Азаттықтың Түркімен қызметіне ақпарат берген адамның айтуынша, сотталғандардың көбі - түркімен-түрік лицейінде бұрын жұмыс істеген және оны бітірген адамдар.
Азаттық мамырдың соңында Түркіменстанда түріктің діни тұлғасы Фетхуллах Гүлен жетекшілік етеді деген «Гүлен қозғалысына» қатысы бар деп 50-ден астам ер адамның тұтқындалғанын жазған. Жабық сотта бұл адамдар 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.
Бұл - осындай айыппен сотталған екінші топ. 2017 жылдың ақпан айында Ашғабат соты кем дегенде 18 адамды 25 жылға дейін соттаған. Олардың арасында танымал түркімен кәсіпкерлері де бар.
Азаттыққа ақпарат берген Лебаптағы тағы бір адамның айтуынша, шілденің басында қылмыстық істер жөніндегі облыстық соттың жабық отырысы өткен, онда «гүленшілер ісі» қаралған.
«Мамырдың соңы мен маусымның басында тұтқындалған жігіттерді соттады. Олардың көбі – Керкіден (Атамұрат қаласының бұрынғы атауы – ред.). Тергеу кезінде оларды азаптады, солайша олар айыптарын мойындады. Сот жабық өтті, тіпті жақын туыстарын кіргізбеді» деді аты-жөнін атамауды сұраған дереккөз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Фетхуллах Гүлен кім?
Азаттыққа ақпарат берген, сот шешімінен хабары бар әлгі адам «сотталғандардың бәрі (40-тан астам адам) 12 мен 20 жыл аралығында бас бостандығынан айрылғанын» айтады. Оның сөзіне қарағанда, өткендегідей бұл жолы да сотталушылардың нақты қандай ұйымға қатысы бар екені айтылмайды, тек оларды айыпты деп таныған қылмыстық кодекстің бабы көрсетіледі.
Бірақ бұл жолы айыптауларға қылмыстық кодекстің 135-бабын да қосып қойған, яғни оларды гомосексуализм бойынша айыптайды. Азаттыққа ақпарат берген адам «олардың биыл қыркүйек айында Түркіменстанда өтетін Азия ойындарына қосымша қаржы тапсақ деген билік әрекетінің құрбандары болып отырғанын» айтты.
«Қауіпсіздік органдары президенттің Азиадаға ақша табыңдар деген бұйрығын осылай орындап жатыр. «Гүленшілерге» қатысы бар деген – құр сылтау, шын мәнінде олардан ақша бопсалап жатыр. Олардың бәрінің түрік лицейін бітіргені немесе онда істегені рас. Бірақ барлығы – ауқатты адамдар, сондықтан оларды құрбандыққа шалды. Ішінде Лебапқа жақсы танымал кәсіпкерлер де бар» дейді Азаттыққа ақпарат берген адам.
Оның айтуынша, сотталғандардың барлық мүлкі мен бизнесі мемлекет пайдасына тәркіленген. Ал кейбір кәсіпкерлер мен компаниялар сұраған соманы берген, оларға тиіспеген. Дереккөздің өтініші бойынша Азаттық олардың аты-жөнін атамайды.
Азаттықтың Түркімен қызметі мамыр айында президент Гурбангулы Бердімұхаммедовтің қауіпсіздік органдарына халықаралық спорт жарыстарын өткізуге ақша табуды тапсырғанын хабарлаған еді. Ақпарат берген адамдардың айтуынша, Аманмырат Халлыевтың республиканың бас прокуроры қызметінен кетуі де осы мәселемен байланысты болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Ердоғанның «гүленшілерге қарсы соғысы» Қазақстанға жете ме?
Бір-біріне тәуелсіз бірнеше дереккөз кейінгі айларда бірнеше кәсіпкердің «салық» төлеуден бас тартқаны үшін тұтқындалғанын, бірқатарының Түркіменстаннан кетіп үлгергенін айтты. Тұтқындалған кәсіпкерлерге түрік дін насихатшысы Фетхуллах Гүленге қатысы бар деген айып тағылған.
Түркіменстанда «гүленшілердің» сотталғаны туралы Азаттық алғаш рет 2016 жылдың қазанында жазған болатын. Ол кезде ақпарат иелері 150-ден астам адамның ұсталғанын айтқан. Түркіменстан астанасы мен бүкіл республикаға танымал кәсіпкерлер істі болған еді. Көбі тергеуден соң босатылды. Бірақ ондаған адам ұзақ мерзімге сотталды.
Сәуір айында тергеу мекемесіндегі ақпарат беруші адам жабық сот процесінде 18 адамға үкім шығарылғанын айтып, Азаттықтың Түркімен қызметіне үкімнің көшірмесін көрсетті. Оның ішінде танымал түркімен кәсіпкерлері бар. Мысалы, «А-Маркет» супермаркетінің бұрынғы қожайыны Довлет Атаев пен «Мердем» және "АлпЭт" мейрамханаларының бұрынғы иесі Ресул Атагелдыев 25 жылға түрмеге қамалды. Сотталушылардың бәрінің бұрын түрік білім беру мекемелеріне қатысы болған.
Азаттықтың Түркімен қызметінің мақаласы.