ВВС: Ресей сириялықтарға соғысқа қатысу үшін 6600 доллар ұсынған
Ресей сириялық әскерилерге Украинадағы соғысқа қатысу үшін айына 6600 доллар шамасында ақша ұсынған. Бұл туралы ВВС телеарнасы хабарлады.
Телеарнаға сұхбат берген сириялықтың бірі "Ресей әскері сапында соғыссам, отбасымды асыраймын" деген. Оның сөзінше, Ресей сириялық соғыста қаза тапса, отбасына 48700 доллар беретінін де айтқан.
ВВС тілшісімен сөйлескен сириялық "Ресей әскеріне қосылғысы келетін 200 адамды білемін" деген.
Украина билігі мен Сириядағы үкіметтік емес ұйымдар Сирияда Ресей әскері сапына қосылуды ойлайтындарға арналған 14 орталық жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеген.
Осыған дейін Ресей президенті Путин сириялық "еріктілерді" Украинадағы соғысқа қатыстыруға рұқсат берген еді.
Путин: Украина әскерилері Мариупольден шыққанда ғана қала қоршаудан босайды
Ресей президенті Путин Франция президенті Эммануэль Макронмен телефон арқылы сөйлескенде Ресей күштері Украина әскерилері Мариупольден толық шыққанда ғана Мариупольді қоршаудан босататынын айтқан. Бұл туралы Кремль хабарлады.
Ал Франция тарабы таратқан ресми мәлімдемеде "Ресей президенті Мариупольден бейбіт тұрғындарды эвакуациялау жағын ойластыруға келісті" деп жазды.
Мариуполь қаласы 1 наурыздан бері Ресейдің қоршауында тұр. Қаладағы 80 пайыз инфраструктура қираған. Мариуполь билігінің мәліметінше, қалада бес мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза болған.
Соғыс басталғалы Киев облысындағы Ирпень қаласында 300-дей бейбіт тұрғын, 66 әскери қаза болғаны хабарланды. Бұл туралы қала мэрә Александр Макрушин айтты.
АҚШ барлау қызметі: Путиннің кеңесшілері одан шындықты жасырады
Президент Владимир Путин Украинада Ресей әскерінің қалай соғысып, "әскери операцияның" қаншалықты "сәтті жүргізіліп" жатқанынан ішінара хабарсыз, себебі кеңесшілері шындықты одан жасырады. АҚШ барлау қызметінің дерегіне сүйенген Ақ үй әкімшілігінің өкілі Associated Press агенттігіне осылай деп мәлімдеді.
АҚШ президенті әкімшілігі өкілінің сөзінше, Путин мерзімді әскери борышын өтеп жүргендердің соғысқа алынғанын және олардың қаза болғанын білмейді. Ресей президенті осыған дейін "арнаулы операцияға" тек жалдамалы әскер ғана қатысып жатыр деп мәлімдеген. Бірақ Ресей қорғаныс министрлігі кейін Украинада мерзімді әскери борышын өтеп жүргендер де барын және олардың тұтқынға түскенін мойындаған. Қорғаныс министрлігі олардың барлығы Ресейге қайтарылды деп сендіруге тырысқан.
АҚШ шенеунігінің сөзінше, Путинге кеңесшілері сонымен бірге Батыс санкциясының Ресей экономикасына кері әсері жайлы ақпаратты толық жеткізбейді. Себебі, Путиннің төңірегіндегілер президентке "шындықты айтудан қорқады".
Дереккөздің айтуынша, Путин әскерилердің майдандағы шынайы жағдайды жасырып отырғанын сезеді және осы жағдай президент пен қарулы күштер арасындағы жағдайға салқынын тигізген.
Кремль әзірге бұл ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.
Ресей Украинаға соғыс ашқалы бері Путин жұрт алдына сирек шығатын болған. Украинадағы соғысқа байланысты бірнеше рет қана түсініктеме берген. Ресей ресми түрде Украинаны "денацификация" және "демилитаризациялаудан" бас тартқан жоқ. Десе де, келіссөзге Ресей жағынан қатысып жатқан Владимир Мединскийдің айтуынша, Украинаның НАТО-дан бас тартуы және бейтарап ел мәртебесін жариялауы Ресей талаптарының орындалғаны болып есептеледі.
Соғыс басталғалы бір айдан асты. Бірқатар "жетістіктерге" қарамастан Ресей әскері Украина армиясын тықсыра алмады жоқ және Херсоннан басқа бірде-бір облыс орталығына бақылау орната алған жоқ.
ПІКІРЛЕР