Пентагон "Ресей күштері тығырыққа тірелді" дейді.
Пентагонның мәліметінше, 24 ақпаннан бері Ресей Украинада әртүрлі 900 ракета атқылаған. АҚШ кейінгі күндері Ресейдің ракета шабуылдары белгілі бір нысанаға емес, жөн-жосықсыз жасалып жатыр деп мәлімдеді.
АҚШ қорғаныс министрлігі кейінгі бірнеше күнде Ресей күштері айтарлықтай прогресске жете алмады, "тығырыққа тірелді" деп отыр. Пентагон Украина әскерилері Ресейдің бронетехникаларына, ұшақтарына, логистикасына "тиімді шабуыл жасай алды" дейді.
14 наурызда Киевтегі тоғыз қабатты тұрғын үйге шабуыл жасалып, үй отқа оранды. Украина төтенше жағдай комитеті, үйге шабуылдан бір адам қаза тауып, үш адам ауруханаға жатқызылды. Киев үйді Ресей әскерилері атқылады дейді. Кремль Украинада тек әскери инфраструктураны жойып жатырмыз десе де, үш аптадан бері Украинада көптеген тұрғын үй қирады. Мына суреттерден Киевтегі тұрғын үйдін қалай қирағанын көруге болады.
Бір-екі сөйлеммен:
- Украина президенті кеңсесі жетекшісінің кеңесшісі Алексей Арестовичтің сөзінше, Киев пен Мәскеу "бір-екі аптаның ішінде, ұзағанда мамырда келісімге келуі мүмкін".
- Киевте бірнеше көп қабатты үй ракета шабуылынан бүлінді.
- Қоршаудағы Мариуполь қаласында, жергілікті биліктің есебінше, 2357 адам қаза болды.
- АҚШ, Еуропа одағы, Жапония Ресейге санкцияны күшейтті. Ұлыбритания да жаңа санкциялар пакетін жарияламақ.
- Украина президенті Владимир Зеленский салық реформасын жариялады. Халық енді тапқан табысынан тек 2 пайыз ғана салық аударады, шағын бизнес салықты ерікті түрде төлейді.
- Бүгін Киевке Польша, Чехия және Словения премьер-министрлері келіп, президент Зеленскиймен кездеседі.
Украина әскери күштерінің бас штабы: Соғыс басталғалы Ресей 13,5 мың әскериі (қаза болғандар мен жараланғандар) қатардан шығып қалды, 400 танкісінен, 81 ұшағынан, 95 тікұшағынан айырылды.
Ресей наурыздың басында 498 әскериінен айырылғанын айтқан еді. Одан кейін әскери шығыны жайлы хабар таратпады.
Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес
ПІКІРЛЕР