Accessibility links

Львов қаласына жасалған шабуыл. 26 наурыз 2022 жыл.
Львов қаласына жасалған шабуыл. 26 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 21-27 наурыз аралығында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

15:40 26.3.2022

Украина қорғаныс министрінің кеңесшісі: Украина күштері Херсонды бүгін қайтарады

Украина күштері Ресей әскері басып алған Херсон қаласын бүгін қайтарады. Бұл жөнінде Украина қорғаныс министрінің кеңесшісі Маркиан Лубкивский BBC Radio 4 радиосына осылай деп мәлімдеді.

"Менің ойымша, қала Украина қарулы күштерінің толық бақылауына бүгін өтеді" деді ол.

"Соңғы екі күн ішінде Киев облысындағы операцияны аяқтадық, сол себепті қарулы күштердің бір бөлігі қазір елдің оңтүстігіне қарай ойысты. Олар Херсон мен өзге де қалаларды қайтаруға тырысып жатыр" деді Лубкивский.

15:31 26.3.2022

Путин Украинадағы соғысқа қатысқандарға ардагер мәртебесін беру туралы заңға қол қойды

Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысқа қатысқандарға ардагер мәртебесін беру туралы заңға қол қойды.

Әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер мен мүгедектерге заң бойынша зейнетақы, түрлі қаржылай сыйақылар беріледі, тегін протез жасалады, үйсіздеріне баспана беріледі және өзге де жеңілдіктер қарастырылған.

23 наурызда мемлекеттік дума қорғаныс министрлігі наурыздың басында ұсынған заң жобасын үш оқылымда бірден мақұлдаған. Қазір ардагерлер туралы заң азаматтық соғыстан бастап СССР мен Ресей араласқан барлық ірі әскери қақтығысқа қатысқандарды қамтиды.

14:16 26.3.2022

АҚШ қорғаныс саласына қызмет көрсететін Ресей компанияларына санкция салады

Байден әкімшілігі Ресей әскері мен барлау қызметін тауармен қамтамасыз етіп, қызмет көрсететін Ресей компанияларына санкция әзірлеп жатыр. Бұл жөнінде АҚШ-тың ресми тұлғаларына сүйенген Wall Street Journal басылымы хабарлады.

Санкцияға "Серния Инжиниринг" және "Сертал" компаниялары ілінуі мүмкін. Олар қару-жарақ және арнайы жабдықтарды өндіретін кәсіпорындармен байланысты. Басылымның жазуынша, бұған дейін екі компания "сезімтал технологияны" экспорттауға тыйым салатын, бірақ іскерлік қарым-қатынасты жалғастыра беруге болатын компаниялар тізімінде болған.

Дереккөздің айтуынша, соған қарамастан экспорттық шектеулер аталған фирмаға шетелде өндірілген компьютерлік чиптер мен өзге де қажетті компоненттерді алуды қиындатып жіберген.

Жаңа санкцияға ілінген компаниялар арасында сонымен бірге "Вектор ұлттық ғылыми орталық" АҚ, микросхема шығаратын ірі өндіруші "Микрон" АҚ, "T-Platforms" фирмасы да бар.

Ақпаратқа қарағанда, бұл компанияларға қойылған экспорттық шектеулер ұлғайып, олармен кез келген қаржы операциясын жүргізуге тыйым салынады.

Бұған қоса, программалық жабдықтау саласында өнім өндіретін iGrids компаниясына да санкция салу жағы қарастырылып жатыр.

12:57 26.3.2022

Жазушы Джоан Роулинг өзін мысалға келтірген Путинге "жауап берді"

Атақты "Гарри Поттер" романының авторы, британ жазушысы Джоан Роулинг өзін мысалға келтірген Ресей президенті Владимир Путиннің айтқанына жауап берді. Осы аптада мәдениет және өнер қайраткерлерімен кездесу кезінде Путин "жуырда ғана балалар жазушысы Джоан Роулингті де гендерлік еркіндікті жақтаушылар ұнатпай қалып, "жоққа шығарды". Ал бүгін мың жыл тарихы бар мемлекетімізді, халқымызды жоққа шығаруға тырысып жатыр" деген еді.

Джоан Роулинг Твиттер желісінде өзін мысалға келтірген Ресей президентінің сөзін сынады.

"Бейбіт халықты қарсыласқаны үшін өлтіріп, саяси оппоненттеріне у беріп, түрмеге тыққан адамның Батыс мәдениетін жоққа шығарумен айналыспағаны дұрыс деп ойлаймын" деп жазды Роулинг. Жазушы жазбасына ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың суретін де тіркеп қойған.

2020 жылы Роулинг әлеуметтік желіде әсіресолшыл белсенділер трансфобия деп бағалаған сөзі үшін сынға ұшыраған. Дау қызған шақта әлеуметтік желіде #RIPJKRowling (Джоан Роулинг, қош бол) атты хештег тараған. Жазушының жақтастары Роулингтің "мәдениетті жоққа шығару" (cancel culture) құбылысына кезіккенін айтқан.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG