Мишель Бачелет Ресейдің Украинада бейберекет атқылағанын айыптады
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет Ресейдің Украинадағы соғыс барысында халықаралық гуманитарлық заң талабын бұзып, бейберекет атқылап жатқанын мәлімдеді. CNN Бачелеттің "бұны әскери қылмыс санауға болады" деген сөзін келтірген.
Сәрсенбі күні Женевада өткен БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі отырысында Бачелет ұйым Ресейдің 24 рет кассеталық қару қолданғаны туралы деректі тексеріп жатыр деп хабарлады. Ресей Украинадағы ауруханаларды, сумен қамтамасыз ету нысандары мен әкімшілік ғимараттарын зымыранмен және артиллериядан атқылаған деді ол.
"Азаматтық нысандардың жаппай қирап-бүлінуі және бейбіт халық арасында қаза тапқандардың көп болуы [әскери шабуыл нысанасын] ажыратудың негізгі принциптері мен сақтық шаралары сақталмағанын көрсетеді" деп мәлімдеген Бачелет.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы өкілі Украина халқы "сұмдыққа тап болғанын" айтты. "Соғыс іс-қимылдары дереу тоқтатылуы керек" деген Бачелет Ресейді "Бас ассамблея мен Адам құқықтары жөніндегі кеңестің айқын үндеуіне құлақ асып, украин жерінен әскерін дереу әкетуге" шақырған.
- БҰҰ мәліметінше, Украинадағы соғыстан мыңнан астам әскери емес азамат қаза тапқан. Бұл әлі толық дерек емес дейді ұйым. Украина билігі мерт болған адам саны бұдан әлдеқайда көп дейді. Оның есебінше, бір ғана Мариуполь қаласында бес мыңнан астам адам өлген (бұл деректі басқа көздерден анықтау мүмкін болмай отыр).
- Соғыс барысында көп тұрғын үй қираған. Әсіресе Мариуполь мен Волноваха, бұған қоса Чернигов, Харьков қалараында, Киевтің төңірегіндегі елдімекендер қатты зардап шеккен.
- Украина Ресейді Мариупольдегі азаматтық нысандарды әуеден шабуылдап, тас-талқан қылды деп айыптайды. Олардың арасында бейбіт тұрғындар жасырынған драма театры да бар. Кей мәлімет бойынша, театрды атқылау салдарынан 300-ге жуық адам мерт болған (нақты саны белгісіз).
- Ресей билігі тек әскери нысандарды нысанаға алдық деуден танбай отыр. Ресей жағы Украинаны әскери техниканы бейбіт адамдар тұратын үйлердің қасына орналастырған деп айыптайды.
31 наурыз. Қазірге дейін не болды?
- Ресей қорғаныс министрлігі Украинамен келіссөзге қатысқан ресейлік топ өкілдерінің "келіссөз процесін жеделдету үшін Мәскеу Киев пен Чернигов маңынан әскерін әкететіні" туралы айтқан сөзін бұрмалады. Қорғаныс министрлігі өкілі Игорь Конашенков "әскерді қайта топтастыру" жайлы айтылған деді.
- Украина билігі елдегі қалаларды Ресей күштері тағы да атқылап жатыр деп хабарлады.
- БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы өкілі Мишель Бачелет Ресейдің Украинада нысананы ажыратпай, бейберекет атқылауы әскери қылмыс саналатынын мәлімдеді.
- АҚШ Украинаға 500 миллион доллардың қосымша көмегін беретінін хабарлады.
- Өзін Грузиядан тәуелсізбін деп жариялап алған Оңтүстік Осетия да Украинаның шығысындағы "ЛХР" сепаратистік құрылымы тәрізді Ресейге қосылуға талпынатынын мәлімдеді.
Украина мен Ресей Қызыл крест халықаралық комитетінің көмегімен Мариуполь қаласынан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін "гуманитарлық дәліз" ашуға келісті.
Мариуполь 1 наурыздан бері Ресей әскерінің қоршауында қалған. Қала билігі Ресей әскерінің шабуылынан кемі 5 мың адам қаза болды деп мәлімдеді.
Ресей президенті Путин Украина әскері қаладан шықпайынша Мариупольді қоршаудан босатпаймыз деп отыр.
Путин әскери күшінен қатты жаңылысты – Британия барлау тобының басшысы
Ұлыбритания барлауының (GCHQ) басшысы Джереми Флеминг Ресей президенті Путин өз әскерінің күшін және Украина әскерінің әлеуетін дұрыс бағалай алмады деп мәлімдеді.
"Путин жағдайды бақылауда өте қатты қателесті. Біздің пайымдауымызша, Путиннің кеңесшілері енді шындықты айтудан қорқып отыр" деді Флеминг 30 наурызда Канберрадағы Австралия ұлттық университетіндегі мәлімдемесінде.
Ұлыбритания барлаушылар "Путин өз әскерінің мүмкіндігін асыра бағалап, Украина әскерінен күшті қарсылық, Батыс елдерінен қатаң санкция күтпеді" деп санайды.
Флеминг Ұлыбритания барлаушыларында қолында "Ресей әскерилерінің бұйрықты орындаудан бас тартып, өз техникаларын әдейі бұзып жатқаны туралы мәлімет барын" айтты.
30 наурызда AFP агенттігі АҚШ барлаушыларына сілтеп, "Путин Украинада Ресей әскерінің қалай соғысып жатқанын және "әскери операцияның" қаншалықты "сәтті жүргізіліп" жатқандығынан ішінара хабарсыз, себебі кеңесшілері шындықты одан жасырады" деп хабарлаған.
31 наурызда Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков АҚШ пен Британия барлаушыларының бұл мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.
"Бұл бізді алаңдатып отыр, демек АҚШ мемлекеттік департаменті де, Пентагон да Кремльде не болып жатқанын, шешім қалай қабылданатын механизмін, біздің жұмысымызды, президент Путинді білмейтін болып тұр ғой" деді Песков.
Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.
ПІКІРЛЕР