Мәскеу соты Meta-ны экстремистік ұйым деп танып, Facebook пен Instagram-ға тыйым салды
Мәскеудің Тверь соты Meta корпорациясын экстремистік деп танып, оның жұмысына тыйым салды. Оған тиесілі Facebook пен Instagram әлеуметтік желілері де енді Ресейде заңсыз деп саналады, ал осы ұйымға қарайтын WhatsApp мессенджері жұмыс істей береді.
Сот шешімі бірден орындалуы тиіс.
Сот отырысында қатысқан Федералдық қауіпсіздік бюросы (ФСБ) өкілі "Meta ұйымы Ресейге және оның қарулы күштеріне қарсы жұмыс істеп жатыр" деді.
Бұдан бұрын Ресей прокуратурасы да Meta-ны экстремистік ұйым деп тауып, оның жұмысына тыйым салу керегін айтқан. Прокуратура өкілінің айтуынша, компанияның әлеуметтік желілері қоғамның пікіріне ерекше ықпал етеді.
"Meta компаниясы ресейліктерге қарсы ғадауат тілін қолдануға әдейі рұқсат берді, соның кесірінен балама шынайылық қалыптастырды, сөйтіп Ресейді қолдайтын пікірлер тұншықтырылып, өшпенділік күшейді" деді прокурор.
Украина тарабы Ресей әскерилері Харьков облысы Циркун ауылының басшысы Николай Сикаленконы тұтқынға алды деп хабарлады.
Ресей соты Meta компаниясын "экстремистік" деп танып, компанияның Facebook Instagram желілерін бұғаттауға ресми түрде шешім шығарды. Ресейде Facebook наурыздың басынан бері, Instagram 14 наурыздан бері бұғатталған.
Бір-екі сөйлеммен:
- ВВС сайтының Орыс қызметі Украинадағы соғыста қаза болған 557 ресейлік әскеридің есімін анықтады. Опат болғандар арасында 8 полковник, 9 подполковник, 20 майор, 71 кіші сержант, 448 қатардағы солдат, сержант және прапорщик бар.
- Брюссельде Украинаның Еуропа одағына мүше болу өтінішін қарау басталды. "Қолдан келгенше жылдам жұмыс істеуге тырысамыз" деді ЕО көрші елдер және одақты кеңейту ісі бойынша комиссары Оливер Вархей.
- Халықаралық шахмат федерациясы ресейлік шахматшы Сергей Карякинді алты айға жарыстардан шеттетті. Карякин Ресейдің Украинаға басып кіргенін ашық қолдаған еді.
ПІКІРЛЕР