Украина қарулы күштері 22 наурызға қараған түні Киев облысындағы Макаров қаласын Ресей әскерилерінен қайтарып алғанын мәлімдеді. Бұл қала Киевтен елу шақырымда орналақан. Ресей қорғаныс министрлігі бұл мәлімдемеге қатысты әлі ештеңе демеді.
22 наурызға қараған түні Кривой Рог қалашығы мен Житомир облысындағы екі ауыл атқылауға ұшырады. Бұл туралы жергілікті билікке сілтеме жасаған "Громадське" сайта жазды. Атқылаудан ғимараттар бүлінген, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Азаттық Украинадағы соғыстан жазбаша трансляциясын жалғастырады. 22 наурыз таңертеңгі маңызды оқиғаларды шолып шығыңыз:
- Украинаның әскери штабы "Ресей әскерінің үш күнге жететін тамағы, қаруы, жанармайы қалды" деп мәлімдеді. Зеленский де Украина әскері Ресей басқыншылығын бәсеңдетті дей келе "Ресейдің ешқандай ультиматумын қабылдамаймыз" деді.
- Зеленский тағы да Путинді кездесуге шақырып, Путинмен кездеспейінше соғыс аяқталмайды деп отыр.
- Украина бас прокуратурасы: Соғыс басталғалы кемі 117 бала қаза болып, 155 бала жараланды.
- Украина төтенше жағдай комитеті: Соғыс басталғалы 700-дей тұрғын үй қирады.
- Ресей соты Meta компаниясын "экстремист" деп таныды. Бұл компанияға тиесілі Facebook және Instagram Ресейде ресми түрде бұғатталды. Роскомнадзор ресейлік медиаға Meta, Facebook және Instagram логотиптерін көрсетуге тыйым салды.
- Украина президенті Владимир Зеленский Қырым мен Донбасс туралы Ресеймен келісім украин халқының референдумына шығарылады деп мәлімдеді.
Херсонда облыстық кеңес алдына шығып, оккупацияға қарсылық білдірген жергілікті халыққа Ресей әскері оқ атты. Жарақат алғандар бар.
ПІКІРЛЕР