Ирпень қаласының мэрі қаланың ресейлік әскерилерінен босатылғанын мәлімдеді
Украина әскері Киев облысындағы Ирпень қаласын ресейлік әскерилерден босатты. Бұл туралы қала мэрі Александр Маркушин хабарлады.
Оның сөзінше, Ирпеньде қауіп сейілген жоқ, сондықтан тұрғындардың оралуына әлі болмайды.
Соғыс басталғалы бұл қала үшін үлкен шайқас жүрген еді.
Соғыс уақытында мұндай ақпраттарды тәуелсіз дереккөздерден тексеру мүмкін емес.
Германия Ресейдің Украинадағы соғыста пайдаланып жатқан Z белгісін заңсыз деп таныды. Бұл туралы Германия ішкі істер министрлігі хабарлады. Енді Германияда бұл белгіні қолдану заңға қайшы.
Z белгісі жайлы Азаттық бұған дейін арнайы мақала жазған, көз сала отырыңыз:
Ресей Азаттық радиосының Қазақ, Өзбек, Түрікмен сайттарының орыс тіліндегі нұсқаларын бұғаттады.
Ресейдің тәуелсіз "Медиазона" сайты онлайн-ресурстардың бұғатталғанын бақылайтын "Роскомсобода" ұйымына сілтей отырып, Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақ редакциясы (rus.azattyq.org), Өзбек редакциясы (rus.ozodlik.org) және Түрікмен редакциясы (rus.azathabar.com) сайттарының орыс тіліндегі нұсқаларын Ресей Бас прокуратурасының 26 наурыздағы талабы бойынша бұғаттағанын хабарлады.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті Джейми Флай бұл әрекетті айыптады.
"Азат Еуропа/Азаттық радиосы Орталық Азия редакцияларының орыс тіліндегі сайттары Орталық Азияның орыс тілінде сөйлейтін халқы мен Ресейде жұмыс істейтін немесе сонда тұратын азаматтарына жаңалықтар мен ақпараттар ұсынуда маңызды рөл атқарады. Енді олар Кремльдің цензурасына байланысты Украинадағы соғыс жайлы тәуелсіз ақпарат көзінен айырылып отыр. Біз ақпарат контентімізді цензураға салмаймыз, Азаттық сөйлейтін әлемнің 27 тілінде шындықты айта береміз" деді Джейми Флай.
Толығырақ мына сілтемеден оқи аласыз
Ресейлік "Новая газета" жұмысын уақытша тоқтатты
Ресейлік "Новая газета" басылымы "Украинадағы арнайы операция"* аяқталғанға дейін уақытша жұмысын тоқтатқанын мәлімдеді.
"Біз Роскомнадзордан тағы да ескерту алдық. Осыдан соң біз газетімізді интернетте және баспадан шығаруды "Украинадағы арнайы операция" аяқталғанша тоқтатамыз" деп мәлімдеді газет редакциясы.
"Новая газета" бас редакторы Дмитрий Муратов былтыр бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығын алған. Бұл басылым оқырмандарына Ресейдің Украинадағы соғысы жайлы бейтарап контент ұсынып келген еді.
*Ресей билігі Украинаға басқыншылығын "арнайы операция" деп атайды. Ресейде "соғыс" сөзін қолданған басылымдарға қылмыстық іс қозғалады.
ПІКІРЛЕР