Санаулы минутта Ресей мен Украина арасындағы тағы бір келіссөз өтеді
Бұл туралы Украинаның Ресеймен келіссөзіндегі делегациясының тұрақты мүшесі Михаил Подоляк хабарлады. Келіссөз видео форматында жүреді.
Кейінгі күндері Подоляк пен Ресей делегациясының мүшесі Леонид Слуцкий Ресей мен Украинаға мәмілеге келуге жақындап қалды деп мәлімдеп келеді.
Германия канцлері Анкарада Түркия президентімен кездеседі
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған дүйсенбі, 14 наурыз күні Анкарада Германия Канцлері Олаф Шольцпен кездесіп, келіссөз жүргізеді. Бұл туралы Түркия президентінің әкімшілігі хабарлады. Екі ел де Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырып келеді.
НАТО-ға мүше Түркия Ресеймен құрлықта да, Қара теңіз арқылы суда да шектеседі. Екі ел арасында сауда қатынасы да жолға қойылған. Анкара Ресейдің басқыншылық соғысын сынап, Украинаға қолдау білдірген, бірақ Мәскеуге қарсы санкцияларға қарсылық танытқан. Сөйте отырып, араағайындық қызметін ұсынған.
Украина билігі Түркия және Израиль елдерімен бітімгерлік ісі бойынша сөйлесіп жатқанын айтқан. 10 наурыз күні Анкарада Украина мен Ресей сыртқы істер министрлері Дмитрий Кулеба мен Сергей Лавров кездескен.
Ұлыбритания Украинаға электр энергиясын өндіретін генераторлар берді
Ұлыбритания Украинаға 500-ден астам тасымалдауға жеңіл генератор берді. Бұл туралы дүйсенбі, 14 наурызда Ұлыбританияның бизнес, энергетика және өнеркәсіп стратегиясы жөніндегі мемлекеттік хатшысы Кваси Квартенг хабарлады.
Хатшының сөзінше, Украинаға берілетін генераторлар 20 мың үйді жарықпен қамтамасыз ете алады.
БҰҰ: Соғыс басталғалы Украинадан 2,6 миллион босқын шетелге кетті
Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар жөніндегі жоғарғы комиссары Филиппо Гранди Ресей Украинаға басып кіргелі Украинадан 2 698 280 босқын қашқанын мәлімдеді.
Сенбі, 12 наурыздан 13 наурызға қараған күні елден 100 700 адам кеткен.
Грандидің айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыстан бері Еуропада мұншалық көп босқын шетелге қашпаған.
Соғыс басталғанға дейін Украинада Киев бақылауындағы аумақта 37 миллион адам тұрған. Бұл есепке ресейшіл сепаратистер бақылауындағы жікшіл аймақтар және Ресей аннексиялаған Қырым халқы кірмейді.
Шетелге қашқан украиналық босқындардың жартысынан астамы Польшаға барған. Польша шекара қызметінің есебінше, Украинадан келген 1 675 мың адам тіркелген. Польшадан Украинаға өтіп жатқандар да бар. Ондаған мың адам өткен. Бірі соғысқа қатысу үшін, бірі қалып қойған туыстарына көмектесу үшін барған.
Соғысқа дейін Польшада Украинаның 1,5 миллион азаматы тұрған.
12 наурыздағы мәлімет бойынша, Венгрияға 246 206 украин өткен. Ал Словакия Украинадан 195 980 босқын қабылдаған.
Ресейден пана іздегені де бар. 10 наурыздағы ақпарат бойынша, Ресейге 106 мың адам барған.
Украиндар сондай-ақ Молдоваға, Румынияға және Еуропаның өзге де елдеріне барып жатыр.
ПІКІРЛЕР