Ресей қоршауында қалған Мариуполь қаласынан фотолар
АҚШ Ресей мен Беларусьтің 120 ұйымына экспорттық санкция салады
АҚШ сауда министрлігі Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты Ресей мен Беларусьтің 120 ұйымына экспорттық санкция салады. Құжат АҚШ федералдық тіркеу сайтында жарияланды.
Тізімге қорғаныс, аэроғарыш және теңіз саласымен байланысты ұйымдар енген. Арасында физика-оптика өлшемдері жөніндегі Жалпыресейлік ғылыми зерттеу институты, Мосэлектронпроект, "Звезда" кеме құрастыратын зауыты, Жуковский атындағы аэрогидродинамика институты және өзге мекемелер бар.
Тізімге сонымен бірге Беларусь мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің "Альфа" бөлімшесі, Беларусь ІІМ ішкі әскері және Гомель облыстық атқару комитетінің ішкі істер басқармасы да кірген.
Құжатта бұл ұйымдар "АҚШ ұлттық қауіпсіздігі немесе сыртқы саясатының мүддесіне қайшы әрекет еткен" деп көрсетілген.
Бұған дейін Америка билігі тізімге енген ұйымдар АҚШ-тың жоғары технологиясына лицензиясыз қол жеткізе алмайтындығын айтқан. Ал олардың лицензия алу бойынша өтініштері көп жағдайда мақұлданбайды.
Жоғары лауазымды шенеунік: "Украинаның аумақтық тұтастығын қолдаймыз", "әр нәрсені өз атымен атаймыз"
Қазақстан өкілі алғаш рет Украинадағы соғысқа, Ресейге салынған санкцияға қатысты ашық ұстанымын білдірді. Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов еуропалық ақпарат желісі – Euractiv сайтына берген сұхбатында "Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын", соғысты соғыс деп атайтынын және санкция салынған тауарлардың Ресейге өтіп кетпеуіне бар күшін салатынын мәлімдеді.
Брюссельде сұхбат берген Сүлейменов Еуропаға сапарының мақсаты – "Қазақстан Ресейге АҚШ пен ЕО салған санкцияларды айналып өтудің құралы болмайтынын еуропалық әріптестерімізге дәлелдеу" екенін айтты.
"Біз Ресеймен сауданы тоқтатпаймыз, Ресейге инвестиция да саламыз, Ресейден инвестиция да тартамыз: біздің экономика үшін мұны басқаша жасаудың жолы жоқ. Бірақ біз санкция салынған тауарларды бақылауға бар күшімізді саламыз. Санкция салынған тұлғалар мен мекемелер Қазақстанға инвестиция салмауын бақылауға бар күшімізді саламыз" деді Тимур Сүлейменов.
Ресей Украинадағы соғысты "әскери операция" деп атайды, оны "соғыс" деп атағандарды қатаң жазалайды. Осыған дейін Қазақстанның ресми органдары бұл операцияға ашық баға бермей келген еді. Журналистің осы туралы сауалына жауап берген Сүлейменов "Әр нәрсені өз атымен атауда еш проблема жоқ. Ресей "соғыс" сөзіне тыйым салатын заң шығаруды ұсынды. Олар оны "арнайы әскери операция" дейді. Бірақ Қазақстанда біз оны өз атымен атаймыз" деді Сүлейменов.
Украинада соғыс басталғалы БҰҰ Бас ассамблеясы Ресейдің әрекетін айыптайтын екі бірдей қарар қабылдап, екеуінде де Қазақстан қалыс қалған. Осы туралы сауалға жауап берген Сүлейменов: "Ресей өз жағында болғанымызды қалайды. Бірақ Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейді. Біз Қырымдағы жағдайды (Украина құрамындағы Қырымның Ресей құрамына қосылуын – Ред.) да, Донбастағы жағдайды (Украинаның "ЛХР" және "ДХР" деген сепаратистік аймақтарының тәуелсіздігін – Ред.) да мойындаған жоқпыз, мойындамаймыз да, себебі оларды БҰҰ мойындаған жоқ. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде қабылданған шешімдерді ғана құрметтейміз" деп мәлімдеді.
Ресейге салынған санкциялар кесірінен Қазақстанның экспорт мүмкіндігі шектеліп қалғанына қынжылыс білдірген Сүлейменов Ресейді айналып өтетін бағыттарға басымдық беріп, "экспорт жолдарын әртараптандыру қажет" екенін айтты.
Бұған қоса, шенеунік Қазақстанды санкция салынған Ресей және Беларусь елдерімен бірге қарастырмауға шақырды.
"Өзімізді [олармен бір] себетке салғанын қаламаймыз және бұған бас тікпейміз. Сондықтан біз Еуропа одағы елдерімен және тегіс Еуроодақпен арадағы ынтымақтастықты арттырғымыз келеді. Біз – Орталық Азиядағы ең батысшыл елміз, ортақ құндылықтарымыз көп, себебі Қазақстанның 300 мың шаршы километр жері Еуропада жатыр. Қазақстанның ол бөлігі Еуроодақ елдерінің біразының аумағынан үлкен" деді Тимур Сүлейменов.
Украинада әлем мәдениеті үшін маңызды кемінде 53 нысан бүлінген не қираған. ЮНЕСКО осылай деп мәлімдеді. Ұйым тізім тағы толығатынын айтты.
"Олардың арасында 29 шіркеу, бірнеше музей және әскери ескерткіш, сонымен бірге Мариуполь мен Харьков театрлары бар. Харьков облысы мен Донецк бүлінген нысандар жағынан алғанда ең қатты зардап шеккен аумақ болып саналады" деп The Financial Times басылымы ЮНЕСКО есебінен үзінді келтірген.
ПІКІРЛЕР