Accessibility links

Ресейдің Белгород қаласы маңында мұнай қоймасы өртеніп жатыр. 1 сәуір 2022 жыл.
Ресейдің Белгород қаласы маңында мұнай қоймасы өртеніп жатыр. 1 сәуір 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 28 наурыз - 3 сәуір аралығында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

2 сәуір – Украинадағы соғыстың 38-күні. Негізгі оқиғалар:

  • Киев облысында Украина әскері Ресей армиясы тастап кеткен елді мекендерді бақылауына алып жатыр.
  • Жұма, 1 сәуірде Ресейдің Белгород қаласы маңындағы мұнай қоймасы атқылауға ұшырады. Ешкім зардап шекпеген. Ресей тарабының айтуынша, қойманы Ресей аумағына кірген украиналық екі тікұшақ атқылаған. Украина қорғаныс министрлігі оқиғаға қатысы жоғын айтты.
  • Бішкекте милиция Ресей басқыншылығын айыптаған наразыларды ұстады.
  • Украина бас прокуратурасы соғыс басталғалы бері елде 158 бала қаза болғанын, 254 бала жаралғанын айтты.
  • АҚШ әкімшілігі НАТО бойынша одақтастарымен Украинаға совет танкілерін жіберу мәселесін талқылап жатыр.
  • Ресей әскері Чернобыль АЭС аумағынан шығып, Ресейдің Белгород облысына жол тартты. Украина күштері орыс әскері қайта шабуылға дайындалу үшін топтасып жатыр деп санайды.
  • Запорожье облысында тараптар тұтқындармен алмасты.
  • Украина Жоғарғы радасы басқыншылықты қолдаған ресейліктердің мүлкін мемлекет меншігіне қайтаруды көздейтін заң қабылдады.
  • АҚШ сауда министрлігі Ресей басқыншылығына байланысты Ресей мен Беларусьтің 120 ұйымына экспорттық санкция салады.
  • ЮНЕСКО Украинадағы соғыста әлем мәдениеті үшін маңызды кемінде 53 мәдени нысан бүлінді не қирады деп мәлімдеді.

Ресей шабуылынан Харьков қаласындағы тарихи ескерткіш бүлінді

Украина мемлекеттік төтенше жағдайлар қызметі Ресей қарулы күштері Харьков қаласын атқылап, салдарынан Харьков облысындағы сәулет ескерткіші – 1887 жылы салынған бұрынғы өрт сөндіру бөлімінің ғимараты бүлінгенін хабарлады. Ол қала мен құтқарушылар үшін тарихи маңызы бар құнды ескерткіш болатын.

Министр Тілеуберді Қазақстанды "денацификациялауға" үндеген Мәскеу думасы депутатына жауап қатпайтынын айтты

Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.
Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Мәскеу қалалық дума депутатының "Қазақстанды да денацификациялау керек" деген мәлімдемесіне пікірін айтты.

"Депутаттың мәлімдемесіне байланысты Қазақстан Ресейге ресми түрде нота жібере ме?" деген сұраққа Тілеуберді министрлік тек "федералдық деңгейдегі мәлімдемелерге" ғана реакция білдіреді деді.

– Айтылған әрбір мәлімдемені жеке-жеке қарастыру керек және сол деңгейде жауап беру керек. Мысалы, бұған дейін Зюгановтың айтқанына (Ресей мемлекеттік думасының депутаты - ред.) біздің депутаттар бағасын берді. Ал мына мәлімдеме Мәскеу қалалық кеңесінің депутатынікі. Ол – федералдық деңгей емес, – деді министр Мұхтар Тілеуберді.

Оның сөзінше, Қазақстан сыртқы істер министрлігі "федералдық деңгейде айтылған мәлімдемелерге бұған дейін жауап берген".

Бірнеше күн бұрын Мәскеу қалалық думасы депутаты Сергей Савостьянов Украинадағы сияқты Қазақстанды да "денацификациялау" және "демилитаризациялауға" шақырған.

"Украинаны демилитаризациялау мен денацификациялау Украина, Ресей және тұтас Еуропаның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Процесс толымды болу үшін денацификация мен демилитаризациялау аймағына Украинадан бөлек, Балтық елдері, Польша, Молдова мен Қазақстанды да қосқан жөн болады деп ойлаймын" деп жазылған Савостьянов қол қойған құжатта. Оның жазбаша ұсынысынан ҚазТАГ агенттігі үзінді келтірген.

Ресей әскері 24 ақпанда Украинаға басып кірді. Путин Украинаны "денацификациялау" және "демилитаризациялау" мақсатында көрші елге "арнаулы әскери операция" бастағанын мәлімдеген. БҰҰ-ға мүше елдердің басым бөлігі оқиғаны Ресей басқыншылығы деп атап, Мәскеуден Украинадан әскерін әкетуін талап еткен.

БҰҰ Ресей мен Украинаны тұтқындарды қорлау іс-әрекетін тексеруге шақырды

БҰҰ-ның Украинадағы адам құқығы ахуалына мониторинг жүргізу жөніндегі миссиясының басшысы Матильда Богнер.
БҰҰ-ның Украинадағы адам құқығы ахуалына мониторинг жүргізу жөніндегі миссиясының басшысы Матильда Богнер.

