БҰҰ Халықаралық соты Ресейден Украинадағы соғысты тоқтатуды талап етті
БҰҰ Халықаралық соты 16 наурызда Ресей билігі Украинадағы соғысты тоқтатуы тиіс деген қаулы шығарды. Сот сонымен бірге Ресей мен Киевтен қақтығысты ушықтыруы мүмкін қадамдарға бармауды талап етті.
"БҰҰ Халықаралық сотында Украина толық жеңіске жетті. Сот Ресейді Украинаға басқыншылығын дереу тоқтатуға міндеттеді. Халықаралық құқық бойынша Ресей сот қаулысын орындауға міндетті. Шешімді орындамау Ресейдің одан әрі оқшаулануына апарады" деп жазды Украина президенті Владимир Зеленский Туиттердегі парақшасында.
Украина 27 ақпанда Гаагадағы БҰҰ Халықаралық сотына Ресейдің үстінен шағым түсірген. Киев шағымы бойынша сот отырысы 7-8 наурызда өткен.
Кремль Украинаға ашқан соғысын "әскери операция" деп атайды. Ресейде "соғыс" сөзін қолданғандар жауапқа тартылады.
Ресей әскері Украина аумағына президент Владимир Путиннің бұйрығымен 24 ақпанда басып кірді. БҰҰ мәліметінше, осы уақытқа дейін үш миллионға жуық украин босып кеткен.
АҚШ Украинаға әуе соққысы мен танктердің шабуылынан қорғайтын техника жібереді
АҚШ президенті Джо Байден Украинаға қосымша қару-жарақ жіберетінін мәлімдеді.
Ақпаратқа қарағанда, Вашингтон Киевке әуе қорғанысын қамтамасыз ететін Stinger зенит-зымыран жүйесінің 800 данасын, 2 мың Javelin, танкілерге қарсы 7 мың техника, 100 әскери дрон, 100 граната атқыш, 5 мың винтовка, 400 пулемет және өзге де қару-жарақ түрлерін жібереді.
"Бұл ұзақ әрі күрделі шайқас болуы мүмкін. Бірақ Путиннің бейбіт халыққа жасаған әділетсіз шабуылына ұшыраған Украина халқын Америка қолдайды" деді Байден.
Оның сөзіне қарағанда, мұның бәрі АҚШ-тың Украинаға соңғы үлгідегі қару-жарақ жіберу ниетінен айнымайтындығының дәлелі.
"Мұны біз ғана жасап отырған жоқпыз. Біздің одақтастар мен әріптестер Украинаға қауіпсіздік саласында қол ұшын беріп жатыр. Біз әрі қарай да тасымалдай береміз" деді Байден.
16 наурызда сәл ертерек Украина басшысы Владимир Зеленский АҚШ Конгресінің қос палатасында видеомәлімдеме жасаған. Оның айтуынша, Киев Ресей әскерінің шабуылынан көз ашпай келеді. Бірақ украин халқы берілмейді және қасық қаны қалғанша күреседі. Зеленскийдің айтуынша, украиналықтар Ресей басқыншылығына 24 ақпан емес, 2014 жылы Мәскеу Қырымды аннексиялап алған кезеңнен бері төтеп беріп жатыр.
БҰҰ Халықаралық соты 16 наурызда Ресей Украинадағы соғысты дереу тоқтатуы тиіс деген шешім шығарған. Сот сонымен бірге Ресей мен Киев жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін қадамдардан қашуы тиіс деген.
Джо Байден Путинді "әскери қылмыскер" деп атады
Сәрсенбі күні журналистердің сұрақтарына жауап берген АҚШ президенті Джо Байден Ресей басшысы Владимир Путинді "әскери қылмыскер" санайтынын айтты. Reuters агенттігінің жазуынша, Ресейдің Украинаға басқыншылығы тұсында Байден алғаш рет Путинге қатысты осындай тіркесті пайдаланып отыр.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псакидің түсіндіруінше, Байден теледидардан "шет мемлекетті басып алмақ болған қатыгез диктатордың варварлық әрекетін" көргеннен кейін "шын жүрекпен айтқан болуы" мүмкін. Ресей көптеген айғақтарға қарамастан Украинадағы азаматтық нысандар мен бейбіт тұрғындарға шабуыл жасағанын мойындамай келеді.
Сәрсенбі күні Байденнің сөзіне реакция білдірген Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "мемлекет басшысының мұндай тіркесті қолдануына жол беруге болмайды" деген.
Былтыр көктемде "Путинді "қанішер" деп санайсыз ба?" деген журналист сұрағына АҚШ президенті Джо Байден "иә" деп жауап берген еді. Ал Байденнің сөзіне қатысты пікір айтқан Путин "Біреуді даттаған адамның өзі сондай" деп мәлімдеген.
Украиндағы соғыста 16 наурызда не болды? Қысқа-нұсқа шолып шығыңыз:
- Financial Times дереккөздеріне сілтеме жасап, "Украина мен Ресей келіссөзінде айтарлықтай алға жылжу бар" деп хабарлады. Келіссөздің жалпы мағынасы мынандай: Украина НАТО-ға мүше болу жоспарынан бас тартады және өз аумағында шетелдік әскери база орнатпайды. Ал Ресей Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік береді; АҚШ, Ұлыбринатия және Түркия Украинаның қауіпсіздігіне гарант болады.
- Мариуполь қаласы мэрінің орынбасары Сергей Орлов Ресей әскерилері қаладағы театрға шабуыл жасады деп мәлімдеді. Орловтың сөзінше, театр ғимаратында шамамен 1200 адам бомбалаудан бас сауғалап отырған. Ресей қорғаныс министрлігі шабуыл жасаған жоқпыз деді
- Киев, Харьков, Запорожье және Одесса түбінде түнде және таңертең жарылыстар болды.
- Украина қарулы күштерінің бас штабы Ресей соғысқа жұмылдырған әскери күшінің 40 пайызынан айырылды деп мәлімдеді.
- Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль соғыстан кейін Украинаны қалпына келтіруге Ресейдің репарациясы (бір елдің екінші елге соғыс зиянын толық я жартылай өтеп беру) да қажет болады деді.
- Украина тарабы соғыстан соң жарылмай қалған миналарды тазартуға бірнеше жыл кетеді деп мәлімдеді.
- Ресей қоршауындағы Мариуполь қаласынан 15 наурызда 20 мың адам эвакуацияланғаны хабарланды. Қала басшылығы Ресей әскерилері облыстық ауруханада 400 дәрігер мен науқасты "кепілде ұстап отыр" дейді. Мариупольде 2 мыңнан аса адам қаза тапқаны да айтылды.
- БҰҰ Халықаралық соты "Ресей билігі арнайы операциясын тоқтатуы тиіс" деген қаулы шығарды.
- Украина президенті Зеленский АҚШ Конгресінде сөз сөйлеп, Вашингтонды Ресей соғысты қаржыландыра алмас үшін санкцияны күшейтуге шақырды. Ол Украинаның аспанын "жабуды" я еліне авиация мен зениттік ракета жүйелерін беруді де сұрады.
- Зеленский әр күні таңертең 9:00-де соғыста қаза болғандарды еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жариялау туралы жарлыққа қол қойды.
- Путиннің мәлімдемесінен: "арнайы операция" жоспар бойынша жүріп жатыр, Ресейдің Украинаны оккупациялау жоспары жоқ, Батыс Украинаны қантөгісті жалғастыруға итермелеп отыр, Еуропада орыстарға шүйлігіп жатыр.
ПІКІРЛЕР