Украина Ресейдің "Изюмды басып алдық" деген мәлімдемесін жоққа шығарады
Украина қарулы күштері Ресей әскері Изюм бағытында ешқандай жетістікке жеткен жоқ деп мәлімдеді. Ведомство "ресейліктер әскери шығынға ұшырап, артқа шегінді" дейді.
Бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігі Изюм қаласына бақылау орнаттық деген еді.
Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.
НАТО жиынында қандай шешімдер қабылданды?
Бүгін, 24 наурызда Брюссельде НАТО-ның шұғыл саммиті өтіп, Украинадағы соғыс талқыланды. Қабылданған шешімдерді шолып шығыңыз:
- Альянс Ресейден тез арада Украинадағы соғысты тоқтатуды талап етті.
- НАТО Болгария, Румыния, Венгрия және Словакияда халықаралық төрт әскери топ құратынын жариялады. Қазірдің өзінде альянстың Еуропада 40 мың әскериі бар.
- НАТО қорғанысқа бюджетті көбейтпек.
- Альянс Украинаға биологиялық, химиялық, ядролық қауіптен қорғанатын құралдар бермек.
- НАТО Қытайды Ресейге әскери және санкцияларды жеңілдететін көмек бермеуге шақырды.
- НАТО альянстың бас хатшысы Йенс Столтенбергтің өкілетін 2023 жылдың 30 қыркүйегіне дейін ұзартты.
Зеленский НАТО жиынында не айтты?
Украина президенті Зеленский Брюссельде өткен НАТО саммитіне видеобайланыс арқылы қатысты. Зеленский жиында айтқандарын қысқаша ұсынамыз:
- Біз – альянста емеспіз, біз – әлемдегі ең мықты қорғаныс ұйымында емеспіз, біз – бесінші бап (НАТО-ға мүше елдің біріне шабуыл жасалса, басқалары шабуылға ұшыраған елді қорғайтын жарғыны айтады – Ред.) қорғайтын 30 елдің қатарында емеспіз. Бұл – шындық. Біз Батыс пен Ресейдің ортасында бір сұр аймақта қалғандаймыз. Бірақ біз сіздермен ортақ құндылықты қорғап жатырмыз.
- Бізге НАТО-дағы ұшақтардың бір пайызын, танкілеріңіздің бір пайызын берсеңіздер болар еді. Бір пайызын! Біз оларды сатып ала алмаймыз, қару беру НАТО-ның саяси шешіміне байланысты.
- Алдағы уақытта Украинаның әскері НАТО стандарттарына сай келмейді деп айтпаңыздар. Біздің стандарттарымыз қандай екенін дәлелдедік. Еуропа мен әлемнің қауіпсіздігі үшін тағы не істеуіміз керек…
- Украина халқын Ресей бомбасы мен ракетасынан қорғау үшін 24 ақпанда Украина әуесін жабуды сұрап қайырылдым. Біз мардымды жауап ала алмадық. Украинада ракетаға қарсы мықты қаруы жоқ. Біздің авиациямыз Ресеймен салыстырғанда аз. Сондықтан Ресейдің әуедегі басымдығы – халықты жаппай жою қаруын пайдаланумен тең.
- Ресей Украинамен тоқтап қалмайтынын түсінесіздер деп сенемін. Ресей әрі қарай, НАТО-ның шығыстағы мүшелеріне, Балтық елдері мен Польшаға баруды ойлайды.
Зеленский сөзінде Украинаның НАТО-ға мүше болғысы келетіні жайлы ештеңе айтпады.
НАТО Украинаны қолдай береді, бірақ әскерін жібермейді
НАТО-ға мүше елдердің басшылары бейсенбі күні Брюссельдегі саммит кезінде Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің қауіпсіздігін нығайтуға келісті. Атап айтқанда, Солтүстікатлантикалық одаққа мүше Румыния, Болгария, Венгрия, Словакияға НАТО-ның қосымша әскери топтары жіберіледі.
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг саммиттен кейін баспасөз мәслихатында Солтүстікатлантикалық одақ Украинаға қару-жарақ және жабдықтарын жеткізіп, Киевті қолдай береді деді. Ол сонымен бірге Ресейге "химиялық қару қолданудың" зардабын ескертті.
НАТО жетекшілері қақтығысты ушықтырмас үшін Украинаға әскер жібермейтінін қайталады. Осы мақсатта Украина әуесін "жабу" туралы шешімінен бас тартпайтынын да жеткізді.
Бұған дейін Польша Украинаға бітімгер әскер жіберуді ұсынған, алайда саммитте бұл ұсыныс көп талқыланған жоқ.
"Украинаға президент Владимир Зеленский сұраған қару-жарақ беріле ме?" деген сұраққа Столтенберг "жай-жапсарын толық айта алмайтынын" жеткізді.
НАТО басшылары мәлімдемеде Ресейдің басқыншылығын айыптап, Мәскеуді Украина аумағынан әскерін алып кетуге шақырған.
"Украиналықтар Ресейдің қатігез басқыншылығына ерлікпен төтеп беріп, әлемді таңғалдырды" деп жазылған мәлімдемеде. Онда сонымен бірге Украинада жасалуы ықтимал әскери қылмыс туралы да айтылған.
"Президент Путиннің Украинаға шабуыл жасау туралы шешімі – салдары ауыр стратегиялық қателік. Ресей халқы да зардабын тартады" деді НАТО басшылары.
Украинадағы қарулы қақтығысқа байланысты осыған дейін Столтенбергтің НАТО бас хатшысы ретінде өкілеті бір жылға ұзарып, 2023 жылдың күзіне дейін осы қызметте қалатыны белгілі болған.
ПІКІРЛЕР