Мариупольдегі жағдай қалай?
Украина қарулы күштерінің бас штабы бүгінгі мәлімдемесінде "Ресей әскерилері Мариуполь қаласын толық басып алуға тырысып жатыр" деді. Ал Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Алексей Арестович брифингте Мариуполь "берілген жоқ" деп мәлімдеді.
Бес аптадан бері Ресей қоршауында қалған қаланың бір бөлігі ресейлік, бір бөлігі украиналық әскерилердің бақылауында. Бүгін қаладан шамамен 2 мың адам шығып, Запорожье қаласына аттанғаны хабарланды.
Қалада әлі 150 мыңдай бейбіт тұрғын жарықсыз, жылусыз қалған. Украина тарабы қаладағы инфраструктураның 80 пайызы қирағанын, бес мыңнан аса тұрғын қаза болғанын айтады.
NYT: 300 сириялық әскери соғысқа қатысу үшін Ресей келді
New York Times газеті Украинадағы соғысқа қатысу үшін Сириядан кемі 300 әскери келгенін жазды. Басылым "сириялықтар қазір дайындықтан өтіп жатыр" деді басылым дереккөздерін сілтеме жасап.
Осыған дейін Ресей Украинадағы соғысқа сириялықтарды да тартып жатқаны айтылған. Ресей президенті Путин сириялық "еріктілерді" Украинадағы соғысқа қатыстыруға рұқсат берген еді.
Ал британиялық ВВС сайтына сириялықтар "Ресей сириялықтарға соғысқа барған үшін 6600 доллар төлейтінін" жеткізген.
Телеарнаға сұхбат берген сириялықтың бірі "Ресей әскері сапында соғыссам, отбасымды асыраймын" деген. Оның сөзінше, Ресей сириялық соғыста қаза тапса, отбасына 48700 доллар беретінін де айтқан. ВВС тілшісімен сөйлескен сириялық "Ресей әскеріне қосылғысы келетін 200 адамды білемін" деген.
Украина билігі мен Сириядағы үкіметтік емес ұйымдар Сирияда Ресей әскері сапына қосылуды ойлайтындарға арналған 14 орталық жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеген.
Украина тарабы Ресей күштерінің Киев облысы мен Черниговтан шыға бастағанын, бірақ әлі толық кетпегенін айтып жатыр. Мәселен, Чернигов облысының губернаторы Вячеслав Чаус видеомәлімдеме жасап, "Әуеден және ракета шабуылы жасалу қаупі әлі сақталып тұр" деді.
"Чернобыль АЭС-інде ресейлік әскерилер жоқ"
Украинаның мемлекеттік агенттігінің басшысы Евгений Крамаренко ВВС сайтының Орыс қызметіне "Чернобыль АЭС-інің аумағында Ресей әскерилері жоқ" деді. Оның сөзінше, ресейлік әскерилер атом станциясынан кетіп бара жатып, компьютерлер мен біраз мүліктерді алып кеткен және Украина ұлттық гвардиясының бірнеше қызметкерін кепілге алған.
ПІКІРЛЕР