Ресей әскерилері Чернобыль АЭС-інен "кете бастағаны" айтылды
AFP ақпарат агенттігі америкалық әскери шенеуніктерге сілтеме жасап, Ресей әскерилері Чернобыль атом электр станциясынан кете бастады деп жазды.
"Чернобыль – ресейлік әсксерилер кете бастаған жерлердің бірі, олар Чернобыль АЭС-інен Беларуське кете бастады, бірақ толық кетті ме олар жағын айта алмаймын" деген дереккөз.
Пентагондағы дереккөздердің бірі CNN телеарнасына Ресей әскерінің Чернобыль АЭС-інен кете бастағанын айтқан.
Ресей әскерилері соғыс басталған күні, яғни, 24 ақпанда Чернобыль АЭС-ін басып алған еді.
Днепропетровск облысындағы әскери бөлімшеге ракетадан шабуыл жасалғаны хабарланды
Днепропетровск облысы әкімшілігінің басшысы Валентин Резниченко Ресей күштері әскери бөлімшеге ракетадан шабуыл жасағанын, екі адам қаза болып, бес адам жараланғанын мәлімдеді.
Ресей тарабы бұл шабуыл туралы әзірге ештеңе айтпады.
Зеленский: Украина әлем қолдап тұрғанда бұл соғыста жеңілмейді
Украина президенті Владимир Зеленский Нидерланд парламентіне видеобайланыс арқылы қосылып, сөз сөйледі. Ол Амстердамнан қару-жарақ пен Украинаны қалпына келтіруге көмек сұрады.
Зеленский Нидерланд елінін де Ресеймен барлық іскерлік және сауда қатынасын үзуді, санкцияларды күшейтуді сұрады
Бұған қоса, Зеленский Австралия парламентінде де сөз сөйлеп, Украина әлем қолдап тұрғанда Ресеймен соғыста жеңілмейді деп мәлімдеді. Украина президенті Австралиядан Bushmaster бронетехникасын сұрады.
Осы күні Австралия Ресей мен Беларусьтен келетін тауарларға қосымша 35 пайыз салық қосатынын мәлімдеді.
Путин әскери күшінен қатты жаңылысты – Британия барлау тобының басшысы
Ұлыбритания барлауының (GCHQ) басшысы Джереми Флеминг Ресей президенті Путин өз әскерінің күшін және Украина әскерінің әлеуетін дұрыс бағалай алмады деп мәлімдеді.
"Путин жағдайды бақылауда өте қатты қателесті. Біздің пайымдауымызша, Путиннің кеңесшілері енді шындықты айтудан қорқып отыр" деді Флеминг 30 наурызда Канберрадағы Австралия ұлттық университетіндегі мәлімдемесінде.
Ұлыбритания барлаушылар "Путин өз әскерінің мүмкіндігін асыра бағалап, Украина әскерінен күшті қарсылық, Батыс елдерінен қатаң санкция күтпеді" деп санайды.
Флеминг Ұлыбритания барлаушыларында қолында "Ресей әскерилерінің бұйрықты орындаудан бас тартып, өз техникаларын әдейі бұзып жатқаны туралы мәлімет барын" айтты.
30 наурызда AFP агенттігі АҚШ барлаушыларына сілтеп, "Путин Украинада Ресей әскерінің қалай соғысып жатқанын және "әскери операцияның" қаншалықты "сәтті жүргізіліп" жатқандығынан ішінара хабарсыз, себебі кеңесшілері шындықты одан жасырады" деп хабарлаған.
31 наурызда Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков АҚШ пен Британия барлаушыларының бұл мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.
"Бұл бізді алаңдатып отыр, демек АҚШ мемлекеттік департаменті де, Пентагон да Кремльде не болып жатқанын, шешім қалай қабылданатын механизмін, біздің жұмысымызды, президент Путинді білмейтін болып тұр ғой" деді Песков.
Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.
ПІКІРЛЕР