БҰҰ Ресей мен Украина билік орындарын тұтқындарды қорлау оқиғаларын тексеріп, тергеу жүргізуге үндеді. Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлады.

БҰҰ-ның Украинадағы адам құқығы ахуалына мониторинг жүргізу жөніндегі миссиясының басшысы Матильда Богнер ұйым өкілдері қарсы екі тарап – Ресей мен Украина қолға түсірген тұтқындар туралы видеоларды көргенін айтты. Ондағы жайттар "алаңдаушылық туғызбай қоймайды" деген Богнердің сөзінше, қазір БҰҰ осы жазбаларды тексеріп жатыр. "Кез-келген қорлау іс-әрекеті дереу доғарылуы керек" деп мәлімдеді БҰҰ өкілі. Ол Украина мен Ресейдің халықаралық гуманитарлық құқық бойынша міндеттемелері барын еске салды.

Өткен демалыс күндері әлеуметтік желілерде "тұтқынға түскен ресейліктерді азаптап жатқан украин әскерилері" деп сипатталған, қайда, қашан түсірілгені белгісіз видеолар жарияланған. Тұтқындардан жауап алып тұрған адамдар олардың басына қап кигізіп, бірнешеуін аяғынан атады. Украина қөарулы күштері басшылығы бұл видеоларды "құрастырылған жазба" деп атады. Украина президенті кеңсесі жетекшісінің кеңесшісі Алексей Арестович сол күні Киевтің бұл мәселеге "мән беріп қарайтынын" және дереу тергеу жүргізетінін мәлімдеді.

Бұған дейін Халықаралық Қызыл крест ұйымы президенті Петер Маурер Ресей мен Украинаны тұтқындарға лайықты қарауға үндеген. Ол әскери тұтқындар мен азаматтық тұлғалар бейнеленген фото және видео материалдарды таратпауға шақырған. Дәл сондай үндеуді Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы да жасаған.

Украинада соғыс басталғалы бері қолға түскен ресейлік тұтқындардың нақты саны белгісіз. Ресей қорғаныс министрлігі тұтқынға түскендер барын мойындағанымен, олардың тіпті шамамен болсын, қанша адам екенін айтпай отыр. Бұған дейін Украина премьер-министрінің орынбасары Ирина Верещук ТСН телеарнасына берген сұхбатында Украина 562 ресейлікті тұтқындағанын мәлімдеген. Ресейдің адам құқықтары жөніндегі уәкілі Татьяна Москалькова Ресей 500-ден астам украиндық тұтқынды алмастыруға әзір деп мәлімдеген.

29 наурыз. Дәл қазірге дейін не болды? Қысқа шолып шығыңыз:

  • Украина президенті Владимир Зеленский Киев маңындағы Ирпень қаласы басқыншылардан азат етілгенін мәлімдеді.
  • Ресей мен Украина 29 наурызда Стамбұл қаласында келіссөз өткізбек. Британдық Financial Times басылымының жазуынша, егер Украина өзін бейтарап ел деп жариялайтын болса, онда Кремль Украинаға денацификация жайлы талап қоюдан бас тартуға және Украинаның Еуропа Одағы құрамына енуіне келісім беруге әзір.
  • Украина қарулы күштері бас штабы Ресей армиясының Киев маңында жаңа позицияға орнығу әрекеті сәтсіз болып жатқанын, Украина әскері Мариуполь қаласынан кетпегенін, ал Херсонда халық наразылығын басып-жаншу үшін Росгвардия қосымша күш тартып жатқанын хабаралады. Британ барлауының дерегінше, әскер күші жетпеген соң Кремль "Вагнер тобы" жеке меншік әскери компаниясының қызметіне жүгінген.
  • Ресей басқыншылығынан Украинаға 564,9 миллиард доллардың шығыны келген. Бұл туралы Украина экономика министрі Юлия Свириденко мәлімдеді.
  • Wall Street Journal басылымы мен Bellingcat зерттеу тобы Киевте белгісіз біреулер ресейлік олигарх Роман Абрамовичті уламақ болған деп хабарлады. Абрамович Владимир Зеленскиймен кездескен. Ол Зеленский, Путин және Ердоған арасында бейресми араағайын ретінде жүрген. Кейінірек Абрамович аллергия болып қалған деген басқа ақпарат тарады.
  • Мариуполь мэрі Вадим Бойченко қаланы "толық эвакуациялауға" үндеді. Оның дерегінше, соғысқа дейін 400 мың адам тұрған Мариупольде қазір кемінде 160 мың адам бар.
  • Ресейлік "Новая газета" басылымы Мәскеудің Украинадағы "арнаулы әскери операциясы" аяқталғанға дейін газет шығаруды тоқтата тұруды ұйғарғанын хабарлады.
  • "Үлкен жетілік" (G7) елдері Ресейдің батыс мемлекеттеріне сатқан газына төлемді рубльмен төлеу жайлы талабын қабылдамай тастады.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG