Ресей мен Украина арасында келіссөздің төртінші раунды аяқталды. Украина тарабының мәліметінше, екі тарап техникалық үзіліс алған.
Келіссөздің төртінші раунды видеоформатта өткен. Украина Ресейден әскерін шығаруды және атысты тоқтатуды талап етіп отыр.
БҰҰ есебінше, 24 ақпаннан бері Украинада 630 бейбіт тұрғын қаза болып, 1125 адам жараланған. БҰҰ Украинадағы соғыста опат болған бейбіт тұрғындар бұдан да көп дейді. Бұған дейін Мариуполь әкімдігі соғыстан екі мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапты деген.
Мариупольде тұрғындарды эвакуациялау басталды
Ресей басқыншылығынан қатты зардап шеккен Мариуполь қаласынан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін "жасыл дәліз" ашылғаны хабарланды. Бұл ақпаратты Мариуполь мэрінің кеңесшісі Петр Андрющенко айтты. Оның сөзінше, "жасыл дәліз" арқылы қаладан кемі 50 көлік шығып кеткен.
"Қазір елуден астам көлік Бердянскіден өтіп, Запорожьеге қарай кетіп барады. Блок-постардан өту қиындық туғызып жатқан жоқ" деп жазды ол.
Мариуполь бір жарым аптадан бері Ресей әскерінің қоршауынга қалып, қалада үздіксіз атыс жүрген. Мариуполь әкімшілігі қалада кемі 2 мың адам қаза тапқанын айтқан.
Украина мен Ресей қорғаныс министрлерінің 14 наурыздағы мәлімдемелері:
Украина қорғаныс министрлігінің мәліметі
- Украина Ресей 12 мың әскериін жоғалтты дейді.
- 389 танкісі жойылды;
- 1249 бронетехника;
- 64 реактивті ату жүйесі орнатылған әскери көлік;
- 34 әуе шабуылына қарсы қондырғы;
- 77 ұшақ;
- 90 тікұшақ;
- 617 әскери көлік;
- 3 кеме мен катер;
- 60 цистерна;
- 8 әскери дрон жойылды.
Ал Ресей қорғаныс министрлігі 24 ақпаннан бері Украинаның 3920 әскери объектісін жойғанын, 13 наурызда Украинаның үш әскери дронын құртқанын, бір күнде Ресей әскерилері Украина аумағында 11 км алға жылжығанын хабарлады.
Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.
ПІКІРЛЕР