Мариупольдегі перзентханаға әуе шабуылынан зардап шеккен мына жүкті әйел мен оның жатырдағы баласы көз жұмды. Бұл туралы "Америка дауысының" журналисі Ася Долина хабарлады.
"Мариупольдегі перзентхана мен балалар ауруханаға жасалған бомбалаудан кейін құтқарылған жүкті әйел қайтыс болды. Оны перзентханадан шығарған сәттің фотосы мен видеосы тарап кеткен еді. Жүкті әйелдің баласы да шетінеді" деп жазды журналист.
Әйелдің фотосын түсірген фотограф Евгений Малолетка да бұл ақпаратты растады. Ал Associated Press агенттігі жергілікті хирург Тимур Маринге сілтеме жасап, әйелдің көз жұмғанын хабарлады.
Украина мен Ресей арасындағы келіссөздің төртінші раундты осылай видеоформатта өтіп жатыр. Бұл фотоны Украина президенті кеңсесі басшының кеңесшісі Михаил Подоляк жариялады.
"Коммуникация өте ауыр болса да жүріп жатыр. Себебі екі тараптың саяси жүйесі әртүрлі. Украина – қоғамдағы ашық диалог пен консенсус табу. Ал Ресей – өз қоғамын ультиматуммен басып тастау" деп жазды Подоляк.
Украина тарабы келіссөзде әскер шығару және соғысты тоқтатуды талап етіп отыр.
"ДХР" өкілдері Донецк қаласының орталығына шабуыл жасалды деп мәлімдеді. Ресейлік ТАСС агенттігі «қала үстінен Ураина қарулы күштерінің "Точка-У" ракетасы атып түсірілгенін, құлаған сынықтардан адамдар қаза болғанын жазды.
Донецк мэрі Алексей Кулемзин РИА Новости агенттігіне 20-дан аса адам қаза болғанын, 13 адам жараланғанын айтты. Оның сөзінше, мерт болғандардың арасында бала да бар.
Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.
14 наурыз күні Украинада 9 гуманитарлық дәліз жұмыс істеуі керек. Оның үшеуі Луганск облысында, алтауы Киев облысында.
Сонымен қатар, Украина билігі құрсаудағы Мариуполь қаласына 100 тонна жүгі бар гуманитарлық жасақ бүгін жетіп қалады деп үміттеніп отыр.
ПІКІРЛЕР