шенеунігі түркімен басшысын Меркель шақырғанын, екеуінің экономикалық және саяси ынтымақтастық мәселелерін талқылайтынын айтты.
Германия – Түркіменстанның Еуропа Одағындағы ең басты сауда әріптесі, 2014 жылы екі жақтың сауда айналымы - 466 миллион доллар, ал 2013 жылы 448 миллион доллар болған. Сауданың көбі - Германиядан машина және басқа да өнеркәсіптік тауарлар экспорттау.
Түркіменстан Берлинмен сауда әріптесі ретінде Орталық Азияда Қазақстан мен Өзбекстаннан кейін 3-орында тұр. Неміс компаниялары Түркіменстанның энергетика секторын дамытуға көмектеседі, соның ішінде Каспий қайраңындағы табиғи газ кен орындарын барлау жұмыстарын жүргізеді. Германия инвесторлары Түркіменстанның жағалаудағы кен орындарын игергісі келетіндерін білдірді.
ТҮРКІМЕНСТАНДАҒЫ РЕПРЕССИЯ
Дегенмен неміс кәсіпкерлері Түркіменстанда жұмыс істеуге рұқсат алудың қиындығы мен әкімшілік рәсімдердің бұлыңғыр екенін айтады. Германияның DEA Deutsche Erdoel компаниясы өткен жылы бюрократия мен сыбайлас жемқорлыққа наразы болып, Каспий теңізіндегі концессиясынан бас тартты.
Германия үкіметінің шенеунігі Азаттыққа «Түркіменстандағы адам құқығы әркез негізгі мәселе саналады, бірақ кездесуге дейін олардың қандай тақырыпта сөйлесетінін айта алмаймын» деді.
Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау тобы Берлинге «түркімен басшысы саяси қарсыластарын қамағанды тоқтатсын, танымал журналисті түрмеден шығарсын және адамдарға елден кетуге тыйым салғанды қойсын» деген үндеуін жолдады.
HRW-дің Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон «Бұл - әлемдік көшбасшыға берілген сирек мүмкіндіктердің бірі, Меркель саяси қысым көргендерді қорғауы керек. Канцлер Түркіменстандағы репрессияны тоқтату қажеттігі жайлы батыл айтуға тиіс» дейді.
Құқық қорғаушылар тобы «1990-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында тұтқындалған ондаған адамның қайда екені белгісіз, туыстары хабар ала алмай отыр» деген дерек таратты. Хабарсыз кеткен бұл тұтқындардан бөлек, Ашғабад ойдан шығарған және есірткіге қатысты жалған айыптар тағылған диссиденттер де көп. Олардың ішінде 2015 жылы қамалған Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшісі Сапармамед Непескулиев те бар.
Он шақты ақпарат құралдары мен адам құқықтарын қорғайтын ұйымдар маусым айында Бердімұхаммедовке бірлескен хат жазып, қамалғаннан бері сыртқы әлеммен байланысы үзілген Непескулиевті босатуды талап етті. Түркімен үкіметі шетелде оқығысы келген студенттерді және елден кетпек болған белсенділерді қара тізімге қосады, бұл да саяси қорқырып-үркіту тәсілі.
«Коммунистік заманда Шығыс Германияның көптеген азаматтарына дәл осылай елден шығуға тыйым салынды, өзі де сол өлкеден шыққан канцлер Меркель мұны жақсы түсінсе керек. Түркіменстан тұрғындары және осы елдің сыртта жүрген аазаматтары Меркельге үміт артады, оның Бердімұхаммедовке қысымды тоқтату керек деп айтқанын қалайды» дейді Уильямсон.
Бердімұхаммедов 2006 жылы дүние салған диктатор Сапармұрат Ниязов кезінде пайда болған жеке басқа табынудың шектен шыққан көріністерін жойды. Бірақ ол өзі мұраға алған автократтық жүйені талқандамады, соңғы 10 жылда президенттік билігін күшейтіп, өзімен келіспейтіндерді аяусыз жазалап келеді.
Чарльз Рекнагельдің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.