Accessibility links

Ресейдің Белгород қаласы маңында мұнай қоймасы өртеніп жатыр. 1 сәуір 2022 жыл.
Ресейдің Белгород қаласы маңында мұнай қоймасы өртеніп жатыр. 1 сәуір 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 28 наурыз - 3 сәуір аралығында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

2 сәуір – Украинадағы соғыстың 38-күні. Негізгі оқиғалар:

  • Киев облысында Украина әскері Ресей армиясы тастап кеткен елді мекендерді бақылауына алып жатыр.
  • Жұма, 1 сәуірде Ресейдің Белгород қаласы маңындағы мұнай қоймасы атқылауға ұшырады. Ешкім зардап шекпеген. Ресей тарабының айтуынша, қойманы Ресей аумағына кірген украиналық екі тікұшақ атқылаған. Украина қорғаныс министрлігі оқиғаға қатысы жоғын айтты.
  • Бішкекте милиция Ресей басқыншылығын айыптаған наразыларды ұстады.
  • Украина бас прокуратурасы соғыс басталғалы бері елде 158 бала қаза болғанын, 254 бала жаралғанын айтты.
  • АҚШ әкімшілігі НАТО бойынша одақтастарымен Украинаға совет танкілерін жіберу мәселесін талқылап жатыр.
  • Ресей әскері Чернобыль АЭС аумағынан шығып, Ресейдің Белгород облысына жол тартты. Украина күштері орыс әскері қайта шабуылға дайындалу үшін топтасып жатыр деп санайды.
  • Запорожье облысында тараптар тұтқындармен алмасты.
  • Украина Жоғарғы радасы басқыншылықты қолдаған ресейліктердің мүлкін мемлекет меншігіне қайтаруды көздейтін заң қабылдады.
  • АҚШ сауда министрлігі Ресей басқыншылығына байланысты Ресей мен Беларусьтің 120 ұйымына экспорттық санкция салады.
  • ЮНЕСКО Украинадағы соғыста әлем мәдениеті үшін маңызды кемінде 53 мәдени нысан бүлінді не қирады деп мәлімдеді.

Ресей президенті Владимир Путин "дос емес елдерге" газды рубльде сату туралы жарлыққа қол қойды. Путин егер Еуропа елдері газды сатып алғанда рубльмен төлемесе келісім-шартты үземіз деп мәлімдеді.

Бұған дейін Франция мен Германия Ресеймен газ алғанда рубльмен төлемейтінін айтқан.

"Ресей әскері артқа шегініп жатқан жоқ, олар қайта ұйымдасуға тырысып жатыр" деп мәлімдеді НАТО басшысы Йенс Столтенберг Брюссельде журналистермен тілдескенде.

"Ресей әскерилері қайта ұйымдасуға, қару-жарақтарын толтыруға тырысып жатыр, осылайша олар Донбасс аймағына шабуылды күшейтпек" деді ол.

Украина қорғаныс министрлігі де бүгінгі мәлімдемесінде қазір Ресей күштері Донецк пен Луганск облысына толық бақылау орнатуға күш салып жатыр деп мәлімдеді.

Украина қарулы күштерінің бас штабы соғыс басталғалы Ресей 17 мыңнан аса әскериін жоғалтты (жараланғандар мен қаза болғандар) деп мәлімдеді.

Бұдан бөлек Украина Ресей мынандай шығынға ұшырады деп отыр:

  • 614 танк
  • 1735 бронетехника
  • 311 артиллериялық жүйе
  • 96 ракета ататын әскери көлік
  • 54 әскери дрондарға қарсы жүйе
  • 135 ұшақ
  • 131 тікұшақ
  • 1201 әскери көлік
  • 7 кеме/катер
  • 75 цистерна
  • 8 әскери дрон
  • 22 арнайы техника
  • 4 кіші қашықтыққа ұшатын баллистикалық ракета.

Бұл – Украина тарабының ғана дерегі. Соғыс уақытында мұндай мәлімдемелерді тәуелсіз дереккөз арқылы тексеру қиын.

Николаев қаласының әкімшілік ғимаратына шабуылдан қаза болғандар 20 адамға жетті. Украина төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, 19 адамның сүйегі үйінді астынан табылған, бір адам ауруханада көз жұмған.

Ракетадан шабуыл жасалған Николаев қаласы әкімдігі. 29 наурыз 2022 жыл.
Ракетадан шабуыл жасалған Николаев қаласы әкімдігі. 29 наурыз 2022 жыл.

Ресей әскерилері 29 наурызда Николаев қаласының әкімдігіне ракеталық шабуыл жасаған еді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG