Соғыс басталғалы Киев облысындағы Ирпень қаласында 300-дей бейбіт тұрғын, 66 әскери қаза болғаны хабарланды. Бұл туралы қала мэрә Александр Макрушин айтты.
Путин: Украина әскерилері Мариупольден шыққанда ғана қала қоршаудан босайды
Ресей президенті Путин Франция президенті Эммануэль Макронмен телефон арқылы сөйлескенде Ресей күштері Украина әскерилері Мариупольден толық шыққанда ғана Мариупольді қоршаудан босататынын айтқан. Бұл туралы Кремль хабарлады.
Ал Франция тарабы таратқан ресми мәлімдемеде "Ресей президенті Мариупольден бейбіт тұрғындарды эвакуациялау жағын ойластыруға келісті" деп жазды.
Мариуполь қаласы 1 наурыздан бері Ресейдің қоршауында тұр. Қаладағы 80 пайыз инфраструктура қираған. Мариуполь билігінің мәліметінше, қалада бес мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза болған.
ВВС: Ресей сириялықтарға соғысқа қатысу үшін 6600 доллар ұсынған
Ресей сириялық әскерилерге Украинадағы соғысқа қатысу үшін айына 6600 доллар шамасында ақша ұсынған. Бұл туралы ВВС телеарнасы хабарлады.
Телеарнаға сұхбат берген сириялықтың бірі "Ресей әскері сапында соғыссам, отбасымды асыраймын" деген. Оның сөзінше, Ресей сириялық соғыста қаза тапса, отбасына 48700 доллар беретінін де айтқан.
ВВС тілшісімен сөйлескен сириялық "Ресей әскеріне қосылғысы келетін 200 адамды білемін" деген.
Украина билігі мен Сириядағы үкіметтік емес ұйымдар Сирияда Ресей әскері сапына қосылуды ойлайтындарға арналған 14 орталық жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеген.
Осыған дейін Ресей президенті Путин сириялық "еріктілерді" Украинадағы соғысқа қатыстыруға рұқсат берген еді.
АҚШ: Ресей Украинадағы соғыста 10 мыңнан аса әскериінен айырылды
АҚШ есебінше, Украинадағы соғыста Ресей 10 мыңнан аса әскериінен айырылған. Бұл туралы Настоящее время эфирінде АҚШ бас хатшысының орынбасары Виктория Нуланд мәлімдеді.
Бұл статистика – Ресей қорғаныс министрлігінің есебінен бірнеше есе көп. 25 наурызда Ресей қорғаныс министрлігі 1351 әскериі қаза болғанын айтқан.
Телеарна жүргізушісінің "Ресей мен Украина жақын арада келісімге келуі мүмкін бе?" деген сауалына Нуланд "Украина мен оның одақтастары осыған қол жеткізуге тырысып жатыр", бірақ "Ресей Украина әскерінің қаншалықты мықты екенін әлі түсінген жоқ" деді.
Соғыс басталғалы Ресейдің әскери шығыны жайлы түрлі деректер шықты. Украина қарулы күштері Ресей 17 мыңнан аса әскериін жоғалтты (жараланғандар мен қаза тапқандар) деп мәлімдеді. 24 наурызда Time басылымы НАТО-ға сілтеме жасап, Ресей соғыста 7 мыңнан 15 мыңға дейін адамынан айырылды деп жазды.
ПІКІРЛЕР